ПОДЕЛИТЬСЯ
09 қазан 2019 | 17:11
Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы қызметінен кетеді
Әнуар Жанғозин Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әнуар Жанғозин Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Құрметті Елорда тұрғындары! Бүгін қаламызда білім басқармасының жетекшісі ретінде жасаған қызметім өз мәресіне жетіп отыр. 3 жыл ішінде күрделі де мазмұнды жұмыстар атқарылды. Елімізде алғаш енгізіліп жатқан жобалар, азаматтарға қатысты түрлі мәселелерді шешу, өз ісінің кәсіби мамандарымен жұмыс жасау мені бақытқа бөледі", - деді Әнуар Жанғозин.
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Жанғозин басқа жұмысқа ауысуына байланысты кетіп жатқанын айтты. Оның келесі қызметі де білім саласына қатысты болады екен.
Білім басқармасының басшысы жүзеге асқан жобалардың нәтижесімен бөлісті.
1. Мектепке дейінгі мекемелер саны 263-тен 369-ға артса, жекеменшік балабақша санының екі есе ұлғаюына байланысты 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақшаға қабылдануы 70,6 пайыздан 94 пайызға көтерілді. Мемлекеттік тапсырыс 20 пайызға (23 000-нан 27 931-ға) артты. Бюджеттік қаражатты тиімді және айқын бөлу, сонымен қатар балабақшадағы заңсыз бос орындардың алдын алу мақсатында электронды табельдеу жүйесі енгізілді. Өз кезегінде енгізілген жүйе 4 ай ішінде 200 млн. теңгені үнемдеуге септігін тигізді.
2. Елімізде алғаш жекеменшік мектептерді құрылысы бойынша инвестициялық келісім-шарттарға қол қойылды. Road Show аймақтық білім беру жұмысы аясында БАӘ және Сингапур сынды елдердің жеке инвесторларымен кездесіп, бүгінде түрлі деңгейдегі 18 жекеменшік мектеп құрылысы жүргізіліп, $150 млн. шамасында инвестицияларды қамтып отыр. Мемлекеттік мектептер салумен бірге бұл алдағы 2-3 жылда үш ауысымдық оқыту мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
3. Елорданың жалпы білім беру мектептері елімізде алғаш рет жан басына қаржыландыру жобасына қатысып, нәтижесінде бүгінгі таңда әр оқушыға 152 000-нан 187 000 теңгеге дейін қаржы бөліну ұлғайтылды, бұл 20 пайызға көтерілгенін көрсетеді. Өз кезегінде осы жоба аясында директорларға шығындарды нақты жоспарлауға, мектепті шаруашылық заттармен ғана емес, оқу жиһаздарымен жабдықтау, гидропоника, STEM, виртуалды шындық секілді лабораторияларын ашуға мүмкіндік берді.
4. Мектептегі тамақтандыру бойынша толық мониторинг жүргізіліп, 65 пайыз мектеп тауар жеткізушілермен келісімді тоқтатты. Ас мәзірі толықтай қайта қарастырылып, қызметтерді сатып алу орталықтандырылды. Ашықтық және қолайлылық үшін бейне бақылау мен электронды төлемдер іске қосылды.
5. Қала үшін 10 негізгі басымдықтар: білім беру, денсаулық сақтау, IT, туризм, сауда, құрылыс және т.б. бағыттарды айқындау үшін колледждерді профильдеу жұмысы жүзеге асырылды. Аталмыш істер аясында біз елімізде тұңғыш рет BIM инженерлері мамандарын даярлап, газдандыру, логистика, ет өнімдерін өндіру секілді жаңа мамандықтар ашылды.
6. Алғаш рет инклюзивті және коррекциялық біліммен қамтамасыз ету көрсеткіші 86 пайызға жетті, оның ішінде мектептерде ашылған 13 ресурстық кабинеттің үлесі де бар. Ата-аналармен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде жекеменшік балабақшадағы арнайы топтарға мемлекеттік тапсырыс орналастырып, мектеп жасына дейінгі балаларды арнайы біліммен қамтуды 20 пайызға арттырдық.
7. Қосымша білім беру филиалдар желісі екі есеге, яғни 72-ден 143-ке дейін ұлғайды. Қала маңындағы мектептерде оқушыларды түрлі бағытта жұмыс жасайтын тегін үйірмелермен қамтамасыз ету үшін алғаш рет Community орталықтары ашылды. Қазірде мұндай 4 орталық 5000 балаға арнайы жұмыс жасауда.
8. Елімізде алғаш рет балалар үйі мен кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы біріктіріліп, жаңа қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықта балалардың жайлы өмір сүруіне ғана емес, сонымен бірге олардың тұлғалық дамуына да барлық жағдай жасалған. Орталықта қаладағы ең ауқымды STEM лабораториясы мен түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс жасауда. Орталық сонымен бірге жетімдікті болдырмау мақсатында отбасыларға көмек көрсетеді.
9. 10 000-нан аса педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, оның ішінде шет елдер мен Назарбаев университеті негізінде өткен шараларды ерекше атап өтуге болады. Инновация бойынша 56 жоба және 96 эксперименталды алаң жұмыс жасауда. Cambridge университетімен, International Baccalaureate, World Association of Lesson Studies және т.б. Халықаралық бірлескен жобалар бастама алып, бүгінгі таңда сәтті жүзеге асырылып жатыр.
10. Білім беру саласының барлық деңгейінде цифрландыру процесі қолға алынуда. Білім беру мекемелерінде мұғалімдердің портфолиосы мен оқулықтардың базасы электронды жұмыс жасауда. Мұның бәрі жемқорлыққа қарсы күрес қана емес, үнемдеудің бір жолы ретінде оң нәтижесін беруде. Мысалы, бірыңғай бұлтты бухгалтерия есебінен 300 млн. теңге үнемделді.
"Әрине, мұның барлығы әріптестердің, белсенді ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қалалық қоғам мүшелерінің қолдауы арқасында жүзеге асқан жұмыстардың бөлігі ғана.Мен барша аянбай еңбек еткен жандарға алғыс айтамын. Алдағы уақытта жаңа және тың жобаларды жүзеге асыру барысында Сіздерді міндетті түрде хабардар етіп отыратын боламын", - деп түйіндеді ол. \
Әнуар Жанғозин 1986 жылы 26 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген.
Показать комментарии
Читайте также