1. Басты
  2. Біл
  3. Өмір
  4. Шоу-бизнес

"Ене болған бір қызық екен". Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева келін түсірді

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева келін түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

aidyn_nury Instagram-парақшасынан

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева келін түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Айнұр Тұрсынбаеваның ұлы Беглан келін әкеліп, бұл қуанышты жаңалықты әншінің өзі Желідегі парақшасында айтып, суреттерін жариялады.

aidyn_nury Instagram-парақшасынан 

Әнші оқырмандарынан сүйінші сұрап, "екі қолды жылы суға малатын кез жеткенін" айтты.

"Қатты толқып отырмын! Бұл қуанышты бөліспеудің өзі кінә сияқты! Көзімнің ағы мен қарасы, ұлым Бегланым шаңырағымызға келін әкеп жатыр. Ұлымның кішкентай кезінде "қашан өседі?" деп, ержеткенін күтіп, асығатын едім. Келін түсіру деген алыстағы армандай көрінетін. Сөйтсем, уақыттан жүйрік ештеңе жоқ екен ғой. Міне, бүгін келінді болдым. Аппақ келіннің басына ақ орамал тағып, отқа май салғыздық. Әжелеріміз айтпақшы, енді екі қолымды жылы суға салып отыратын сәтке де жеттім. Зымыраған өмір-ай… Сәби болып құшағымда отырғаның кеше ғана сияқты еді. Ержетіп кеткеніңді байқамай да қалыппын-ау. Бақытты болыңдар! Менің қуанышым сіздерге де жұғысты болсын!", - деді ол.

Айтыста Балғынбек Имашев Айнұрды "кобраға" теңейтіні көпке аян. Бұл жолы айтыскер ақын құрбысының байқамай "ене" емес, "кене" деп жазып жібергенін айтып, әзілдеді.

"Ене болған бір қызық екен, иә.. Кеше құрбым "Кене болғаның құтты болсын!" деп жазып жіберіпті... Сөйтсем,  Т9 дейді... "Е"-нің дәл жанында "К" тұр екен ғой деп ақталады...

Тойға шақырмадың деп ренжіп жатқандар да бар.. Бұл жәй ғана неке қиюға арналған дастарқан ғой... Той енді болады... Айтпақшы, келінімді өзіме ұқсатып жатқандар көп екен. Ұқсай ма екен, шынымен?", - деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Желі қолданушылары келіні оның өзіне де, баласына да ұқсайтынын жарыса жазды. Тіпті "атағы" көбейгеніне әзілдегендер де болды:

Кене, кобра "атағыңыз" көбейді ме?

Екі жас бақытты болсын! Баянды бақ тілейміз.

Келінің балаңнан аумайды екен, ағалы-қарындас сияқты.

Ренжімеңіз, келініңіз ұлыңыздан аумайды, бір туғандай екеуі.

Екі жас бақытты болсын! Баянды бақ тілейміз.

Танымал өнер адамдарының ішінде Айнұр Тұрсынбаеваның қуанышын бөлісіп, естелік-жазба жариялағандар да бар.

"Айкемооооу, қуанышың құтты болсын, ботам! Естігелі есіміз шығып, "мәссағааан есейдік пе не, ене болатын шаққа да келіппіз ғой" деп, қыздармен шулап жатырмыз. Іштей былай дайын сияқты болғанмен, Бекош бастап кеткенде аздап шок болып қалдық, шын.

Көз алдымызда өскен кешегі құлыншақтардың алды үйленіп бастап жатыр. Кеше ғана құлдыраңдап жүгіріп жүрген кіп-кішкентай балапандар келін түсіріп жатыр. 

Балаларымыз тете. Теңдей жүріп, тел өсті. Бeкошымыз кешегі "Қақат тәте, Қақат тәте" деп жүрген, жаным-ау ! Сен де бір баламсың ғой, бағың еселене берсін🤲🏼 Өз балама тілейтін тілектің бәрін тіледім😘

Айкем үшін елеулі, күтулі жаңалық бұл. Ол өзі бірдеңені "болайын деп жатыр" деп дабыра жасап, байбалам да салмайды. Күні кеше чатта айтып еді, бүгін міне, "неке қиды" дегенді естідік. Келінің өзіңе адал, жан-жарына қайырлы болсын. Жүзі жылы, түсі де игі бала екен, бет-әлпеті де ұқсап кете ме өзіңе. Жастар бақытты болсын!

Келін ене топырағынан дейді. Балаңның бұрыннан сөйлесіп, сөз байласып жүргені екен. Өзіңдей айналасына адал, кең, "болсын" деп тұратын, нұр шашып тұратын жаны жылы жайсаң жан бола берсін!" - деді белгілі әнші Қарақат Әбілдина Instagram-парақшасында.

Қазақта келін неге үш жылдан соң ғана төркіндетіп барған?

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!