ПОДЕЛИТЬСЯ
02 маусым 2022 | 14:19
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жазаны қатаңдату ұсынылды
Сенаторлар мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу жөніндегі талаптарға "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерттеріндегі оқиғадан кейін халықтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау және құрметтеу туралы ережелер енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Сенаторлар мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу жөніндегі талаптарға "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерттеріндегі оқиғадан кейін халықтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау және құрметтеу туралы ережелер енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенатор Нұртөре Жүсіп премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауалын жолдады.
"Жақында Алматыдағы Спорт сарайында өте жағымсыз оқиға болды: "ИК" тобы мен Shiza-ның концертінде өте өрескел әрекеттердің куәсі болдық. Олар Қазақстанның Туын мазақ етті, әншілер тарапынан әдепсіз, қорлайтын сөздер айтылды. Ол бірден кешірім сұрап, айыппұл төлегені белгілі болды. Бәріміз бірге Жаңа Қазақстан құруға ниеттіміз. Жаңа Қазақстанның басты талаптары - заң үстемдігі. Заң барлығына бірдей. Жай ғана кешірім сұрау жауапкершіліктен құтылып кету дегенді білдіреді", - деді депутат Палата отырысында.
Сенатор өз сауалында Бас прокуратура мен ІІМ тарапынан бағалап, "дәл осы жағдайда" жауапкершілік қарастыруды ұсынды.
"МСМ және Алматы әкімдігі жауапты ма? Олар неліктен үндемейді? Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Концертті кім ұйымдастырды? Қалтасында үлкен ақшасы бар адамдар ма? Оларға осындай мөлшерде айыппұл төлеу айтарлықтай шығын емес. ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша әртістердің көпшілік алдында әдепсіз сөздері ұсақ бұзақылыққа жатады. Бұл үшін 5 АЕК айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. 440-бап бойынша ішімдікті көпшілік алдында ішкені және есірткіні пайдаланғаны, көпшілік алдына осылай келгені үшін жауапкершілік көзделеді. Еліміздің заңында шығармашылық еркіндікке кепілдік берілген. Бостандықты ақылсыздықпен шатастыруға болмайды. Ар-ождан мен ұят ұлттық құндылықтардың өзегі болуы тиіс", - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор көптеген елде концерт өткізу заңдары бар екенін, бүкіл ел алдында орындалатын шығармалардың мазмұны мен мәтіні осы елдің идеологиясына сәйкес келе ме, жоқ па, орындаушының жеке беделі қандай екеніне тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, бағыт, репертуар мәселелері, концерттің қауіпсіздік шарттары қатаң қадағаланатынын айтты.
Депутат заңның мемлекеттік рәміздерді қорлау жөніндегі баптарын барынша қатаңдатуды, айыппұлдың белгіленген мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды.
"Мәдениет туралы" заңға жекелеген шығармашылық өкілдерінің, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптар енгізілсін, әншілерді әдепсіз сөздері, халықты құрметтемегені, есірткі мен ішімдіктерді қолданғаны үшін сахнадан бес жылға дейін шеттетсін. Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және өңірлік көркемдік кеңестер құрылсын. Бұқаралық-мәдени іс-шараларды өткізу талабына халықтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау және құрметтеу ережелерін енгізіп, осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдардың қызметін бес жылға дейін шектесін", - деп ұсынды Нұртөре Жүсіп.
Айта кетейік, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өткен болатын. Кейінірек Желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынады. Әншілер сахнада боғауыз сөз де айтып кеткен. Ал әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның Туын адамдарға лақтырып жіберген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также