08 қазан 2021 11:24

"Әлемді оқымыстылар басқарады!" Генетик-ғалым білімді бала тәрбиелеп шығару жолын айтты

Биотехнология саласындағы кәсіпкер, диагностикалық тест жүйесін дамытуға арналған ARLAN BIOTECH стартап-компаниясының негізін қалаған Болат Сұлтанқұлов ғылымда және кез келген басқа қызметте табысқа жету үшін не керегін айтты. Tengrinews.kz ғалым туралы "Білімді ұрпақ" жобасы аясында баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Биотехнология саласындағы кәсіпкер, диагностикалық тест жүйесін дамытуға арналған ARLAN BIOTECH стартап-компаниясының негізін қалаған Болат Сұлтанқұлов ғылымда және кез келген басқа қызметте табысқа жету үшін не керегін айтты. Tengrinews.kz ғалым туралы "Білімді ұрпақ" жобасы аясында баяндайды.

Болат Сұлтанқұлов - "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Ноттингем университетін "генетика ғылымдарының бакалавры" дәрежесімен бітірген. Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің PhD-докторантурасының түлегі. Оның қазір бірнеше компаниясы бар. Бағыттарының бірі - бұл жасуша терапиясы, онда науқастардың дербес жасушаларын қолдану арқылы тыртықтарды емдеуге және адам жасартуға арналған әдістер жасалады. Екінші бағыт - КВИ-ді анықтау үшін экспресс-тест жүйелерін жасау. 2017 жылы әріптестерімен бірге ол сіңірген еңбегі үшін "Ғылым көшбасшысы-2017" атағын алды.

Генетиктің айтуынша, нағыз білімді ұрпақ өсіру үшін бірнеше фактор жиынтығы қажет. "Біріншіден, бұл - білім. Мен - "Болашақ" бағдарламасының түлегімін. Ұлыбританияда төрт жыл оқып, АҚШ-та тағылымдамадан өттім. Әлем көрдім. "Болашақ" бағдарламасына алғысым шексіз. Оқып-білуіме мүмкіндік берді. Шалғайдағы мекеннен, Қазақстан оңтүстігіндегі шағын ғана Кентау қаласынан шыққан бала едім".

Реклама
Реклама

"Бірақ мен дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Мектепте, ең алдымен, пән көп болды, бұл тәртіпке үйретті. Менің ойымша, балаларға кейбір пәннен, мысалы, математика мен физикадан тапсырма көп болуы өте маңызды. Әрине, бәрі бірдей тапсырманы орындай алмайды, бірақ бейімі болса, онда бұл жүктеме пайдалы. Бұл жаттығу залында дайындалатын спортшылар секілді. Интеллектуал жұмыс та солай. Онда да жаттығу керек, баланың дамуына мүмкіндік беретін тұрақты жүктеме қажет", - дейді кәсіпкер.

Оның пікірінше, тағы бір маңызды фактор - отбасы. "Жақындарыңның қолдауы маңызды. Әпкем екеуімізді анам жалғыз тәрбиеледі, бірақ ол бізге білім жағынан үнемі қолдау көрсетіп отырды. Бала кезімнен ол маған жақсы оқу, талпыну керегін айтатын. Сабақ оқып қана қоймай, жан-жақты болу керек дейтін", - деп қосты Сұлтанқұлов. Айтпақшы, жас ғалым музыка мектебінде домбыра сыныбында оқыған.

Оның сөзінше, бала өскенде ең маңыздысы - өзін-өзі табуы. Ол қазіргі ұрпақтың үлгі алатын лайық тұлғалары жоғын баса айтты.

"Біз қазір көріп жүрген үлгілердің басым бөлігі - негізінен блогерлер, тиктокерлер. Ал жас ұрпақ өзін трендтегі нәрсе, қатарластарының арасында сәнді нәрсе арқылы табуға тырысады. Бұл қоршаған ортаға байланысты. Мен мектепте академиялық ортада болдым. Біз кім "ақылсыз" екенін анықтап жарыспадық. Біз, мысалы, математикадағы есепті кім тез шешеді деп жарыстық", - деді Сұлтанқұлов.

Ол университет пен академиялық орта да маңызды роль атқарғанын айтты. "Ол жақта құндылықтар басқаша, өте маңызды нәрсеге назар аударылады. Академиялық ортадағы жұмыс жоғары бағаланады. Жұмыс істеу керек. Әсіресе, қазір университет бітіріп жатқан жастар. Кез келген мақсатқа жетуге тек еңбек көмектеседі. Егер саған математика мен физика ұнаса, математика мен физиканы ұнататын орта тап. Егер саған сурет салу ұнаса, айналаңа сурет салуды ұнататындарды жина. Ең бастысы - өзіңді табу. Адам әрқашан іштей не істегісі келетінін біледі, бірақ кейде адасып кетіп жатады. Осы себепті оларға трендтерге назар аудармау маңызды. Егер бір нәрсе ұнаса, оны жасау керек", - деп кеңесін берді Сұлтанқұлов.

"Мен "оқымысты" ("ботаник") деген сөзден ұялатын көп адамды білемін. Бұның еш айыбы жоқ. Оқымыстылар әлемді басқарады! (күліп). Ақылды адамдар әлемді өзгертеді. Оқымысты болудың еш жаман жері жоқ. Ең бастысы - көпшілікке ұқсамаудан қорықпау. Белгілі бір трендтерге ұмтылмау. Өзіңе қанағат, бақыт әкелетін нәрсемен айналыссаң болды", - деді ғалым.

Әлеуметтік желілердің танымалдығы туралы айта отырып, Сұлтанқұлов балалар мен жасөспірімдердің желіге кіруін шектеу керек деп санамайтынын жеткізді.

"Менің ойымша, бұл қате саясат, әлеуметтік желілер бүгінде әлем экономикасының бір бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілердің пайдасы да бар, көптеген білім беру арнасы бар, тек әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану керек. Кейбіріне әлеуметтік желілер трамплин болып отыр. Бұл музыкалық шығармашылықтағы адамдар мен әзілкештерге қатысты. Мәселе басқада - тәрбиеде және қоғамда дұрыс құндылықтар қалыптастыруда. Бәрі отбасынан басталады. Әрине, білім беру бағдарламалары, мұғалімдер бар. Бірақ тәрбиенің түп тамыры - отбасы.

Ол атақты өнертапқыштарды мысалға келтірді. "Көптеген әйгілі адамның, сол Илон Маск, Билл Гейтстің тарихын зерттесеңіз, онда мұның бәрі отбасынан басталғанын түсінесіз. Ол жақта қызығушылық әрқашан құпталған. Оларды жаңа нәрсе ойлап табу үшін білімге деген махаббатқа тәрбиелеген. Көптеген стартап гараждарда құрылды деп бекер айтылмаған. Өйткені жастар эксперимент жасаудан, гаражда отырып, бірдеңе ойлап табудан қорықпаған. Сондықтан отбасылық құндылықтардан, отбасынан бастау керек", - деді ғалым.

"Балалар қызығушылығын сақтауы үшін олармен көбірек сөйлесу керек. Қазір XXI ғасыр, ірі қалалардағы өмір ырғағына байланысты ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп, жиі уақыт бөле алмайды. (...) Менің ойымша, балаларымыз табысқа жетуі үшін біз, ересектер өмірге деген көзқарасымызды, өзімізді өзгертуіміз керек. Жұмыс пен бала тәрбиесі арасында тепе-теңдікті сақтау қиын. Көптеген ересек өз проблемаларын ойлап, кейде балаларға назар аудармайды немесе басқа бағытқа назар аударады. Баласына керектің бәрін алып береді, бірақ олар баласымен қарым-қатынас жасамайды, не жақсы, не жаман екенін түсіндірмейді... егер біз қоғамды өзгерткіміз келсе, отбасыларды, ересектерді өзгертуіміз керек. Біз өзгермейінше, жақсы ұрпақ тәрбиелей алмаймыз", - деп қорытындылады Сұлтанқұлов.

"Білімді ұрпақ" жобасының мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім қол жеткізе алатын мүмкіндіктерді көрсету. Сайтта жас ғалымдар, әлемнің жетекші университеттерінің студенттері, инноваторлар, инновациялық стартаптардың жас кәсіпкерлері және т.б. туралы материалдар жариялайды. Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram