ПОДЕЛИТЬСЯ
22 қараша 2021 | 11:00
"Америкалық арманға жету өте қиын" - Маск жобасында жұмыс істейтін қазақстандық
Қазақстандық студент Жанна Ықылас 2013 жылы Илон Маск ұсынған Hyperloop - вакуум пойызына капсула жасайтын жобада жұмыс істейді. "Білімді ұрпақ" жобасы аясында ол Tengrinews.kz тілшісіне жұмысының ерекшеліктері туралы әңгімелеп, әлемдік технологиялық компанияларға кіруді армандайтын адамдарға кеңес берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстандық студент Жанна Ықылас 2013 жылы Илон Маск ұсынған Hyperloop - вакуум пойызына капсула жасайтын жобада жұмыс істейді. "Білімді ұрпақ" жобасы аясында ол Tengrinews.kz тілшісіне жұмысының ерекшеліктері туралы әңгімелеп, әлемдік технологиялық компанияларға кіруді армандайтын адамдарға кеңес берді.
Айта кетейік, Hyperloop үшін капсула әзірлеумен Virgin Hyperloop One (АҚШ, Сауд Арабиясы және Үндістан) және Hardt Hyperloop (Еуропада) сияқты тәуелсіз компаниялар және SpaceX ұйымдастыратын Калифорниядағы жыл сайынғы жарысқа қатысу үшін капсула жасайтын әртүрлі зерттеу мекемесінің әуесқой командалары айналысады. Жанна - Флорида университетінің Gatorloop командасының мүшесі. Команда финалға өтіп, Калифорниядағы SpaceX базасына шақырылған. Олар сол кезде жүлделі орындарға ие болмаса да, арманынан бас тартқан жоқ. 2019 жылы команда қайтадан финалға өтіп, қазір өнертабысын дамытуда жұмыс істеп жүр.
Жанна Ықылас - Gatorloop-та капсула жасау жобасының жетекшісі. Сонымен қатар, ол Флорида университетінің соңғы курсында оқиды және университетте нұсқаушы-лаборант ретінде жұмыс істейді.
"Мен студенттерге робот жасауды үйретемін. Бұдан бөлек, ол жерде әр түрлі станоктар бар. Мұның бәрі материалдарды өндіруге және өңдеуге арналған жабдықтар. Бос уақытымызда келесі капсула үшін басқа нәрселер өндіре аламыз. Сонымен қатар, мен команданың қалған мүшелеріне осы жабдықты қалай пайдалану керегін үйретемін. Себебі кампус пандемияға байланысты бір жарым жыл жабық болды, көптеген инженер, бітіруші студенттер өндірістік тәжірибеден өтпеді", - дейді Жанна.
Қыз АҚШ-қа қалай тап болғанын баяндап берді. "Мен АҚШ-қа оқуға түскім келді, бірақ Франция, Германия қолжетімді еді және олар сапалы білім ұсынды. Сондықтан Францияға оқуға түстім, онда үш жыл білім алып, содан кейін олар мені АҚШ-қа жіберді. Мұнда тұрақты оқитындай ауыстым. Енді екі диплом алмақпын", - дейді инженер.
Ол капсула жасау тобына кіру оңай болғанын айтты.
"Жай ғана сұхбатқа бардым, алдымен берілген тапсырманы орындадым. Жақсы идеяларым болды, жасаған ісім пайдалы еді, содан мені көшбасшы орынға қойды. Бірақ қиын болған жоқ, мені ешкім сынамады, керісінше мен оларға не істей алатынымды және пайда әкелетінімді көрсетуім керек болды. Gaterloop-та үміткерлерді іріктейтін стандарт таңдау, бюрократия жоқ", - деді Жанна.
Ол студент кезде жобаға кіру оңай, бірақ онда қалу және көшбасшы болу әлдеқайда қиын екенін айтты. "Командаға шынымен мүше болып, көшбасшы ретінде орнығу үшін көп күш салу керек. Жұмысты өзің бастамасың, саған ешкім тапсырма бермейді", - деп қосты Жанна.
Студент "Илон Маск компанияларында жұмыс істегің келе ме?" деген сұраққа жауап берді.
"Әрбір инженер Space X немесе Tesla-да, Илон Масктің кез келген компаниясында жұмыс істеуді армандайды. Бірақ, екінші жағынан, Америкадағы кез келген компанияда, әсіресе бұл Маск компаниясы болса, 200 пайызға емес, 1000 пайызға күш салуың керек. Менің бастығым мен тағы бір әріптесім SpaceX-те жұмыс істеді, екеуі де шығып кетті, өйткені жұмыс ортасы өте ауыр, жұмыс пен өмір арасында тепе-теңдік жоқ. Олар аптасына 100-120 сағат жұмыс істейтін", - дейді инженер-механик.
Жанна Ықылас Маск компанияларында тәжірибе жинау үшін аз да болсын жұмыс істеуге қарсы болмайтынын айтты.
"Осы жылдар бойы беріліп оқыдым, жұмыс істедім, бірақ қазір шаршап қалдым. Оқуды жұмыспен және Gatorloop-пен алып жүру өте қиын негізі. Мұның бәріне аптасына 80 сағат кетеді: 6 сағат жұмыс істеймін, 8 сағат оқимын, тағы 4 сағат Gatorloop-та болатын, сосын үйге келіп, ұйықтаймын. Болды", - дейді қыз.
Ол академиялық семестр алып, демалуға Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты. "Ең маңыздысы - отбасы екенін түсіндім. Кейін денсаулық, оны сізге ешкім қайтармайды", - деді қыз.
Жанна АҚШ-қа ірі әлемдік компанияларды бағындыруға келуді жоспарлап жүрген жастарға кеңес берді.
Белестерді бағындыру үшін тек оқу мен диплом алу жеткіліксіз. "Бізде жұмысқа орналасқысы келетін жастар көп. (...) Мұнда жұмыс орны үшін бәсеке өте үлкен. Жұмыс көрмесіне үлкен сөмкемен барғаным есімде, онда өзім жасаған, дизайнын ойластырған барлық бөлшекті салып апардым. Инженер болсаң, болашақ жұмыс берушіге не істегеніңді көрсеткің келеді. Сонымен қатар, түйіндемең болады. Себебі әркімнің түйіндемесі бар".
Жан-жақты даму керек. "Қосымша курстар алыңыз. Техникалық бағытқа барғыңыз келсе, көбірек кодтаңыз. Қазір онлайн ресурстар көп. Сондай-ақ, хакатондарға немесе халықаралық конкурстарға қатысу керек, осылай портфолио толтыруға болады".
Маңызды іске басымдық беру керек. "Жұмысқа 80-120 сағат жұмсамас бұрын, алдымен мұның бәрін не үшін жасап жатқаныңды ойлану керек. Түпкі мақсатың қандай? Ақша табу ма? Әркім өзіне ұнайтын іске басымдық береді. Мен үшін, мысалы, қазір денсаулық пен отбасы".
"Бізден көп адам АҚШ-қа "Болашақ" бағдарламасымен келеді. Бірақ барғаннан кейін сіз бәрібір шетелдік студент саналасыз. Көштен озу өте қиын, өйткені көптеген компания Америка азаматтығын талап етеді. Green Card ұтып алсам да, мен Space X-те де, NASA-да да жұмыс істей алмаймын, олар мемлекетпен серіктес. Америкада инжинирингпен айналысатын және жалақысы жоғары көптеген компания - жаһандық, олар мемлекетпен жұмыс істейді", - дейді қыз.
Ол әлемнің ең ақылды адамдары АҚШ-қа жиналатынын, әсіресе Қытай мен Үндістаннан келетіндер көп екенін айтты. "Сіз Қазақстанда танымал болсаңыз, АҚШ-та ешкім емессіз, бәрін басынан бастау керек. Бәсеке өте үлкен. Америкадан тыс жерде тұратын адамдар америкалық арманға әлі де сенеді. Америкалық арманға жету өте қиын, басқа ел адамдарын айтпағанда, мұнда жергілікті тұрғындардың өзі арманын орындай алмай налиды. Сондықтан осы тұста ең үлкен челлендж - үлкен компанияда жұмыс істеуге заңды рұқсат алу. Содан кейін жұмысқа тұруға тырысып көруге болады", - деді қазақстандық қыз.
Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. "Білімді ұрпақ" жобасының мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім де бағындыра алатын мүмкіндіктерді көрсету. Оның аясында жас ғалымдар, әлемнің жетекші университеттерінің студенттері, инноваторлар, инновациялық стартаптарды жасаған жас кәсіпкерлер және т.б. туралы материалдар жарияланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также