01 қараша 2021 | 11:13

Қазақстандықтар бала біліміне қалай инвестиция жасайды?

Баланың дарынын анықтап, оның біліміне инвестициялау - баласы болашақта табысты болғанын қалайтын ата-ананың негізгі міндеті. Бұл туралы "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Рақышева айтып берді. Tengrinews.kz бұл туралы "Білімді ұрпақ" жобасы аясында әңгімелейді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Баланың дарынын анықтап, оның біліміне инвестициялау - баласы болашақта табысты болғанын қалайтын ата-ананың негізгі міндеті. Бұл туралы "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Рақышева айтып берді. Tengrinews.kz бұл туралы "Білімді ұрпақ" жобасы аясында әңгімелейді. 

"Дарынсыз бала болмайды, әр бала өз бетінше дарынды. Ал ата-ананың міндеті баланың дарынын анықтап, оны дамыту. Әр баланың әлденеге деген қабілеті болады. Тек сол қабілетті анықтаған және бала қабілетіне дер кезінде мән бермей, уақыт оздырып алған ата-аналар бар", - дейді Рақышева. 

Айгүл Рақышеваның айтуынша, ата-аналар баланың шамасын дамытуға көмектесу керек.  

Реклама
Реклама

"Ата-аналардың жиі кездесетін қатесі - олар балаға қызық емес нәрсені таңуға тырысады. Мысалы ата-ана баласының музыкант болғанын қалайды, баласын музыка мектебіне береді, бірақ егер баланың қабілеті болмаса, оған уақыт, жүйке және ақшасы босқа кетеді. Болашақта ол талантты музыкант болатыны екіталай. Өзінің қабілеттері ашылмай, ал бала өз өміріне көңілі толмай, өзі қаламайтын нәрсемен айналысады. Бала өзіне қызық нәрсемен айналысқан жағдайда жетістіктерге жетеді. Одан бөлек, әрине, сол бағытта еңбектенуі керек. Бұл оның дарынын жан-жақты ашуға көмектеседі", - дейді Рақышева.    

Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы ата-аналардың негізгі инвестицияларының бірі - баланың білімі мен дамуы екенін айтады. Ол қала тұрғындарының ауыл тұрғындарына қарағанда балаларға инвестиция салуға көбірек мүмкіндігі барын атап өтті. Қалаларда баланың дамуына арналған қызығушылығына қарай спорттық нысандар, аула клубтар және тағы басқасы бар. Биыл "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты ауылдық отбасылар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы ауылды жерлердегі балалардың тек 26,5 пайызы қосымша сабақтар мен үйірмелерге барады. Сауалнамадан өткендердің балалардың үйірме мен қосымшаға баруы туралы сұраққа қазақстандық ауылдардағы ата-ананың көбі (73,5 пайызы) теріс жауап берген. 

"Балалардың қосымша сабақтарға бармауының негізгі себебі ауылда үйірме мен қосымша сабақтың болмауы (44,4 пайыз) және сол үйірмеге төлейтін ақшаның болмауы (16,1 пайыз)", - делінген зерттеу жұмысында. 

Білімі жоғарырақ ата-аналардың баласы үйірмелерге жиі барады. Осылайша, орта білім иелері арасында балалардың қосымша сабақтарға қатысу пайызы 20,6 пайыз, аяқталмаған жоғары білімі барлар арасында - 47,6 пайыз, ал жоғары білімі бар респонденттер арасында - 27,9 пайыз.

Жыл сайын білім құндылығымен қатар оның бағасы да өсіп жатыр. Қазақстанда жоғары білімді мемлекеттік бюджет арқылы да, коммерциялық негізде де алуға болады, алайда көп адам грантқа түсе алмай жатады, сондықтан кейбір ата-аналар баласы мектепке бармай жатып оның болашақ біліміне қажет ақша туралы ойлана бастайды. 

Айгүл Рақышеваның мәліметінше, баласының болашақта білім алуына ақша жинайтын ауыл халқының саны аз. "Өкінішке қарай, ата-аналарда үнемі баласына инвестиция жасауға мүмкіндік бола бермейді", - дейді орталық басшысы. 

"Сауалнамадан өткендердің жартысынан көбінде (56,1 пайыз) бала болашағы үшін ақша жинауға қаражат жетпейді. 13,4 пайызы білім грантын алуды ойлайды. 33 пайызы ақша жинауға түрлі стратегия қолданады: 12,1 пайызы баланың білім алуына ақша жинап, мал бағып, оны сатады; 7,8 бала білімі үшін ақшаны депозитте сақтайды", - делінген зерттеуде. 

"Ауылдағы отбасылар қандай табыс есебімен өмір сүріп жатқанын анықтадық. Табыстың үштігінде: бірінші - жалақы (63,5 пайыз), екіншісі - зейнетақы, үшінші - жеке қосалқы шаруашылықтардан түсетін табыс. Ауылды жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтардан табыс көп түсетіндей көрінеді, бірақ ол үшінші орында болып шықты. Бұл біздің ауыл шаруашылығының жағдайын көрсетіп отыр", - дейді Айгүл Рақышева. 

Барлық бала, олардың қалада немесе ауылда тұратынына, ата-аналарының табыс деңгейіне және басқа да жағдайларға қарамастан, сапалы білім алуға тең қолжетімді болуы тиіс.

"Рухани жаңғыру" өкілдері ауыл мектептерінен келген білім алушыларға қосымша білім беруді қамтамасыз ететін мекемелердің муниципалды желісін құру арқылы бүкіл ауданның білім беру ұйымдарының қызметтерін пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынды. Желілік мекемелер арасындағы көлік қатынасы мәселесін педагогикалық және балалар топтары үшін мобильді жылжымалы нысандарды құру арқылы шешуге болады. Одан бөлек, қазақстандық қоғамдық даму институты өкілдері ауыл балалары үшін қосымша білім беру қызметтерін кеңейту жылжымалы ресурстық орталықтарды құру, қашықтан оқыту бағдарламалары бойынша оқыту арқылы мүмкін болатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл халқының бос уақытын мәдени қалыптастыру және мүмкіндіктерін кеңейту үшін клубтар жоқ елді мекендерге ашық алаңдарда бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін сахна-трансформермен, дыбыс, жарық және бейне жабдығымен жарақтандырылған жылжымалы мәдени орталықтың (автоклубтың) шығуы ұсынылады.

Оның бәрі баланың тең дәрежеде білім алып, жеке дамуына әсер етеді. Себебі, сайып келгенде, әңгіме елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы факторы ретінде адами капиталды дамыту туралы болып отыр.

Tengrinews.kz "Білімді ұрпақ" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жоба мақсаты - Қазақстандағы адами капитал байлығын көрсету және белгілі бір деңгейде күш-жігер салынып, мақсатқа ұмтылса, әркім қол жеткізе алатын мүмкіндіктерді көрсету. Жоба аясында жас ғалымдармен, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерімен, инноваторлармен, инновациялық стартаптардың жас кәсіпкерлерімен материалдар жарияланады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная