Бішкектің Бірінші май аудандық сотында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев айыпталушылардың бірі болып отырған, жұртшылық арасында "75 ісі" деген атпен белгілі атышулы істі қарау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg-ке сілтеме жасап.
Адвокат Икрамидин Айткуловтың мәлімдеуінше, сот қорғау тарапының құпия сақталған үш куәгердің жауап алу хаттамаларымен танысу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Осыдан кейін қорғаушылар судьяға наразылық білдіріп, оны істен шеттетуді талап етті.
Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс материалдарында үш құпия куәгердің айғақтары бар, алайда бұл құжаттар бұған дейін қорғау тарапына берілмеген. Қорғаушылар заңға сәйкес куәгерлердің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін деректер ғана жасырылуы тиіс, ал олардың берген жауаптарының мазмұны процесс қатысушыларына қолжетімді болуы керек деп санайды.
Сот отырысына куәгер ретінде Бішкектің бұрынғы мэрі Иса Өмірқұлов пен Қырғызстанның Өзбекстандағы экс-елшісі Ибрагим Жүнісов те шақырылды. Олардың екеуі де кезінде "75 ісі" деп аталатын құжатқа қол қойған.
Іс материалдарында құпиялылық белгісі болғандықтан, сот талқылауы жабық режимде өтіп жатыр.
Қамшыбек Тәшиевтің ісі
Бұған дейін адвокат Икрамидин Айткулов хабарлағандай, Қамшыбек Тәшиевке Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру, сол сияқты конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер" және "Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылған.
Мәселе осы баптың 2-ші және 4-ші бөліктері туралы болып отыр: өзі немесе басқа тұлғалар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында немесе өзге де жеке мүдделілікпен жасалған әрекет, сондай-ақ жауапты лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекет.
Қырғызстанның бұрынғы Бас прокуроры Құрманқұл Зулушев пен парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбек ұлына қатысты жағдай белгісіз. Олар да осы іс бойынша айыпталған.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, ақпанда 75 адам Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Жоғарғы кеңес төрағасына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы үндеу жолдағаны белгілі болған еді.
10 ақпанда Жапаров өзінің досы әрі серіктесін Қамшыбек Тәшиевті барлық лауазымынан босатты. Қырғызстан басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, "бұл қадамның басты мақсаты - мемлекет бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы іріткіге жол бермеу". Жапаровтың баспасөз хатшысының хабарлауынша, Ташиевтің жақын ортасындағы адамдар депутаттарға телефон соғып, оларды "генералдың жағына шығуға" және "жаңа президент сайлауына бастамашы болуға" көндірмек болған.
Бұрынғы досы әрі серіктесімен араздасуы туралы айта келе, Жапаровтың өзі бұл мәселені трагедияға айналдырмауға шақырды.
Тәшиевтің отставкасынан кейін күштік құрылымдарда қайта құру басталды: оның орынбасарлары қызметінен айырылды, Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылды, сондай-ақ тікелей президентке бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды құрылды.
Кейінірек қылмыстық іс қозғалды. "75 хатына" қол қойғандардың бір бөлігі тергеу изоляторына қамалды. Оларға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылған.
Тағы оқыңыз: “Мен үшін “дос“ деген ұғым жоқ“: Жапаров Тәшиев пен “мемлекеттік төңкеріс әрекеті“ туралы