Путин: Ресейде қуатты Қазақстанға құрметпен қарайды

Путин: Ресейде қуатты Қазақстанға құрметпен қарайды Владимир Путин. Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Владимир Путин Ресейде Қазақстанға зор құрметпен қарайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Владимир Путин Ресейде Қазақстанға зор құрметпен қарайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ресей Федерациясының президенті Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында мақала жазды. Жарияланымда Владимир Путин екі елді ортақ тарих, халықтардың тығыз сабақтасқан мәдениеті мен тағдыры, стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы байланыстыратынын атап өтті.

"Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы өзара құрмет пен сенім қағидатына негізделген. Біздің осындай ынтымақтастығымыз бүкіл Еуразия аумағындағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы саналады", - деп жазды Ресей президенті.

Жарнама
Жарнама

"Біздің қуатты әрі өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға деген құрметіміз ерекше. Елдеріңіздің экономикасы қарқынды дамып жатыр. Халық жаппай қолдаған тиімді саяси жүйе қалыптасты. Күні кеше Қазақстанда заман талабына сай келетін, елдің келешегін айқындайтын жаңа Конституция қабылданды. Республика азаматтарының басым көпшілігі осы құжатты қолдап дауыс берді. Сол арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік институттарды нығайту, елді жан-жақты жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыдан дамыту жолындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Осы ауқымды реформаның бәрі табысты жүзеге асырылып, мемлекетті күшейтуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін", - деп толықтырды Владимир Путин.

Оның айтуынша, екі ел лидерлері экономикаға үлкен көңіл бөледі, өйткені Ресей мен Қазақстан – ірі сауда серіктестері. Ресей басшысы бірқатар көрсеткішті тізбелеп өтті. Мәселен, Ресейдің Қазақстан экономикасына салған капиталының жалпы көлемі – шамамен 30 миллиард доллар. Қазақстанның әлемдік нарыққа бағытталған мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Ресей аумағы арқылы өтеді.

"Президент Тоқаев екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жастардың атсалысуы маңызды екенін бірнеше рет айтты. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Себебі жастарымыз Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының болашағын айқындайды, жетістіктерімізді еселейді және серіктестігімізге тың серпін береді. Қазір Ресей университеттерінде, соның ішінде Қазақстандағы сегіз филиалда 60 мыңнан астам қазақ студенті оқып жатыр. Алдағы оқу жылында Қазақстан азаматтарына арналған үкіметтік квота саны 800-ге дейін артады".

Сондай-ақ Владимир Путин Ресейдегі шетелдік жоғары оқу орнының алғашқысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің филиалы болғанын ерекше атап өтті.

"Бәріміз Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихына зор құрметпен қараймыз. Әсіресе біз үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны ерекше. Елдеріміз жұдырықтай жұмылып, нацизмге қарсы күрескен, зор шығынға ұшырағанына қарамастан, жанқиярлық көрсетіп, бүкіл Еуропаға бейбітшілік орнатқан әкелеріміз бен аталарымыздың ерен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысу үшін 8-9 мамырда Мәскеуге арнайы келген Президент Тоқаевқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз".

Сонымен қатар, Путин Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасымен арадағы көпқырлы одақтастық қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға қашанда дайын екенін баса айтты. Ол Қазақстанның барша азаматына зор денсаулық, бақ-береке тіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путиннің 27 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні хабарланған болатын.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама