ПОДЕЛИТЬСЯ
18 сәуір 2021 | 18:00
Жітіқарада зейнеткер қарапайым "Волганы" кабриолетке айналдырды
Жітіқаралық зейнеткер қарапайым "Волганы" Кабриолетке айналдырды. Көлікті түрлендіру барысында өнертапқыш ескі бөлшектерді пайдаланған. 70-ке келген қария бұл іске жас кезінен ден қоя бастаған. Айтуынша, раритетті көліктерді жан рахаты үшін құрастырады. Бұл туралы "Хабар 24" сюжетінде айтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жітіқаралық зейнеткер қарапайым "Волганы" Кабриолетке айналдырды. Көлікті түрлендіру барысында өнертапқыш ескі бөлшектерді пайдаланған. 70-ке келген қария бұл іске жас кезінен ден қоя бастаған. Айтуынша, раритетті көліктерді жан рахаты үшін құрастырады. Бұл туралы "Хабар 24" сюжетінде айтылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Юрис Мамедов жастайынан көлікке әуес. Өмір бойы жүргізуші болған. Зейнеткерге осы ГАЗ-2410 маркалы "Волганы" қайта тірілтіп, түрлендіруге бір жарым жыл уақыт кеткен. Автомобиль салонын италиялық былғарымен қаптаған. Оның өзіне 700 мың теңге жұмсапты.
"Бұл көліктің барлық бөлшегі қолдан жасалған. Заманауи. Тек шамдары мен бампері өзінікі. Қуаты 150 аттың күшіне тең. Қозғалтқышы инжектор. Гидрокүшейткіш орнатылған. Артқы белдемі "Чайка", дискілері "Вольвонікі", - дейді зейнеткер Юрис Мамедов.
Ол көліктің қаңқасынан бастап барлық бөлшегін өзі жинастырып келеді. Кейбірін ыңғайластырып жасағанымен көліктің түр-сипатына ешқандай өзгеріс енгізбеуге тырысқан. Барлық көліктің құжаттары түгел. Шебер тұрақты түрде Қостанай, Лисаков қалаларында өтетін ретрокөліктер көрмесіне қатысып тұрады.
"23 жасымда алғашқы көлігім осындай болған. 50 жасыма дейін тізгіндедім. Жаңа көліктерді онша ұнатпаймын. Ескілері өзіме қатты ыстық. Әрі өте сәнді көрінеді", - дейді зейнеткер.
Қыруар ақша ұсынып, "Волга" көліктерін сатып алуға ниеттенгендер көп болған. Бірақ қарияның оларды сатпақ ойы жоқ. Техниканың тілін мейлінше меңгерген азаматтың тапқырлығын достары мен туған-туыстары мақтан тұтады.
"Әкеме дизайн бойынша көмектесемін. Жаңа идеялар ұсынудан жалықпаймын. Әрине, негізгі күрделі жұмысты өзі істейді. Қолынан келмейтіні жоқ", - дейді Жітіқара қаласының тұрғыны Руслан Мамедов.
Жаңалыққа жаны құмар зейнеткер енді 412-ші модельді "Москвичті" жаңғыртпақ. Қазір барлық бөлшегі сақадай сай тұр. Тек салонын дұрыстау ғана қалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также