01 наурыз 2022 | 10:49

"Күйеубала дейді". Италиялық жігіт Алматыдағы махаббаты туралы айтып берді

Дина Шарипханова Корреспондент

Италиялық Марко Валерионың Алматыда тұрып жатқанына үш жылдан асты. Ол Тиволиден (Рим провинциясы) келген. Қазақстандық қызға ғашық болған Марко сүйіктісімен көшіп келіп, кәсіппен айналысуға бел буған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Италиялық Марко Валерионың Алматыда тұрып жатқанына үш жылдан асты. Ол Тиволиден (Рим провинциясы) келген. Қазақстандық қызға ғашық болған Марко сүйіктісімен көшіп келіп, кәсіппен айналысуға бел буған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Марко қазақ менталитеті және қалай италиялық "күйеубала" атанғанын айтып берді.

28 жастағы Марко - кәсіпкер, жақын арада Алматыда италиялық мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.

Реклама
Реклама

Марко мүлде басқа елге қалай көшіп келгенін әңгімелеп берді.

"Қазақстанға көшемін дегенде туыстарым байсалды қабылдады. Тек бәрін ойластырып жасау керек екенін айтты. Бірақ мен жұмысты ойламай, ешқандай жоспарсыз заттарымды жинап, Алматыға келдім. Махаббатым үшін. Қауіп болды, бірақ шынымен бақыттымын", - деді ол.

Марко әйелі Ақзерді Римде кездестірген. Ол кезде италиялық жігіт ағылшын тілін, ал Ақзер Италия тілін мүлде білмеген. Бірақ бұл қарым-қатынасқа кедергі болмаған. Танысқаннан кейін тоғыз айдан соң Марко Ақзерге ұсыныс жасаған. Олар тойды Италияда жасаған. 100-ге жуық қонақ болса, оның 30-40-ы қазақстандық қыздың туыстары мен достары болған. Той 200 жылдан асқан ескі мейрамханада өтті. Бір қызығы, Марконың ата-әжесі мен ата-анасының үйлену тойы да осы мейрамханада өткен екен.

Марко Қазақстандық таныстарының бәрі оны италиялық "күйеубала" деп атайтынын айтты.

"Бұл сөз маған ұнайды. Бажам да (әпкенің күйеуі - еск.) осылай атайды. Жарымның ата-анасы көбіне атымды айтып, шақырады", - дейді ол.

Марко орысша жақсы сөйлейді. Ол қазақ тілін орыс тіліне қарағанда нашар білетінін мойындады. Дегенмен болашақта білімін жетілдіргісі келеді. Ол қазақша жақсы түсінеді, бірақ жаттығу керек.

Марко қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы біліп, оны өте құрметтейтіндіктен "күйеубала" деген атқа лайықпын деп есептейді.

"Қазақстанда ет, оның ішінде қой еті мен жылқы еті өте дәмді. Одан кейін басқа елдерде ет ұнамайтын болды. Соңғы рет Италияға барғанымда мені "ең дәмді" стейк жеуге апарды. Ол Италияда ғана емес, дүниежүзінде ең танымал орын. Сонда қатты таңғалдым: етті қазақ етімен салыстыруға келмейді", - деді ол.

"Қазақстанға алғаш келгенімде бір қызық оқиға болды. Бізді қонаққа шақырды, олар бешбармақ дайындаған екен. Мен еуропалық болғандықтан оны пышақ, шанышқымен жей бастадым. Сонда маған бірден ескерту жасады. Асты бес саусақпен жеуге үйретті. Енді макароннан басқасын қолмен жеймін", - деп күлді Марко.

Марко қазақтың салт-дәстүрін зерттеп, үйреніп жүр.

"Мен бала туғаннан кейін 40 күн және бір жасқа дейін өтетін дәстүрлерді білемін, мұндай іс-шараларға жиі қатысқанмын. Маған тұсаукесер қатты ұнайды. Бала тұсауы кесілген соң бір затты таңдауы керек, мысалы кітап, қамшы т.б. Бұл өте қызық және ерекше дәстүр", - деді ол.

Сондай-ақ, Марко Қазақстандағы аңшылыққа тәнті болған. Оған Алматының табиғаты да, таулары да ұнаған. Италиялық жігіт Қазақстанның көп қаласын аралап үлгерген. Олардың ішінде Қарағанды, Атырау, Тараз, Шымкент, Нұр-Сұлтанда болған.

Ол Қазақстандағы қонақжайлық, арзан такси қызметіне және әсем табиғатқа тәнті болған. Ұнамайтын жері: Алматыдағы ауаның сапасы, жақсы тегін дәрі-дәрмектің жоқтығы және құрылысшылардың қымбат, сапасыз жұмысы.

Марко қазір Қазақстанда өте ыңғайлы екенін, бірақ болашақта әлемді аралауды жоспарлап отырғанын айтты.

"Көшуге тағы мүмкіндік болса, ойланып көремін. Бірақ Алматыға көшкендей ойланбастан кетпеймін", - деді Марко қалжыңдап.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная