Қазақстандықтар өздерін медицина қызметкеріміз деп таныстырған адамдардан күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар келіп жатқанына тағы да шағымданып жатыр. Белгісіз тұлғалар қабылдауға жазылуға көмектесуді ұсынып, SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды, содан кейін адамға несие туралы хабарламалар келе бастайды. TengriHealth тілшісі жағдайды анықтап көрді.
"Несиеге тыйым сал": не болды?
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде анасы баратын емхана дәрігері ретінде танысқан алаяқтың әйелді қалай алдамақ болғанын айтып берді.
Жазба авторының айтуынша, анасы үйге үрейленіп оралған:
"Үйге келсем, анам есіктен кіре сала телефонын бетіме басып: "Тездетіп несиеге тыйым сал, алаяқтар маған бірдеңе рәсімдеп қойыпты!" - деді. Не істерімді білмей қалдым".
Қыздың айтуынша, анасы емханаға қабылдауға келіп, үлкен кезекті көрген. Осы сәтте оның мессенджеріне дәрігерден келгендей хабарлама түскен:
"Кезекте тұрмас үшін электронды талон алыңыз. Қазір сізге 1414-тен код келеді, соны маған айтыңыз", делінген. Әрине, стресс пен ауруханадағы қарбалас кезінде анам ойланбастан кодты жібере салған", " деп бөлісті жазба авторы.
Ол осыдан кейін бірден мессенджерге анасының атына несие рәсімделгені туралы хабарлама келе бастағанын атап өтті.
Астана тұрғыны жарияланымға хат алмасудың скриншоттарын қоса тіркеген. Хабарламаларда белгісіз әйел өзін медбикемін деп таныстырып, жазылусыз және жолдамасыз анасын қабылдамайтынын айтады.
Осыдан кейін әңгімелесуші 1414-тен келген "электронды талон" кодын беруді сұрайды.
"Мен сізге қайта жібердім. Талоныңызға мұқият қараңыз. Онда 5 сан болады", - делінген жазбада.
Жазба авторы бізге алаяқтар несие рәсімдеп үлгермегенін айтып берді, ол мұны банктерге хабарласу арқылы анықтаған.
"Менің түсінуімше, бұл психологиялық шабуыл болған. Олардың сценарийі бойынша, кейін банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласқансып, адамның атына несие рәсімделгенін айтуы керек еді. Ал оны "бұғаттау" үшін тағы бір әрекеттер жасау қажет болар еді. Шамасы, олар осылайша адамдарды шынымен қарыз алуға мәжбүрлейтін сияқты", - дейді ол.
Жазба астындағы пікірлерде желі қолданушылары да алаяқтардың адамның қатысуынсыз несие рәсімдей алмайтынын жазып жатыр.
"Олар сіздің өзіңізге несие рәсімдету немесе оны картаға аудару арқылы жаптыру үшін қойылым ұйымдастырады".
Бұдан бөлек, азаматтар бұл жағдай деректердің тарап кетуімен байланысты болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бүгінде медициналық ақпараттық жүйелерді бұзу немесе пациенттердің келуін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін рұқсатсыз кіру фактілері анықталмағанын хабарлады.
"Жеке мәліметтер тарап кетуі мүмкін деген фактілер бойынша азаматтардан ресми өтініш түскен жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органдарды тарта отырып, тиісті тексеріс жүргізіледі", - деп толықтырды министрліктегілер.
Сондай-ақ біз жоғарыда сипаттаған жағдай әлеуметтік инженерияны қолданатын алаяқтықтың кең таралған схемасына ұқсайтыны хабарланды.
Қаскөйлер өздерін емхана немесе басқа да медициналық ұйым қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен SMS-кодтарды, жеке деректерді немесе банктік сервистерге қолжетімділікті иемденуге тырысады.
"Медициналық ұйымдардың қызметкерлері пациенттерден телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайтынын атап өту маңызды. Растау кодтары тек цифрлық сервистерде авторлану үшін қолданылады және үшінші тұлғаларға берілмеуі тиіс", -деп нақтылады баспасөз қызметі.
Қазақстандықтарға келесі ережелерді сақтау ұсынылады:
- SMS-кодтар мен дербес деректерді хабарламау;
- күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу;
- телефон арқылы алынған кез келген ақпаратты тексеру;
- күдікті қоңыраулар болған жағдайда емханаға немесе құқық қорғау органдарына хабарласу.
"Сондай-ақ азаматтардан егде жастағы туыстарына түсіндіруді сұраймыз, өйткені алаяқтар көбіне сенім мен психологиялық қысым факторларын пайдаланады", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін, қоңырау шалушылар өздерін дәрігер ретінде таныстырып, кодты айтуды сұрайтын, содан кейін мақұлданған несиелер туралы хабарламалар келетін ұқсас жағдайлар туралы жазған болатынбыз.
Қазақстандықтар дәрігерге барғаннан кейін күдікті қоңыраулар келе бастайтынын талқылап жатыр
Дәрігерден шыққан соң алаяқтар хабарласқан. Министрден жеке деректердің тарауы туралы сұралды