Әртістерді тексеру, “рехабтар“ және мемлекеттік клиникалар. Жаңа есірткілер емдеудің ескі әдістерін қалай тиімсіз етті

Сурет нейрожелі арқылы жасалған

Өткен аптада есірткіге тест тапсыру туралы ұсыныстар тағы да айтыла бастады. Елорданың мәслихат депутаттары алдымен танымал әртістерді тексеру бастамасын көтеріп, содан кейін нақты үйлер мен оқу орындарына дейінгі ошақтарды анықтау үшін кәріздегі ағын суларға зерттеу жүргізуді ұсынды.

Өткен аптада есірткіге тест тапсыру туралы ұсыныстар тағы да айтыла бастады. Елорданың мәслихат депутаттары алдымен танымал әртістерді тексеру бастамасын көтеріп, содан кейін нақты үйлер мен оқу орындарына дейінгі ошақтарды анықтау үшін кәріздегі ағын суларға зерттеу жүргізуді ұсынды.

Бір қарағанда, бұл бастамалар өте қызықты әрі оптимистік көрінеді. Иә, мүмкін біз жаңа тәуелді адамдарды және ең бастысы - есірткі өндіруге тырысатын орындарды анықтай алармыз.

Дәрігер психиатр-нарколог Алмас Құсайынов TengriHealth айдарындағы авторлық бағанында бұл мәселеге басқа қырынан қарауды ұсынады және тестілеудің неліктен тиімсіз екенін, сондай-ақ бұған жеке рехабтар мен мемлекеттік клиникалардың қандай қатысы бар екенін түсіндіреді.

Мектеп оқушылары мен полицейлерді тестілеу: шығын мен тиімділік арақатынасы

Қазақстанда 2000-жылдары мектеп оқушылары арасында ауқымды есірткі скринингтері жүргізілген болатын. Бұл тәжірибе есірткіге тәуелділікпен күресу әдісі ретінде ұсынылып, осылайша біз ерте кезеңде қолдану фактілерін анықтап, балаларға мәселені шешуге көмектесе аламыз деп айтылды.

Жасөспірімдерден зәр талдамасы алынып, тест-жолақшалардың көмегімен қолдану жағдайлары анықталды. Егер жаңылмасам, ол кезде анықталған жағдайлардың үлесі шамамен 0,4 пайызды құрады - бұл үлкен таңдама аясындағы жекелеген эпизодтар ғана.

Сарапшы туралы: Алмас Құсайынов - психиатр-нарколог дәрігер. 10 жыл бойы Республикалық есірткіге тәуелділіктің медициналық-әлеуметтік проблемалары ғылыми-практикалық орталығында жұмыс істеп, онда жедел бөлім дәрігері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды, кейін орталықтың ғылыми блогын басқарды. Емдеу және диагностикалаудың клиникалық хаттамаларын, сондай-ақ наркология саласындағы кейбір нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысты.

Мемлекет тестілеуге қомақты қаржы жұмсап, өте төмен нәтиже алды. Негізінде, бұл шаралар айтарлықтай тиімді болған жоқ. Содан кейін бұл идеядан бас тартты. Кейінірек тестілеуді құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет қызметкерлері арасында жүргізе бастады. 2026-2028 жылдарға арналған жоспарда бұл процеске әскерилерді тарту көзделген.

Мен ашық дереккөздерден осы мақсаттарға жұмсалған және жоспарланған қаражат көлемін, сондай-ақ тәуелділігі анықталған полицейлер саны туралы ақпаратты іздеп көрдім, бірақ, өкінішке қарай, таба алмадым.

Мүмкін, нашар іздеген шығармын, бірақ егер нәтижелер айтарлықтай болса - олар міндетті түрде кеңінен талқыланып, насихатталар еді.

Сондықтан заңды сұрақтар туындайды:

  • Бұл шаралар шығын мен тиімділік тұрғысынан қаншалықты ақталды?
  • Тестілеуге қанша мемлекеттік қаражат жұмсалды?
  • Осының арқасында қанша есірткі тұтынушы анықталды?

Осы цифрлар арқылы біз бір "адам-жағдайдың" бюджетке қаншаға түсетінін бағалай аламыз немесе тым болмаса соған тырысамыз. Бұл іс соған тұрарлық па? Қаржылық ресурстарымызды тура және ауыспалы мағынада "әжетханаға ағызып" жатқан жоқпыз ба, соны түсінеміз (тіке айтқаным үшін кешіріңіз). Өйткені, қазіргі жағдайға қарағанда, біз өте шектеулі нәтиже алып отырмыз.

Осыдан кейін ғана маңыздылығы кем емес мынадай сұрақ қоюға болады: Жаңадан анықталған пациенттерді не істейміз? Мемлекеттік психикалық денсаулық сақтау қызметі оларды қабылдауға қаншалықты дайын? Елімізде пациенттердің осы санатын емдеу мен оңалтудың қолданыстағы тиімді әрі әмбебап бағдарламасы бар ма?

Алмас Құсайынов
Психиатр-нарколог дәрігер

Есірткіге тәуелділерді емдеу: героиннен "синтетикаға" дейін

Соңғы бірнеше жылда мен жеке практикамен айналысамын және белгілі бір себептермен наркологиялық аурулары бар пациенттерді қабылдамаймын, мамандығымның басқа бағыттарына қайта бағдарландым. Бірақ нарколог дәрігерлер "біліктілік ешқайда кетпейді" деп әзілдейді. Сондықтан мұндай профильдегі клиникалар жұмысының ерекшелігі маған жақын әрі түсінікті.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар филиалында (2000-жылдары мұндай пациенттер емделетін "бас" мемлекеттік орталық болған) қолданылатын есірткіге тәуелді пациенттерді медициналық-әлеуметтік оңалтудың қолданыстағы бағдарламасы 2000-жылдардың басында жасалған. Бастапқыда ол сол кезде Қазақстанда ең көп таралған есірткі - героин тұтынатын адамдарға бағытталған болатын.

Бұл жүйе өз уақытында айтарлықтай тиімді болды. Бірақ мәселе мынада: қазір героиннен түбегейлі ерекшеленетін мефедрон немесе альфа-PVP - синтетикалық есірткілер тұтынылады.

Героин өсімдік тектес зат - опийден алынады. Оны азайтқанда немесе мүлдем тоқтатқанда, пациенттерде ең алдымен бұлшықет пен буынның қатты ауырсынуы пайда болатын. Азапты "ломка" кезеңі басталып, адамдар бұған шыдай алмай, көбіне медициналық көмекке өздері жүгінетін.

Дәрігерлер ауырсынуды басатын, пациенттер есін жинап, кейбірі тоқтауға әрекет жасайтын. Оңалтудың барлық кезеңдерінен өтетін. Біреулердің қолынан келетін: аурудың қайталануы да, сәтті жағдайлар да болды. Ол кезде дәрігерлерге не істеу керектігі түсініктірек еді.

Қазіргі таңда нашақорлардың басым бөлігі есірткі зертханаларында толықтай синтезделген препараттарды қолданады.

Бұл заттардың тәуелділік тудыру қабілеті сұмдық жоғары, тиісінше, бой үйрету тез. Мастану әсері героиннен бірнеше есе асып түседі, ал тәуелділік барысы әлдеқайда ауыр әрі күрделі болады.

Адам бұл ортаның тілімен айтқанда, "секіріп кетпек" болғанда, яғни есірткіден арылғысы келгенде не болады?

Онда героинге тәуелділіктегідей ауырсыну синдромымен сипатталатын алғашқы кезең айқын білінбейді, бірақ тоқтату синдромы (ломка) әлдеқайда қорқынышты өтеді. Көңіл-күйдің күрт өзгеруі ("эмоционалдық әткеншектер"), созылмалы ұйқысыздық, ең ауыр депрессиялар (тіпті суицидке дейін баратын) және өмірден мүлдем қуаныш таппау белгілері байқалады.

Бұл симптомдардың бәрі өте ұзаққа созылады және осы кезеңде адамдар бәріне дайын болады - бұл жай ғана бейнелі сөз тіркесі емес. Соның салдарынан олар қайтадан өте жиі есірткі қолдана бастайды. 

Мемлекеттік клиникалар жекеменшік "рехабтардан" қалай "жеңіліп" қалды?

Қазіргі емдеу процесінің қалай жүріп жатқанын ескеру неліктен маңызды?

Мемлекеттік клиникаларда пациенттер өз еркімен жатады, дәрігер психиатр-наркологтардың оларды мәжбүрлеп ұстауға құқығы жоқ. Тәуелді жандар клиникаға түсіп, емделе бастайды да, мен жоғарыда сипаттаған тоқтату синдромы белгілеріне тап болған бойда кетіп қалады. Нәтижесінде медициналық мекемелер пациенттерден ерте кезеңде-ақ айырылып қалады және олардың тиімділігі төмен болып шығады.

Иә, сот үкімімен мәжбүрлеп емдеу тәжірибесі бар. Бірақ бұл ең жақсы жол емес.

Кезінде әріптестеріммен бірге оның тиімділігін қадағалап көруге тырыстық, нәтижесінде көңіл көншітпейтін қорытындыға келдік: мұндай емнен кейін пациенттердің басым көпшілігі қайтадан ішімдікке немесе есірткіге салынды.

Оның үстіне, бұл әдісті жаппай қолдану, меніңше, дұрыс емес: бұл азаматтардың құқығын таптау болмай ма? Кез келген адам өз жақынының мемлекеттік мекемеде мәжбүрлі түрде қамауда отырғанын қаламайтыны анық.

Тағы бір маңызды мәселе - клиникадан шығып, арнайы есепке алынғандардың тағдыры не болмақ? Бұл есеп өмірді айтарлықтай қиындатады және пациенттердің жекеменшік клиникаларды көбірек таңдауына себеп болатын кедергілердің біріне айналады.

Қаржылық жағы да маңызды рөл атқарады.

Жекеменшік орталықтарда, маңызды факторлардың бірі орталыққа қайта тартылған және ұсталған пациенттер саны болғандықтан, қызметкерлер әрқайсысы үшін бонус алады және бұл айтарлықтай сомаларға оңай жетуі мүмкін.

Ал мемлекеттік жүйеде үлкен тәжірибесі мен дәрігерлік санаты бар дәрігер-психиатрлардың (психологтар мен өзге де мамандарды айтпағанда) алатын жалақысы салыстырмалы түрде өте қарапайым.

Соның салдарынан мемлекеттік клиникалар амалсыз көптеген пациенттерден айырылып қалады.

Қазақстанда "көлеңкелі" наркологияның - есірткіге тәуелділіктен мүлдем анонимді түрде және есепке тұрмай құтылуды ұсынатын оңалту орталықтарының (рехабтардың) қаптап кетуіне осы жағдай да себеп болса керек.

Көбіне мұнда адамдарды мәжбүрлі түрде (туыстарының келісімімен, кейде тіпті онсыз да) ұзақ уақыт бойы ұстап отырады.

Орталықтардың бәрінде бірдей медициналық қызметке лицензия жоқ. Оларды медициналық білімі жоқ адамдар (көбіне осындай "емнен" өткен бұрынғы нашақорлардың өздері) мұндай тәжірибеге мүлдем бейімделмеген коттедждер мен зәулім үйлерде ашады.

Рехабтар тартымды бизнеске айналды. Істі бастау арзан, тез қайтарымы бар қаржылық модель, міндетті лицензиялаудың қажетсіз болмауы және осыған ұқсас мекемелерде оңалтудан өткендердің арасынан "жаңа" қызметкерлерді жылдам тарту мүмкіндігі оған жол ашты.

Осының бәрі мұндай орталықтардың нақты санын ешкім білмейтін жағдайға әкелді. Есірткі қолданып көрген бір танысым айтқандай: "Олар апта сайын ашылып, апта сайын жабылып жатады".

Бірақ оларға сұраныс жоғары. Себебі бітпейтін проблемалардан шаршаған туыстары өз жақынын "қамап тастауға" өздері де қуанышты - кейде тіпті одан сәл де болса тынығу үшін де соған барады, тиісінше, ақша төлеуге дайын.

Өкінішке қарай, мемлекеттік медициналық мекемелер жоғарыда аталған жекеменшік оңалту орталықтарынан көптеген параметрлер бойынша жеңіліп жатқанын және тестілеу енгізілгеннен кейін пайда болуы мүмкін жаңа пациенттер ағынына қарапайым түрде дайын еместігін мойындауға мәжбүрмін.

Бұл саланы қалай реттеуге тырысып жатыр?

Әділдік үшін айту керек, мемлекет рехаб иелерімен қандай да бір диалог орнатуға тырысып, дөңгелек үстелдер өткізіп, меморандумдар жасасып жатыр. Оларды құрушылардың арасында өздерінің оңалту топтарына дәрігер-наркологтарды да қосатын, іске шынайы берілген адамдар кездеседі.

Рехабтардағы емнің нақты көмегі тиген пациенттердің аз ғана пайызы бар. Олар ішімдіктен де, есірткіден де алыстап, тұрақты ремиссияда жүр. Олардың жалпы массадағы нақты пайызын білу бүгінгі таңда мүмкін емес.

Бірақ барлық жағымды тұстарына қарамастан, мұндай орталықтар - ең алдымен бизнес, сол үшін олардың иелерін тағы да аса айыптай алмаймын. Олар бұл орталықтарды өз қаражаты есебінен құрды, сондықтан оларға пайда керек. Осылайша, пациент оңалту орталығында тек туыстары ақшасын төлеген уақыт бойы ғана емделеді. Одан артық емес.

Бірақ тағы да сұрақ - ол нақты қайда және қалай емделіп жатыр? Алдымен тым болмаса осы сұраққа жауап беруіміз керек. Содан кейін ғана әрі қарай не істеу керектігін ойланып, тестілеуді енгізу туралы айтуға болады. Ойын ережелері мен шарттары барлығына түсінікті әрі ашық болғанын қалаймыз. Әйтпесе, нәтижесі өте күмәнді бола тұра, тағы да миллиондаған шығынға бату қаупі бар.

Редакцияның пікірі автордың көзқарасымен әрдайым сәйкес келе бермейді. 

Аударған: Нұрила Ермекбаева

Жарнама
Жарнама
Tengrinews

Жарнама
Жарнама