Асылған ет, сорпа және сүт қосылған шай: дұрыс тамақтану туралы мифтер

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

"Сорпа ішпесең, асқазаныңды құртасың", "сағат алтыдан кейін тамақтануға болмайды", "сүт қосқан шай судан пайдалырақ" - бұл кеңестер әрбір қазақстандыққа таныс десек артық айтқандық емес.

TengriHealth тілшілері қандай наным-сенімдер денсаулықты сақтауға шынымен көмектесетінін, ал қайсы миф екенін анықтап көрді.

Сорпа ішпесе, асқазан құртыла ма?

Тамақтануға қатысты ең танымал мифтердің бірі - бір кесе сорпа ішпесең, "асқазаныңды құртасың" деген сенім. Көбісі бала кезінен ағзаға міндетті түрде "сұйық ас" қажет, әйтпесе ас қорытуда мәселелер туындайды дегенді естіп өскен.

Дегенмен, нутрициолог әрі диетолог Анастасия Колпакова сорпа салауатты рационның міндетті бөлігі емес екенін түсіндіреді.

"Сорпаның өзі ас қорытудың саулығына кепілдік бермейді. Мұнда тағамның қаншалықты жақсы шайналғаны және жалпы рационның қандай екені үлкен рөл атқарады".

Анастасия Колпакова
нутрициолог әрі диетолог
Автор туралы: Анастасия Колпакова - диетолог, медицина магистрі, дәлелді диетология академиясының негізін қалаушы.

Оның айтуынша, ең маңыздысы - теңгерімді тамақтану ережелерін сақтау. Тұрақты тамақтану, көкөністерді, жеміс-жидектерді, бұршақ тұқымдастар мен дәнді дақылдарды жеткілікті мөлшерде тұтыну, су ішу режимін сақтау және қатаң шектеулердің болмауы ас қорытуға мәзірде сорпаның болуынан әлдеқайда күштірек әсер етеді.

Ұлттық тағамдарды денсаулыққа зиян келтірмей тұрақты түрде жеуге бола ма?

Қазақстанда бірде-бір мереке, отбасылық салтанат немесе жәй ғана жұма күнгі басқосу ет асусыз, қазы және басқа да дәстүрлі ет тағамдарынсыз өтпейді. Кейбіреулер мұндай тағамды, әсіресе жиі тұтынса, зиян деп санайды. Ал басқалары етке салат немесе пияз қосса жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ деп сенеді.

Диетолог маман ұлттық асхананы "зиян" және "пайдалы" деп бөлмеуге кеңес береді. Адамның мұндай тағамдарды қаншалықты жиі, қандай мөлшерде жейтіні және оның жалпы рационы неден тұратыны әлдеқайда маңызды.

"Асылған ет, қазы, майлы ет - бұл энергетикалық тығыздығы жоғары тағамдар. Олардың құрамында калория, қаныққан майлар мен тұз көп болуы мүмкін. Сондықтан, егер оларды жиі және үлкен порциямен жесе, әсіресе аз қозғалатын өмір салтында бұл салмақ қосу, липидтік алмасудың бұзылуы және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы мүмкін", - деп түсіндіреді Анастасия Колпакова.

Анықтама: Липидтік алмасу - бұл ағзаның майларды (липидтерді) қорыту, тасымалдау, пайдалану және жинақтау процесі.

Бірақ мұндай тағамды күнделікті рационға үйлестіруге болады. Егер тамақтанудың 80 пайызы теңгерімді ас ішуден тұрса, онда дәстүрлі тағамдарға қарсылық болмайды.

"Мысалы, асылған етке көкөністердің мол порциясын қосуға болады, еттің көрініп тұрған майын мүмкіндігінше алып тастап, оны да көкөністермен және көк шөптермен бірге тұтынған жөн", - деп кеңес береді сарапшы.

Сүт қосқан шай: ол судан пайдалы ма және шөлді қандыра ма?

Көптеген қазақстандық үшін сүт қосқан шай - жай ғана сусын емес. Онымен таңды атырып, қонақты қарсы алады, түскі асты толықтырып, кешкі асты қорытады. Кейбіреулер дәл осы шай шөлді жақсы қандырады, ұйқыны ашуға немесе жұмысқа зейін қоюға көмектеседі деп сенеді. Алайда, диетологтың айтуынша, бұл дәлелденген пайдадан гөрі әдетке көбірек байланысты.

"Сүт қосқан шай, егер адамға ол ұнаса және ағзасы жақсы қабылдаса, рационның бір бөлігі бола алады", - дейді сарапшы.

Бірақ Колпакованың сөзінше, мәселе сусынның өзінде емес, дәстүрлі шай ішу рәсімінің бір кесе шаймен шектелмейтінінде.

Дастарханға міндетті түрде кәмпит, бауырсақ, пісірмелер немесе басқа да тәттілер қойылады, ал шайдың өзіне сүт, қаймақ және қант қосылады.

"Мұндай шай ішу калориялылығы жағынан толыққанды тіскебасарға немесе тіпті қосымша тамақтануға айналуы мүмкін. Сондықтан шөлді қандыру үшін ең тиімді нұсқа - кәдімгі су болып қала береді", - деп нақтылады сұхбат берушіміз.

Фото: Depositphotos.com

Қымыз, шұбат және айранды күнде ішуге бола ма?

Қымыз, шұбат және айран да қазақ асханасында ерекше орын алады. Біз бұл сусындарды күнде ішуге бола ма, әлде шектеулер бар ма дегенді сұрап білдік.

Колпакованың айтуынша, бұл дәстүрлі қышқыл сүт өнімдері рационның пайдалы бөлігі бола алады.

Өйткені олардың құрамында ақуыз, кальций және басқа да нутриенттер (ағзаның қалыпты жұмысы, өсуі және денсаулығы үшін қажетті қоректік заттар) бар.

"Бірақ олар толыққанды тамақтануды алмастырмайды. Сондай-ақ көтере алу-алмауын ескеру қажет: біреулер қышқыл сүт сусындарын жақсы көтерсе, енді біреулерде асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудыруы мүмкін", - деп ескертеді ол.

Басқа өнімдер сияқты, егер адам сау болса және бұл сусындарды жақсы қабылдаса, күнделікті қалыпты мөлшерде тұтынуға болады.

Арықтау кезінде көмірсулардан бас тартып, алтыдан кейін тамақ ішпеу керек пе?

Тағы бір кең таралған миф: салмақ тастау үшін көмірсулардан толық бас тартып, кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеу керек дейді.

Біздің сарапшы бұл пікірді теріске шығарып, ең бастысы калория тапшылығын қалыптастыру қажет екенін айтады.

"Салмақ белгілі бір өнімнен немесе макроэлементтен емес, ағза жұмсайтын энергиядан гөрі тамақпен келетін энергия көп болғанда қосылады. Бұл керісінше де жұмыс істейді: салмақ тастау үшін тұрақты энергия тапшылығы маңызды", - дейді диетолог.

Анастасия Колпакова көмірсуларды күрт азайту арықтау процесін өздігінен жылдамдатпайтынын немесе дұрыс етпейтінін атап өтті. Сонымен қатар, күрделі көмірсулардың көзі - жармалар, тұтас дәнді нан, бұршақ тұқымдастар, көкөністер мен жемістер - теңгерімді тамақтанудың ажырамас бөлігі бола алады. Олар ағзаға энергия, тағамдық талшықтар, дәрумендер мен минералдар береді.

Ал кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеу "ережесіне" келсек - маманның айтуынша, салмақты бақылау үшін соңғы тамақтану уақыты емес, күні бойғы мәзірдің қандай болғаны әлдеқайда маңызды.

Егер адам күні бойы өзін шектеп, кешке "тек шай ішемін" деп, оны көп мөлшердегі тәттімен немесе пісірмемен ішсе, бұл салмақ тастауға кедергі келтіріп, кешкісін артық тамақтану әдетін қалыптастыруы мүмкін.

"Мен мұндай қатаң ережені ұсынбас едім, одан да күн тәртібіне, ашығу сезіміне және кешкі астың құрамына назар аударған жөн. Кешкісін жеңіл әрі теңгерімді ас ішу - қалыпты жағдай", - дейді нутрициолог.

Фото: Depositphotos.com

Тамақты сумен ішуге бола ма?

Көпшілігіміз бала кезден ата-анамыздан "тамақты сумен ішуге болмайды, ол ас қорытуды нашарлатады" дегенді естіген шығармыз. Сондықтан алдымен тамақ жеп, суды кейін ішуге кеңес берілетін.

Шын мәнінде, диетологтың айтуынша, су асқазан сөлін ас қорыту процесі тоқтап қалатындай "сұйылтып" жібермейді.

"Тамақ кезінде су ішсеңіз, одан ештеңе бүлінбейді, ол ас қорыту процесін бұзбайды. Керісінше, әсіресе тамақ құрғақ болса, оның жұтылуын жеңілдетуі мүмкін. Сонымен қатар, судың калориясы жоқ", - деп түсіндірді Колпакова.

Сондай-ақ, адамның суды отырып немесе тік тұрып ішуінің де маңызы жоқ.

Бөлек тамақтану тиімді ме және тәттіні тек түскі асқа дейін жеу керек пе?

Маман бөлек тамақтанудың пайдасын да растамады. Оның айтуынша, адамның ас қорыту жүйесі бастан-ақ аралас тағамға бейімделген және ақуыздарды, майларды, көмірсуларды бір мезгілде қорыта алады.

"Бөлек тамақтану идеясы қисынды көрінгенімен, физиология тұрғысынан бұған ешқандай қажеттілік жоқ. Ал қатаң тамақтану ережелері кейбір адамдарда тамаққа қатысты мазасыздықты арттырып, рационды тым қатты бақылауға әкелуі мүмкін", - дейді маман.

Сонымен қатар, ол тәттіні тек күндізгі сағат 12-ге дейін жеу керек деген ережені де негізсіз деп атады. Диетологтың айтуынша, тәтті тағам белгілі бір уақыттан кейін дене бітіміне автоматты түрде зиян бола бастайтын "сиқырлы уақыт" жоқ. 

Десертті жеген нақты уақыттан гөрі калорияның жалпы мөлшері, тамақтану режимі және порция көлемі маңыздырақ.

Микротолқынды пеш денсаулыққа қауіпті ме?

Сарапшы микротолқынды пештерге қатысты қауіптерді де миф деп атады.

"Микротолқынды пеш тағамды микротолқындар көмегімен жылытады, бұл - иондамайтын электромагниттік сәулеленудің бір түрі. Ол тағамды радиоактивті етпейді, өнімдерде "жиналмайды" және оларды канцерогенге айналдырмайды", - деп түсіндіреді Анастасия Колпакова.

Тағамның жылитын себебі - молекулалар, соның ішінде су молекулалары белсенді қозғала бастайды, соның нәтижесінде жылу бөлінеді, деп нақтылады маман.

"Микротолқынды пешті дұрыс пайдалану керек. Есігі зақымдалған пешті қосуға, сәйкес келмейтін пластик ыдыстарды қолдануға немесе сұйықтықтарды шектен тыс қыздыруға болмайды. Қауіп "радиациямен" емес, күйік алумен, тамақтың шамадан тыс қызуы және қауіпті ыдыспен байланысты", - деп толықтырды сарапшы.

Қазіргі көкөністер мен жемістерде дәрумен жоқ деген рас па?

Бұл - миф, дейді Колпакова. 

Дәрумендер ең алдымен өсімдіктің өсуі мен зат алмасу процестері үшін қажет, сондықтан алдыңызда піскен жеміс тұрса, онда дәрумендер бар деген сөз, дейді диетолог.

Олардың мөлшері шынымен де сұрпына, пісу деңгейіне, сақталу және дайындалу жағдайларына байланысты болғанымен, олар мүлдем жойылып кетпейді.

"Көбірек пайдасын сақтап қалу үшін өзіңізге қолжетімді және ұнайтын көкөністер мен жемістерді таңдаңыз, мүмкіндігінше маусымдық өнімдерді қосыңыз, оларды дұрыс сақтаңыз және тікелей тұтынар немесе пісірер алдында жуыңыз", - деп кеңес береді спикер.

Фото: Depositphotos.com

Қазақстандықтардың қандай тамақтану әдеттері денсаулыққа шынымен зиян?

  • Сарапшының айтуынша, басты мәселе - тұзды шамадан тыс тұтыну болып қала береді.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстанда тұзды тұтынудың орташа мөлшері күніне шамамен 17 грамм болады, ал ДДСҰ тәулігіне 5 грамнан аз тұтынуды ұсынады. Бұл ұсынылған деңгейден шамамен төрт есе көп", - дейді маман.

Ол тұздың шамадан тыс мөлшері артериялық гипертензия, жүрек-қан тамырлары аурулары және асқазан обыры қаупінің артуымен байланысты екенін атап өтті.

  • Екінші орында - майлы және/немесе өңделген етті жиі тұтыну: тұздалған, ысталған, кептірілген ет өнімдері, шұжықтар, сүрленген өнімдер, еттің тым майлы кесектері.

"Бұл оларға мүлдем тыйым салу керек дегенді білдірмейді, бірақ олар күнделікті тағам болмауы тиіс", - деп ескертеді Колпакова.

  • Қазақстандықтардың зиян әдеттерінің ішінде үшінші орында күніне бірнеше рет тәттімен шай ішу тұр.

Диетологтың айтуынша, көбісі мұндай жеңіл тамақтануды толыққанды ас ішу деп қабылдамайды, бірақ іс жүзінде олар қант, май және калория тұтынуды айтарлықтай арттыруы мүмкін.

  • Тізімді рациондағы көкөністердің, жеміс-жидектердің, бұршақ тұқымдастардың және тұтас дәнді өнімдердің тапшылығы түйіндейді.

Маманның түсіндіруі бойынша, егер тарелканың негізін ет пен ұн өнімдері құраса, тамақтану түрі азайып, ағзаға жасұнық аз түседі.

"Дәстүрді сақтай отырып, дұрыс тамақтану маңызды: тұз бен қантты азайту, өңделген етті аз пайдаланып, қызыл етті қалыпты мөлшерде жеу, көкөністер мен жасұнықты көбейту, порцияларды бақылау және тек мерекелерде емес, күнделікті не жейтінімізге көбірек көңіл бөлу керек", - деп түйіндеді Анастасия Колпакова.

Аударған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама

Жарнама
Жарнама