“Күнге күю ДНҚ-ны зақымдайды“: дәрігер күн сәулесі ең қауіпті аймақтарды атады

Фото:depositphotos.com

Әлемдегі көптеген адам, соның ішінде қазақстандықтарға да күнге күю әлі күнге дейін сұлулықтың символы және мінсіз демалыстың нәтижесі саналады. Алайда сарапшылар терінің қола түске енуі іс жүзінде денсаулықтың емес, ДНҚ зақымдалғанының белгісі екенін айтады. Қазақстанда күннің қандай қаупі бар және оның салдарынан қалай қорғану керек екенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Қазақстанның қай аймақтарында күн сәулесі ең қауіпті және кімдер тәуекел тобына жатады?

Дәрігер-дерматовенеролог Әсия Жазылбекованың айтуынша, жаз мезгілінде Қазақстанда күн сәулесі өте күшті болуы мүмкін. Алайда ел аумағының кең болуына байланысты ультракүлгін сәуленің қарқындылығы айтарлықтай өзгереді.

Анықтама: ультракүлгін сәулелену индексі (UV Index немесе УК-индекс) - бұл көрсеткіш белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде күннің ультракүлгін сәулеленуі қаншалықты күшті екенін көрсетеді. Ол күн сәулесінің тері мен көзге қаншалықты тез зиян келтіретінін бағалауға көмектеседі. Индекс неғұрлым жоғары болса, күнге күю қаупі соғұрлым жоғары және бұл соғұрлым тез болуы мүмкін.

Егер солтүстікте, мысалы, Астанада жазда максималды УК-индекс алты шамасында болса, оңтүстікте ол әлдеқайда жоғары көрсеткіштерге жетеді.

"Мәселен, Алматы мен Шымкентте маусым-тамыз айларында орташа максималды UV Index 9–10 көрсеткішке дейін көтерілуі мүмкін, бұл "өте жоғары" және "экстремал" санатқа жатады".

Әсия Жазылбекова
дерматовенеролог
Спикер туралы: Әсия Жазылбекова - дерматовенеролог дәрігер, медицина ғылымдарының магистрі, тері және венерологиялық аурулар саласындағы мамандарды біріктіретін жетекші халықаралық қоғамдастық - EADV (European Academy of Dermatology and Venereology) мүшесі.

Дәрігердің айтуынша, бұл өңірлерде арнайы қорғаныссыз күн астында жүру теріні бірнеше минуттың ішінде-ақ қатты зақымдауы мүмкін. Әсіресе сағат 10:00 мен 16:00 аралығында, күннің белсенділігі ең жоғары болатын уақытта қауіп күшейеді.

Дәрігер жоғары қауіп аймақтарына мына өңірлерді жатқызады:

  • Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары;
  • су жағасындағы демалыс орындары: Каспий, Балқаш, Алакөл және Қапшағай;
  • таулы аймақтар.

Әсия Жазылбекованың айтуынша, ультракүлгін сәуленің күшті әсеріне ұшырау қаупі оңтүстікке жақын орналасқан, климаты ыстық, теңіз деңгейінен биік және күн сәулесін шағылыстыратын беттері көп өңірлерде әлдеқайда жоғары болады.

"Солярийге жиі баратын, терісі ақшыл, көзі ашық түсті немесе шашы жирен әрі ақшыл адамдар ерекше сақ болуы керек", - деп ескертеді спикер.

Сондай-ақ жоғары қауіп тобына мына адамдар кіреді:

  • меңдері көп, әсіресе олардың арасында атипиялық түрлері бар адамдар;
  • бұрын тері қатерлі ісігіне шалдыққандар;
  • сонымен қатар отбасында жақын туыстары меланомамен ауырған адамдар.

Күнге күйіп қалу - зақымдану белгісі

Маман көптеген адам әлі күнге дейін күнге күюді денсаулықтың белгісі ретінде қабылдайтынын, бірақ медициналық тұрғыдан бұл мүлдем олай емес екенін атап өтті.

"Күнге күю - бұл ультракүлгін сәуленің әсерінен меланин пигментінің көбеюіне байланысты терінің қарайып кетуі. Яғни, бұл жай ғана "терінің әдемі реңкі" емес, оның УК-сәуледен қорғану реакциясы. Сонымен қатар дерматологиялық тұрғыдан алғанда, пайдалы немесе қауіпсіз тотығу деген ұғым жоқ. Мұндай өзгерістер жасушалар мен ДНҚ-ның зақымдалуымен қатар жүреді", - деп түсіндіреді ол.

Бұл ретте ультракүлгіннің жинақталу әсері адам күнге күйіп қалмаған жағдайда да жүре береді.

"Ұзақ мерзімді перспективада күн терінің қартаюын тездетеді: тері серпімділігін жоғалтады, әжім басады, пигментті дақтар пайда болып, қантамырлары кеңейеді. Сондай-ақ тері қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады", - деп толықтырды дәрігер.

Егер адамда D дәруменінің тапшылығы анықталса, Әсия Жазылбекова оны күнге күйіп толықтыруға тырыспауға кеңес береді. Оның орнына маманмен кеңесіп, дұрыс тамақтану рационын немесе қажет болған жағдайда D дәрумені қоспаларын қабылдау мәселесін талқылаған жөн.

Күйіктен катарактаға дейін: күннің қаупі неде?

Дәрігер күн астында шамадан тыс жүру тез байқалатын салдарға да, жылдар өткен соң пайда болатын ауруларға да әкеп соғуы мүмкін екенін нақтылады.

Жазылбекова бұл салдарды екі негізгі санатқа бөледі.

Жедел салдар (дереу реакция):

  • қызару,
  • ауырсыну,
  • терінің ісінуі,
  • күнге күю, соның ішінде көпіршіктер пайда болатын ауыр түрлері,
  • жалпы жүйелі бұзылулар: ағзаның сусыздануы және қызып кетуі.

Ұзақ мерзімді салдар (жинақталу әсері):

  • фотоқартаю: тері эластикасының жоғалуы, терең әжімдердің пайда болуы және тұрақты тамырлық өзгерістер;
  • пигментті дақтар;
  • иммуносупрессия - терінің қорғаныс функцияларының төмендеуі;
  • онкологиялық аурулар (тері қатерлі ісігі): базальды жасушалы қатерлі ісік, жалпақ жасушалы қатерлі ісік және меланома;
  • көздің зақымдануы, соның ішінде катарактаның ықтимал дамуы (көз бұршағының біртіндеп бұлыңғырлануы);
  • органикалық зақымданулар - кератоздардың және актиникалық кератоздың (ісікалды жағдай) дамуы.
Анықтама: кератоз - бұл теріде шамадан тыс мүйізденген аймақтардың пайда болуымен сипатталатын жағдай, яғни тері жасушалары әдеттегіден тезірек жинала бастайды. Нәтижесінде бұжыр, тығыз немесе қабыршақты дақтар пайда болады.

Фото: Depositphotos.com

Қауіпті уақытында байқау үшін дерматовенеролог бірнеше айда бір рет теріні өз бетінше тексеріп тұруға және меңдерді бақылау үшін халықаралық ABCDE ережесін қолдануға кеңес береді:

A (Asymmetry): пішіннің асимметриясы.
B (Border): жиегінің тегіс емес, бұлыңғыр немесе ирек болуы.
C (Color): түстің біркелкі еместігі (бір меңнің ішінде қоңыр, қара, қызыл, көк түстердің болуы).
D (Diameter): диаметрінің алты миллиметрден асуы (дегенмен меланома бұдан кіші де болуы мүмкін).
E (Evolution): кез келген өзгерістер - өсу, қышу, қанау, пішіннің өзгеруі.

"Сондай-ақ жазылмайтын жаралар, қанайтын түзілімдер, 30–40 жастан кейін жаңа қоңыр дақтардың пайда болуы, сонымен қатар "ұсқынсыз үйрек балапаны" симптомы - бір меңнің басқалардан күрт ерекшеленуі секілді белгілер сақтандыруы тиіс", - деп тізіп өтті маман.

Тәуекел деңгейі төмен болса, дерматологтың жоспарлы тексеруіне жылына бір рет бару жеткілікті, бірақ қауіп факторлары немесе теріде өзгерістер болған жағдайда дәрігерге дереу қаралу қажет.

Қазақстандықтар күн туралы қандай мифтерге әлі күнге дейін сенеді?

Сонымен қатар Әсия Жазылбекова бірнеше танымал жаңсақ түсініктерді жоққа шығарды.

Миф: қараторы теріге SPF-крем қажет емес

Бұл - ең көп таралған мифтердің бірі. Дәрігердің айтуынша, қараторы тері шынымен де сирек күйеді, бірақ ол да ультракүлгін сәулелердің әсеріне ұшырайды, тез қартаяды және тері қатерлі ісігінің даму қаупі сақталады. Сондықтан күннен қорғайтын крем кез келген тері типіндегі адамдарға қажет.

Салқын немесе бұлтты ауа райында күн қауіпсіз

Тағы бір кең таралған жаңсақ түсінік бұлтты ауа райына байланысты.

"Ультракүлгін сәулелердің 80 пайызына дейін бұлттан еркін өтеді. Қартаю процестерін қоздыратын және тері қатерлі ісігінің дамуына ықпал ететін UVA сәулелері бұлтты күндері де, тіпті қыста да бірдей белсенді болып қала береді", - деді Жазылбекова.

Сондықтан SPF қолдану күнделікті пайдалы әдетке айналуы тиіс, деп санайды спикер.

Солярий - күннің қауіпсіз баламасы

Солярийдегі бақыланатын күнге күю ашық күн астында жүргеннен қауіпсізірек деген пікір бар. Алайда Әсия Жазылбекова жасанды ультракүлгін сәулеленудің, керісінше, қатерлі ісіктердің даму ықтималдығын күрт арттыратынын баса айтады.

"Зерттеу нәтижелері бойынша, егер адам солярийді 30 жасқа дейін қолдана бастаса, тері меланомасының пайда болу қаупі 75 пайызға артады. Әрине, бұл жалпыланған дерек, сеанстар саны мен тері типі де маңызды рөл атқарады. Бірақ жалпы алғанда, мен бұл процедураны ұсынбаймын", - дейді дәрігер.

SPF 100 кремі жүз пайыздық қорғаныс береді

Әсия Жазылбекованың айтуынша, ешбір күннен қорғайтын крем ультракүлгінді толық бұғаттай алмайды. Қазақстанның жазында қорғаныс жан-жақты болуы тиіс. Кремді жағып қана қоймай, оны әр екі сағат сайын жаңартып отыру, дұрыс мөлшерде қолдану, сондай-ақ көлеңкені, жабық киімді, бас киімдер мен күннен қорғайтын көзілдіріктерді пайдалану маңызды.

Сәйкес келетін санскринді (күннен қорғайтын крем) қалай таңдау керек, оны сатып алу кезінде не нәрсеге назар аудару қажет және дененің қай бөліктерін күннен қорғауды көпшілігі ұмытып кететіні туралы - мына жерден оқуға болады.

Аударған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама

Жарнама
Жарнама