Неге қатерлі ісіктің барлық түрін бірден тексеру мүмкін емес: онколог танымал мифті жоққа шығарды

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Медицинада мифтер аз емес. Солардың бірі - ағзаны қатерлі ісіктің барлық түріне бірден тексеруге болады деген сенім. Онкологтардың айтуынша, оларға осындай өтінішпен келетіндер жиі кездеседі. TengriHealth тілшісі қандай тексерулер ісікті ерте кезеңде анықтауға шынымен көмектесетінін, ал қайсы пайдасыз екенін анықтап көрді.

"Қатерлі ісіктің барлық түрін жоққа шығаруға мүмкіндік беретін бірыңғай талдау жоқ"

Қазақстанда скринингтер онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін енгізілген. Бірақ олар ірі зерттеулер бұл талдаулардың диагнозды ертерек қоюға, емдеуді уақтылы бастауға және соңында өлім-жітімді азайтуға шынымен мүмкіндік беретінін көрсеткенде ғана қолданысқа енеді.

Қазіргі уақытта қатерлі ісіктің тек кейбір түрлері үшін бірнеше тиімді скринингтік бағдарлама әзірленген, деп түсіндірді біз пікір алған клиникалық онколог, химиотерапевт Елена Уколова.

"Тек максималды тексерулерден өте салуға болмайды. Бұл процеске ақылмен келу керек. Сондай-ақ, қатерлі ісіктердің барлық түрін жоққа шығаруға мүмкіндік беретін бір қан талдауы, бір зерттеу немесе бір "онкочекап" жоқ", - деп түсіндірді сарапшы.

Елена Уколова
клиникалық онколог, химиотерапевт
Спикер туралы: Елена Уколова - онколог-дәрігер, қатерлі ісіктерді дәрі-дәрмекпен емдеу жөніндегі маман, онкология саласындағы халықаралық білім беру бағдарламаларының қатысушысы. Ол өз жұмысында дәлелді медицина принциптерін ұстанады және онкологиялық аурулар туралы ғылыми негізделген ақпаратты насихаттаумен айналысады.

Мысалы, ұйқы безі, аналық без және ми қатерлі ісігі үшін ерте анықтаудың әмбебап әдістері әзірге жоқ.

Онкоскринингтер: қандай тексерулер қатерлі ісікті анықтауға көмектеседі?

Жатыр мойны обыры

Елена Уколованың айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігі - көп жағдайда ерте кезеңде анықтап қана қоймай, сонымен қатар алдын алуға болатын онкологиялық аурулардың санаулы түрлерінің бірі. Бұл аурудың алдында анықтауға және уақтылы емдеуге болатын ісікалды өзгерістерге байланысты.

Маман кімдерге скринингтен өтуді ұсынады:

  • 21 жастан асқан қыздарға - үш жылда бір рет ПАП-тест (жатыр мойны жасушаларын цитологиялық зерттеу);
  • 30 жастан бастап - бес жылда бір рет онкогендік қаупі жоғары адам папилломасы вирусына (АПВ) тест немесе ко-тестілеу (ПАП-тест және АПВ-ға талдау).

Бұл ретте, онкологтің сөзінше, Қазақстанда мемлекеттік скрининг 30-70 жас аралығындағы әйелдерге тегін жүргізіледі. ПАП-тест төрт жылда бір рет тіркелген жері бойынша жасалады.

"Онкогендік қаупі жоғары АПВ, дисплазия немесе басқа да өзгерістер анықталған жағдайда, әрі қарай бақылау кестесін дәрігерлер жеке анықтайды", - деп толықтырды ол.

Сүт безі қатерлі ісігі

Маммография - сүт безі қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімді азайтуда тиімділігі дәлелденген жалғыз скрининг әдісі.

"Скринингтен 40 жастан бастап, әрбір бір-екі жыл сайын өтуге кеңес беремін (аралық әртүрлі халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына және жеке қауіп факторларына байланысты)", - деп түсіндірді Елена Уколова.

Қазақстанда 40–70 жас аралығындағы әйелдер де Маммографиядан екі жылда бір рет тегін өте алады.

"Тұқым қуалайтын синдромдар (мысалы, BRCA1, BRCA2, PALB2 мутациялары) болған жағдайда мамандар басқа бақылау стратегиясын қолданады. Мысалы, скринингті жас кезінен бастау, сүт бездерінің МРТ-сы және жиірек тексерілу", - деп нақтылады ол.

Анықтама: BRCA1, BRCA2, PALB2 - жасушаларға зақымдалған ДНҚ-ны қалпына келтіруге көмектесетін және ағзаны қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің дамуынан қорғайтын адам гендерінің атаулары. 

Колоректальды обыр

Елена Уколова колоректальды қатерлі ісіктің де ерте анықтауға ғана емес, сонымен қатар алдын алуға болатын ауруларға жататынына назар аудартады.

Мысалы, колоноскопия кезінде дәрігер полиптерді (ішкі мүшелердің шырышты қабығындағы тіндердің кішігірім өсінділері) олар қатерлі ісікке айналып үлгергенше анықтап, алып тастай алады.

"45 жастан бастап 10 жылда бір рет колоноскопиядан өту керек. Балама ретінде жыл сайын FIT-тест (Fecal Immunochemical Test) - нәжістің жасырын қанға заманауи иммунологиялық талдауын тапсыруға болады", - деді маман.

Егер тест оң нәтиже көрсетсе, міндетті түрде колоноскопиядан өту қажет.

Қазақстанда 50-ден 70 жасқа дейінгі әйелдер тегін мемлекеттік скринингтен өтеді. Ол үшін екі жылда бір рет FIT-тест қолданылады.

"Линч синдромы, отбасылық аденоматозды полипоз немесе айқын тұқым қуалаушылық болған жағдайда тексеру әлдеқайда ерте басталып, жиі жүргізіледі", - деді сарапшы.

Анықтама: Линч синдромы - бұл генетикалық өзгерістерге байланысты тоқ ішек қатерлі ісігінің, сондай-ақ эндометрий, асқазан, аналық без және басқа да кейбір мүшелерде қатерлі ісіктің даму қаупін айтарлықтай арттыратын тұқым қуалайтын ауру. Тұқым қуалайтын аденоматозды полипоз (ТАП) - тоқ ішекте жүздеген, тіпті мыңдаған полиптер пайда болатын сирек кездесетін тұқым қуалайтын ауру. Егер оларды емдемесе, колоректальды қатерлі ісіктің даму қаупі өте жоғары болады.

Өкпе қатерлі ісігі

Келесі кезекте - өкпе қатерлі ісігі. Ол бүкіл әлем бойынша онкологиялық аурулар арасында өлім-жітім көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр және Қазақстанда да қатерлі ісіктен болатын өлімнің ең көп тараған себептерінің бірі болып қала береді.

Бұл аурудан болатын өлім-жітімді азайтуға шынымен көмектесетін жалғыз скрининг әдісі - төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ).

Дәрігер мұндай тексеруден өтуге мына адамдарға кеңес береді:

  • 50-ден 80 жасқа дейінгі адамдарға;
  • 20 жыл бойы күніне кемінде бір қорап темекі шеккендерге;
  • темекі шегуді жалғастырып жүргендерге;
  • сондай-ақ темекіні тастағанына 15 жыл толмаған адамдарға.

Бірақ маманның айтуынша, қауіп факторлары жоқ адамдарға "сақтық үшін" деп кеуде қуысы мүшелерінің қарапайым компьютерлік томографиясын жасатудың қажеті жоқ.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламада мұндай скрининг әлі жоқ, бірақ бұл мәселе қазірдің өзінде талқыланып жатыр", - деді сарапшы.

Фото:depositphotos.com 

Қуық асты безінің қатерлі ісігі (простата обыры)

Алдыңғы онкологиялық аурулардан айырмашылығы, қуық асты безі қатерлі ісігінің скринингіне қатысты жағдай бірмәнді емес, деп санайды онколог.

"Негізгі әдіс - простата-спецификалық антиген (ПСА - қуық асты безі жасушалары түзетін ақуыз) деңгейін анықтау. Бірақ бұл талдау тек клиникалық маңызы бар ісіктерді емес, сонымен қатар пациенттің өмір сүру ұзақтығына ешқашан әсер етпейтін, баяу өсетін қатерлі ісік түрлерін де анықтап бере алады", - деп түсіндірді спикеріміз.

Яғни, олардың "тыныштығы" сонша, адам ол туралы тіпті білместен өмір сүріп, басқа себептен қайтыс болуы әбден мүмкін.

Сондықтан, дәрігердің айтуынша, бүгінде барлық еркектерге арналған әмбебап скрининг жоқ. Алайда тексеруден өтуді мына жағдайларда қарастыруға болады:

  • 50 жастан бастап - зерттеудің артықшылықтары мен шектеулерін дәрігермен талқылағаннан кейін;
  • 45 жастан бастап - жоғары қауіп факторлары болған жағдайда (мысалы, отбасылық анамнез).

"Бірақ зерттеу жүргізу туралы шешімді пайдасы мен ықтимал қауіптерін талқылай отырып, дәрігермен бірге қабылдау керек", - деп нақтылады ол.

Асқазан қатерлі ісігі

Елена Уколованың сөзінше, көптеген елде асқазанды эндоскопиялық зерттеу (ФГДС) жаппай скринингтік бағдарламаларға кірмейді. Дегенмен, Жапония мен Оңтүстік Кореяда бұл тәсіл өлім-жітімді азайтуға қабілетті екенін дәлелдеді.

Маманның айтуынша, Қазақстанда бұл ауру әлі де жиі кездеседі.

Дәрігер адамда бір немесе бірнеше қауіп факторы болса, профилактикалық гастроскопияны дәрігермен талқылауды ұсынады:

  • жасы 50-ден асқандар;
  • Helicobacter pylori инфекциясы;
  • атрофиялық гастрит;
  • ішек метаплазиясы;
  • отбасында асқазан қатерлі ісігінің болуы.

Тері және ауыз қуысы

Бұл тексерулер мемлекеттік скринингтік бағдарламаға кірмесе де, онколог оларды алдын алудың маңызды бөлігі деп санайды:

"Тері қатерлі ісігі - әлемдегі ең көп тараған онкологиялық ауру, ал меланома - ең агрессивті ісіктердің бірі".

Оның айтуынша, терісінде меңі көп, терісі ақшыл немесе отбасында меланома жағдайлары кездескен адамдар терінің жай-күйіне ерекше мұқият болуы керек. Дәрігер оларға дерматологқа қаралуды ұсынады.

Сонымен қатар, сарапшы SPF-і бар күннен қорғайтын құралдарды пайдалануға және меңдерді бақылау үшін халықаралық ABCDE ережесі бойынша теріні үнемі өз бетінше тексеріп тұруға кеңес береді:

  • A (Asymmetry): пішіннің асимметриясы.
  • B (Border): тегіс емес, бұлыңғыр немесе иректеліп келген жиектер.
  • C (Color): біркелкі емес түс (бір меңнің ішінде қоңыр, қара, қызыл, көк түстердің болуы).
  • D (Diameter): диаметрі алты миллиметрден асады (дегенмен меланома бұдан кіші де болуы мүмкін).
  • E (Evolution): кез келген өзгерістер - өсуі, қышуы, қанауы, пішінінің өзгеруі.

"Стоматологтың профилактикалық қарауынан өтуді де ұмытпаған жөн. Олар ауыз қуысының шырышты қабығындағы өзгерістерді, әсіресе темекі шегетіндер мен алкогольді шамадан тыс тұтынатын адамдарда дер кезінде байқауға көмектеседі", - деді ол.

SPF-кремді қалай дұрыс таңдау керек және не нәрсеге назар аудару қажет екені туралы толығырақ осы жерде.

Неге қатерлі ісіктің барлық түріне бірдей тексерілу мүмкін емес?

Егер кейбір ісіктерді ерте анықтаудың тиімді әдістері болса, неге бір үлкен тексеруден өтіп, бүкіл ағзаны тексертуге болмайды?

Дәрігер онкологияда "неғұрлым көп тексерілсең - соғұрлым жақсы" деген принциптің жүрмейтінін түсіндірді. Кез келген диагностикалық әдістің тек артықшылықтары емес, сонымен қатар шектеулері де бар.

"Ешқандай шағымы мен қауіп факторлары жоқ адамға неғұрлым көп зерттеу жүргізілсе, денсаулыққа қауіп төндірмейтін, бірақ қосымша тексеруді қажет ететін кездейсоқ өзгерістердің табылу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Соңында пациентке қайтадан КТ, МРТ, биопсиядан өтуге тура келеді, ол қатты күйзеліске түседі, ал кейде тіпті қажетсіз ем қабылдауы мүмкін", - деп түсіндірді спикеріміз.

Сондықтан дәрігерлер көрсетілімсіз көптеген тексеруден өтуге кеңес бермейді.

Қандай скринингтер "қатерлі ісікті тексеруге" жарамайды - дәрігер мифтер туралы

Онкомаркерлер

Елена Уколованың пікірінше, ең көп таралған қателіктердің бірі - онкомаркерлер сау адамда қатерлі ісікті растайды немесе жоққа шығарады деп есептеу.

"Көбінесе пациенттер: "Бойымда қатерлі ісік жоқ екеніне көз жеткізу үшін барлық онкомаркерлерге қан тапсырғым келеді" деген өтінішпен келеді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл олай жұмыс істемейді", - деді ол.

Онкомаркерлер - бұл деңгейі қатерлі ісіктің кейбір түрлерінде көтерілуі мүмкін заттар. Бірақ олардың концентрациясы мүлдем басқа жағдайларда да артуы мүмкін: қабыну, инфекциялар, бауыр аурулары, эндометриоз, простата безінің аденомасы және т.б.

"Тіпті қатерлі ісік болған күннің өзінде онкомаркерлердің деңгейі, әсіресе аурудың ерте кезеңдерінде, мүлдем қалыпты болуы мүмкін. Сондықтан бүгінде кеңінен қолданылатын онкомаркерлердің ешқайсы сау адамдарды скринингтен өткізу үшін ұсынылмайды", - деп түсіндірді дәрігер.

Елена Уколованың айтуынша, тәжірибеде олар басқа мақсаттар үшін қолданылады:

  • емдеудің тиімділігін бағалау;
  • пациенттің терапияға қалай жауап беретінін қадағалау;
  • кейбір ісіктерді емдеп болғаннан кейін бақылау;
  • кейде - егер дәрігерде ауру туралы күдік болса, қосымша диагностика әдісі ретінде.

Қанның жалпы және биохимиялық анализі

Тағы бір кең таралған миф - қатерлі ісікті қан анализі арқылы анықтауға болады деген түсінік.

Дәрігердің айтуынша, кейбір ісіктер шынымен де анемиямен, ЭТЖ-ның жоғарылауы немесе лейкоциттер деңгейінің өзгеруімен қатар жүруі мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістер басқа да көптеген ауруда кездеседі.

"Керісінше жағдайлар да болады. Онкологиялық аурулардың ерте кезеңіндегі көптеген пациенттің анализ нәтижелері қалыпты болып шығады. Сондықтан қанның жалпы немесе биохимиялық анализі онкологиялық скрининг әдісі болып саналмайды", - деп Елена Уколова мифті жоққа шығарды.

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Бүкіл денені компьютерлік томография, МРТ және ПЭТ-КТ-дан өткізу

Біз бұған дейін кейінгі жылдары бүкіл денені КТ немесе МРТ-дан өткізуді қамтитын "толық онкочекаптар" танымал болып келе жатқанын айтқан болатынбыз.

Бірақ Елена Уколова мұндай тексерулердің сау адамдар арасында қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға көмектесетіні туралы әлі де сенімді дәлелдер жоқ екенін ескертеді.

Есесіне, олар көбінесе қауіп төндірмейтін өзгерістерді көрсетеді: кішкентай кисталар, қатерсіз түзілімдер немесе мүшелер құрылысының ерекшеліктері. Олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін адамға қосымша тексерулерден өту қажет болады.

"Сонымен қатар, компьютерлік томография сәулелік жүктемемен байланысты, ал ПЭТ-КТ сау адамдарды профилактикалық тексеру үшін мүлдем қолданылмайды. Сондықтан сарапшылар медициналық көрсетілімсіз бүкіл денені КТ, МРТ немесе ПЭТ-КТ-дан өткізуге кеңес бермейді", - деді онколог.

Анықтама:  ПЭТ-КТ (компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография) - бұл мүшелердің құрылысын да, олардың қалай жұмыс істейтінін де бір мезгілде көрсететін тексеру әдісі.

Пациенттер жиі жіберетін қателіктер

Тағы бір қате түсінік - скрининг нәтижелері жақсы болса, қатерлі ісік қаупі сейілді деп ойлау. Елена Уколованың айтуынша, тексеру ештеңе анықтамаса да, жаңа шағымдар пайда болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек:

"Тіпті ең сапалы скринингтің өзі жүз пайыздық сезімталдыққа ие емес. Және жаңа симптомдардың пайда болуы алдыңғы тексерулердің нәтижелеріне қарамастан, әрқашан дәрігердің жеке бағалауын талап етеді".

Төмендегілер дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс:

  • дене массасының түсініксіз төмендеуі;
  • үлкен дәреттегі, зәрдегі немесе қақырықтағы қан;
  • үлкен дәрет сипатының ұзақ уақыт өзгеруі;
  • ерекше қанды бөліністер;
  • сүт безінде немесе дененің басқа бөлігінде тығыздалған ісіктің пайда болуы;
  • меңнің өзгеруі (өсуі, түсінің не пішінінің өзгеруі, қанағыштығы);
  • бірнеше аптадан аса уақытқа созылған жөтел, әсіресе шылым шегетіндерде;
  • тамақ жұтудың тұрақты бұзылуы;
  • емделуге қарамастан өршіп бара жатқан немесе сақталған кез келген белгілер.

"Тексеру ешқандай белгілері жоқ адамдарға жүргізіледі. Егер шағымдар пайда болса, бұл скрининг емес, диагностика болып саналады және тексеру көлемі мүлдем басқа принциптер бойынша анықталады", - деп түсіндірді сарапшы.

Дәрігер жиі байқайтын тағы бір қателік - адамдардың жыл сайын көптеген талдау тапсырып, бірақ шын мәнінде тиімді тексерулерді жылдар бойы кейінге қалдыруы:

"Мысалы, маммография, колоноскопия немесе ПАП-тест. Бүгінде дәл осы әдістердің дәлелді базасы өте жоғары".

Сонымен қатар маман мазасыз белгілер өздігінен жойылады деп күтпеуге кеңес береді. Тіпті адам жақында ғана скринингтен өтіп, нәтижелері жақсы болса да, бұл аурудың жоқтығына кепілдік бермейді.

Қатерлі ісік қаупін азайтуға не көмектеседі?

Вакцинация

Дәрігер вакцинацияны қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі деп санайды.

Шылым шегуден бас тарту

Маманның айтуынша, өкпе қатерлі ісігі жағдайларының шамамен 85–90 пайызы тікелей темекі тұтынумен байланысты. Сондай-ақ шылым шегу ауыз қуысы, көмей, өңеш, қуық, ұйқы безі, бүйрек, асқазан, жатыр мойны және басқа да мүшелерде қатерлі ісіктің даму ықтималдығын арттырады.

Өмір салты

Бүгінде көптеген әдет қатерлі ісік қаупіне тікелей әсер ететіні белгілі, дейді Елена Уколова.

Мәселен, артық салмақ пен семіздік онкологиялық аурулардың кем дегенде 13 түрімен, соның ішінде эндометрий, менопаузадан кейінгі сүт безі, тоқ ішек, өңеш, бауыр және бүйрек ісіктерімен байланысты.

Тұрақты физикалық белсенділік, керісінше, колоректальды рак пен сүт безі рагының қаупін азайтуға көмектеседі.

Дәрігер алкоголь мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, онкологиялық аурулардың алдын алу тұрғысынан ішімдіктің қауіпсіз мөлшері болмайды. Тіпті орташа мөлшерде тұтынудың өзі сүт безі, бауыр, өңеш және ас қорыту жолдары мүшелерінде қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мәліметінше, кейінгі 20 жылда Қазақстанда онкологиялық аурулардың жаңа жағдайлары 30 пайыздан астамға өскен. Қазақстанда бүгінде қатерлі ісікті емдеу қалай жолға қойылғаны, заманауи медицина қандай жаңа әдістер ұсынатыны және бұл ауру туралы кең таралған мифтердің неге қауіпті екені туралы толығырақ оқыңыз.

Авторы: Анжела Ким

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама

Жарнама
Жарнама