Есірткі адамзатпен мыңдаған жылдар бойы қатар келеді, бірақ тәуелділік сипаты мен оның таралу жолдары қарқынды өзгеріп жатыр. Неге бұрынғы күрес әдістері тиімсіз болып қалды және әлемде қандай тәсілдер нәтиже көрсетіп отыр - бұл туралы TengriHealth авторлық бағанында дәрігер әрі денсаулық сақтау менеджері Эрик Байжүнісов тарқатып айтады. Ол басқаратын орталықтың сарапшылары Қазақстандағы жағдайды талдап, проблемалардың қай жерде екенін және оларды қалай шешуге болатынын зерделеді.
Мыңжылдық мәселе: адамзат неге әлі күнге дейін есірткіні жеңе алмай келеді?
Есірткі туралы алғашқы деректер шумерлер дәуіріне қатысты аталады, бұл - біздің заманымызға дейінгі бесінші мыңжылдық. Қызығы, олар есірткіні "я", яғни "қуаныш" деп атаған. Апиын, гашиш, темекі қоспалары және басқа да есеңгірететін заттар барлық дерлік өркениеттің тұрмысына енген. Тіпті сақтардың өзі қарасора тұқымын пайдаланған.
Адам табиғатынан ләззат алуға бейім, қоғамның бір бөлігі неге санасын түрлі жолмен өшіруді жөн көретіні әлі күнге дейін жұмбақ болып қалды.
Есірткімен күрес тек XIX-XX ғасырлардың тоғысында, көптеген зерттеу бұл әдеттің зиян екенін дәлелдеген кезде ғана басталғанын түсіну керек. Бұл күрес бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында нашақорлықты дәріптеу (романтизация) белең алды, өмірдің орнына инені таңдаған "бақытсыз, қоғам түсінбеген" адамдар туралы фильмдер түсіріле бастады. Бұл есірткінің, әсіресе ауыр опиоидтардың таралу ауқымын кеңейтуде өз рөлін атқарды.
Сол жылдары менің кейбір курстастарым мен таныстарым есірткіге "отырып" қалды және олардың бәрі 30-ға жетпей қайтыс болды. Олар өте жақсы әрі талантты жігіттер еді. Бұл тәуелділіктің қасіреті де осында - ол дәл жастардың түбіне жетеді.
Әлемдегі есірткі тұтынушының "портреті"...
Бүгінде әлемде және біздегі жағдай қандай?
Есірткі - бұл аса табысты бизнес, ол мемлекеттің онымен күресу мүмкіндіктерінен озып, белсенді дамып барады. Наркобизнеске тұрақты клиенттер қажет, сондықтан оларды тәуелді ету тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырады - жаңадан синтетикалық есірткілер пайда болып жатыр.
Бүгінгі мефедрон, альфа-PVP және басқалары бұрынғыдай ауыр "ломка" тудырмайды, алайда бір жылдың ішінде психиканың толықтай бұзылуына (паранойя, психоздар) әкеп соғады. Бұл ретте тәуелділік дофамин рецепторларының "сарқылуы" есебінен бірден қалыптасады.
Әлемдік медицинаның проблемасы - ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, нақты нашақорлық белгілері бар клиникалық топ пациенттердің небәрі 10 пайызын ғана болады. Мемлекеттің емдеуге бөлген барлық қаражатының 95 пайызын дәл осылар тұтынады.
Есірткіні "кейде, көңіл-күй үшін" пайдаланатын тұлғалар 25 пайызға дейін жетеді. Бұл құбылыс "химиялық балдақ" деп аталады, мұнда адам күйзеліс кезінде есірткі қабылдау арқылы тығырықтан шығудың жолын іздейді. Бұл болашақта наркобизнестің тұрақты "клиенттік" базасын құрайтын топ.
Дегенмен, күйзеліспен басқа жолдармен күресетін "шартты түрде сау" халықтың үлкен тобы бар. Мысалы, алкогольдің және кейде есірткінің көмегімен. Бұл топ шамамен 70 пайыз болады және есірткі саудагерлері оларды өз торына түсіруге белсенді әрекет етіп жатыр.
Мәселе мынада: екінші және үшінші топтағы адамдарды қиын сәтте мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүрлеу өте қиын. Оларға сол баяғы "химиялық балдақты" табу оңайырақ.
... және Қазақстанда
Біздің елде де жағдай осындай. Нашақорлықтың "классикалық" схемасымен азды-көпті күресіп келген жүйе жаңа жағдайларда іркіліс бере бастады.
БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) 2024 жылы жүргізген зерттеулерге сәйкес, еліміздегі психоактивті заттарды тұтынушылардың болжамды саны шамамен 112 мың адам болады, ал біздің наркоорталықтарда небәрі 17 мың 669 пациент қана есепте тұр.
Ал түрлі стимуляторларды тұтынудың эпидемиялық өсімі 2015 жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта шамамен 2500 пайыз болып отыр.
Олардың кейбірі тиісті құжаттарсыз, тіпті қажетті құзыреттіліксіз жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі олардың қызметіне тексеру жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Осыдан кейін бұл салада қалай тәртіп орнату керек екенін шешу қажет болады. Бәрін өз ағымына жіберуге болмайды.
Жағдайдың ушығуына тағы бір себеп - мұндай адамдардың әлеуметтік портретінің өзгеруі. Дәстүрлі түрде біз жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алумен айналысатынбыз. Қазір олардың үлесі бір пайыздан да аспайды.
Әлеуметтік желілер мен байланыс арналарының болуы қажетті есірткі заттарын іздеуді айтарлықтай жеңілдетті. Интернетте бәрі бар және бәрі сатылады. Наркоесеп прогрестен қалыс қалмай, кейде тіпті көш ілгері жүреді.
Олардың құрығына, негізінен, сессия тапсыру кезіндегі студенттер, жұмыста қажыған менеджерлер, депрессиядағы аналар, дағдарысқа ұшыраған бизнесмендер және тағы басқалар ілігеді.
Нашақорлықты емдеу тәсілдерін қалай өзгертуге болады?
Не істеу керек? Күрес парадигмасын өзгерту қажет. Ең алдымен, есірткі тұтынушы - ол науқас адам екенін және оны емдеу керек екенін мойындау лазым.
Оларды ауыспалы мағынада жазалауға болады, десе де кейбір елдерде бұл жүзеге асырылады. Бірақ талдау көрсеткендей, бұдан тәуелді адамдардың саны азаймайды. Мысалы, Иранда опиаттарды тұтыну деңгейі 8–12 пайыз болады, бұл - әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, мұнда есірткі өндіру, сақтау және тарату үшін өлім жазасы қарастырылған.
Немесе кейде Еуропаның бірқатар елдеріндегідей есірткінің кейбір түрлерін заңдастыру ұсынылады. Біреулер: "Егер халқымыздың бір бөлігі марихуана шегетін болса, неге рұқсат бермеске?" деп есептейді. Алайда бұл - өте даулы шешім. Деректер де бұл елдердің ауыр тәуелділікпен күрестегі жетістіктері өте күмәнді екенін көрсетеді.
Әдеттегідей, ақиқат ортада. Жапония, Чехия, Түркия және басқа да елдер өмірінің белгілі бір кезеңінде қиындыққа тап болған адамдарға көмек көрсетудің медициналық моделін қабылдады.
Түркияда құқық қорғау органдарының назарына алғаш рет түскен есірткі тұтынушыларды бірден түрмеге жаппауға тырысады, керісінше оларға емделуді ұсынады. Заң оңалтудан өту және қадағалау органдарының талаптарын орындау шартымен қылмыстық қудалауды бес жылға шегеруге мүмкіндік береді. Егер адам жаңа құқық бұзушылық жасамай, бағдарламаны орындаса, қылмыстық іс жабылуы мүмкін.
Өкілеттіктерді бөлу және тәсілді өзгерту
Яғни, нұсқалар жеткілікті, бірақ ең тиімді модельдердің ортақ тұсы - құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы арасындағы құзыреттерді нақты бөлу.
Бұл ретте, әрине, тұтынушыларды анықтау процесі қарапайым әрі қолжетімді болуы тиіс. Біздің жағдайымызда азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупімен тікелей байланысты бірқатар мамандық (қару асынумен байланысты, жолаушылар көлігінің жүргізушілері және т.б.) үшін қатаң бақылау қажет деп санаймын - оларды есірткі тұтынуға тестілеу міндетті, жүйелі және тұрақты болуы тиіс.
Мұндағы қауіп туындайтын қолайсыздықтардан әлдеқайда жоғары. Мысалы, әуежайлардағы тексеру жүйесі ешкімнің наразылығын тудырмайды, десе де жолаушылардың басым көпшілігі заңға бағынатын адамдар.
Сонда ғана біз түрлі себептермен қиын өмірлік жағдайға тап болған және қолдауға мұқтаж жандардың медицинаға деген сенімін қайтара аламыз.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан