Патологоанатомның жұмысы, мәйітхана және өлім себебін анықтау туралы шынайы әңгіме

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

"Мәйітхана" немесе "патологоанатом" деген сөзді естігенде көпшіліктің көз алдына салқын бөлме, мәйіттер және қабағы жазылмайтын дәрігерлер келеді.

"Мәйітхана" немесе "патологоанатом" деген сөзді естігенде көпшіліктің көз алдына салқын бөлме, мәйіттер және қабағы жазылмайтын дәрігерлер келеді.

TengriHealth тілшісі күн сайын ажалмен бетпе-бет келетін мамандар шын мәнінде қалай жұмыс істейтінін білу үшін Алматы қалалық патологоанатомиялық бюрода бірнеше сағат өткізді. Мәйітті сою неге қажет, жалғызбасты жандардың денесі қайда сақталады, шылым шегетін адамның өкпесі шынымен қап-қара бола ма және қазақстандықтар көбіне неден көз жұмады - толығырақ материалдан оқыңыздар.

Патологоанатом - ол кім және немен айналысады?

Біз Алматы патологоанатомиялық бюросының кіреберісіне жақындадық. Сырттай қарағанда, қаланың қарапайым ауруханаларынан еш айырмашылығы жоқ.

Тура таңғы сағат 10-да ауыр темір есіктің артынан бір әйел көрінді. Осы сәтке дейін бір-бірімізді танымасақ та, кімнің кім екенін бірден түсіндік. Ол менің қасымда тұрған фотографқа қарап, ал мен оны жанарына қарап.

Фильмдер мен кітаптар мәйітхананы формалин иісі мүңкіген, түнерген жер ретінде санамызға сіңіріп тастаған.

Анықтама: формалин - бұл формальдегидтің сулы ерітіндісі. Медицина мен биологияда ол тіндер мен биологиялық препараттарды бекіту және сақтау үшін қолданылады.

Бірақ есіктің арғы жағына өткенде, мен қатты таңғалдым.

Жақында жөндеуден өткен қалалық патологоанатомиялық бюро ғимаратының қабырғалары аппақ және мінсіз таза. Оның үстіне, бұл жерде ел айтқандай өлік иісі мүлдем жоқ.

Ғимараттың іші тап-таза, тіпті ауасы таза дер едім - бүкіл ғимаратта қуатты желдеткіштер жұмыс істеп тұр, терезелердің бәрі ашық, ал мәйітхананың өзі қалың ағаштар тасасында орналасқан.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Біз тұрған бірінші қабатта секциялық бөлім орналасқан. Оны "лас аймақ" деп те атайды, өйткені мәйіттерді сою дәл осы жерде жүргізіледі.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Біздің кейіпкеріміз - Ирина Сергеева, жоғары санатты дәрігер және патологоанатомиялық бөлімнің меңгерушісі. Ол бұл бюрода 18 жылдан аса уақыт бойы жұмыс істеп келеді - интернатура кезінде осы жерде тәжірибеден өтіп, содан бері осында қалған.

Патологоанатомдарды (оларды патоморфологтар деп те атайды) әдетте тұйық және салқын жүзді адамдар ретінде сипаттайды - Ирина бұл стереотиптерді толығымен жоққа шығарды. Ол өте ширақ, жарқын жүзді және кейінірек білгеніміздей, өте сезімтал әрі мейірімді жан екен.

"Мұнда бізде секция алдындағы бөлме, санитарлық бөлме, душ бөлмелері, архив кабинеті, қойма және тоңазытқыш камералары орналасқан. Мәйіт әкелінгенде, ғимаратта қоңырау соғылады - бұл жедел жәрдемнің келгені туралы дәрігерлерге берілетін белгі", - деп кейіпкеріміз бізді істің мән-жайымен таныстыра бастады.

Дәрігер-патологоанатом Ирина Сергеева. Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Ол бірден баса айтты: патологоанатомиялық бюро тек ауруханада сырқаттан көз жұмғандарды ғана қабылдайды. Қалғандарының бәрі сот-медициналық мәйітханасына жеткізіледі.

Егер адам үйінде немесе жедел жәрдем көлігінде инсульттан қайтыс болса, егер ол аурухананың қабылдау бөлімінде небәрі жарты сағат болып, оны тексеріп үлгермесе - бұл сот-медициналық сараптаманың құзырына жатады.

Сондай-ақ бюро улану күдігі болғанда немесе қанда алкоголь болған жағдайда мәйітті союды жүзеге асырмайды.

"Көбісі мәйітті сою тек өлім себебін анықтау үшін ғана жасалады деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, бұл клиницистердің өзіне де қажет. Аутопсияның (мәйітті союдың) арқасында біз диагноздың дұрыс қойылғанын, емдеу тактикасының дұрыс таңдалғанын және көрсетілген көмекке қарамастан пациенттің неге қайтыс болғанын түсіне аламыз", - дейді Сергеева.

Оның айтуынша, бұл жіберілген қателіктерді, толық жүргізілмеген тексерулерді немесе ауру ағымының ерекшеліктерін көруге мүмкіндік береді, осылайша оларды алдағы тәжірибеде ескеруге болады.

Сонымен қатар, мәйіттерді сою патологоанатомның жұмыс уақытының аз ғана бөлігін - шамамен 15-20 пайызын алады. Оның үстіне, мәйітті санитарлар сойып, қайта тігеді, ал дәрігерлер тек қажет болған жағдайда ғана қатысады.

"Біз үшін органокомплексті (бұл денеден біртұтас блок ретінде алынатын ішкі мүшелер тобы) алу процесін бақылау маңызды. Бұл тігістерді, дренаждарды, түтікшелерді тексеру үшін және егер бірдеңе кездейсоқ жылжып кетсе немесе түсіп қалса, соны ескеру үшін қажет", - дейді маман.

Уақыттың басым бөлігінде мамандар биопсиялық және операциялық материалдарды зерттейді. Мәселен, онкологиялық науқастардан алынған сынамаларды зерттеу арқылы дәрігерлерге пациенттің көзі тірісінде дұрыс диагноз қоюға көмектеседі.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, әрбір үшінші тірі науқасқа патологоанатом дәрігері қажет", - дейді дәрігер.

Тоңазытқыш камерасы

Дегенмен, жұмыс күні дәл мәйітті союдан басталуы мүмкін. Ирина мәйітханаға дене әкелінгеннен кейін, кезекші санитарлар оны қабылдап, тоңазытқыш камерасына орналастыратынын айтты. Біз де дәл солай қарай бағыт алдық.

Ирина "тоңазытқыштың" есігін ашты - дәрігерлер бұл жерді осылай атайды. Бөлме ішіндегі арбаларда қалың матамен жабылған үш мәйіт жатыр. Әрқайсының басына ағаш тіреуіш қойылған.

Кейіпкеріміз менің таңырқаған жанарымды байқап, мән-жайды түсіндірді:

"Қан бетке жиналмауы үшін бас сәл биіктеу тұруы керек. Өйткені адам қайтыс болғанда қан айналымы тоқтайды. Егер бас тегіс жатса, қан тартылыс күшімен төмен түсіп, бетті көгертіп жібереді, ал бұл эстетикалық тұрғыдан дұрыс емес".

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Дәрігер үлкен салқындатқыш қондырғыны көрсетті, соның арқасында камерадағы температура минус бестен плюс беске дейінгі аралықта сақталады. Температураны дәрігерлер мәйіттің сақталу мерзіміне қарай өздері реттейді.

"Егер мәйіт мұнда небәрі бір тәулік жататын болса, температураны сәл көтеруге болады. Ал егер, мысалы, туыстары тек 10 күн ішінде келе алатынын айтса, шіру процестері басталмас үшін төменірек градус орнатамыз".

Мұнда ешқандай бөгде иістің жоқ екенін мен де байқадым.

Дәрігер жымиып: "Көрдіңіз бе, ешқандай иіс жоқ", - деді. Оның айтуынша, жағымсыз өткір иіс адам перитонит (іш қуысының қабынуы) сияқты ауыр іріңді қабынулардан қайтыс болғанда ғана пайда болады.

"Оның үстіне біз мәйіттерді... қалай айтсам екен... жаңа түскен кезінде соямыз", - деді дәрігер бұл сөзге келгенде сәл іркіліп.

- Ал қайтыс болған адамды мәйітханаға қашан алып кетеді? - деп сұрадым мен.

- Мәйітті бізге ауруханада өлімнің алғашқы бұлжытпас белгілері пайда болғаннан кейін, яғни қаза тапқан сәттен бастап кем дегенде екі сағат өткен соң әкеледі. Қан айналымы тоқтап, ауырлық күшімен төмен тартылып, қолдың, арқаның, мойынның, бөксе мен аяқтың артқы бөлігінде қан-қызыл немесе көкшіл мәйіт дақтары пайда болады.

Заң бойынша кімді союға тыйым салынады

Әңгімемізді жақындап келген медбике үзді. Оның қолында марқұмның медициналық картасы бар екен.

"Мәйіт бізге келіп түскен соң, бірден союға асықпаймыз - алдымен ауру тарихын күтеміз. Кейде бұл құжат марқұммен бірге, кейде кейінірек келеді. Бірінші бетінде міндетті түрде бас дәрігердің қолы мен мөрі басылған "Сойылсын" немесе "Сойылмасын" деген жазу болады", - деп түсіндірді маман.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Маманның айтуынша, осыдан он жыл бұрын ауруханаларда қайтыс болғандардың 80 пайызына дейін сойылатын. Қазір бұл көрсеткіш 40–50 пайыз болады. Бұл емдеу сапасына ешқандай шағым болмаған жағдайда, туыстарына мәйітті союдан бас тарту құқығын беретін жаңа заңнаманың қабылдануымен байланысты.

Егер солай көрсетілсе, дәрігерлер мәйітті соймай өткізеді және қорытынды клиникалық диагноз негізінде өлім туралы анықтама береді.

- Мәйітті соймауды кім талап ете алады?

- Туыстарының өзі, көбінесе діни себептерге байланысты. Бұл мәйітті соймай берудің төртінші жағдайы.

Диагноз анық болған жағдайда бұл процедураның қажеті болмайтын кездер де болады. Дәрігер бізге карталардың бірін көрсетті:

"Мәселен, ауруханада 12 күн жатып, инсульт диагнозы нақты расталған 1939 жылғы науқасты союдың ешқандай қажеттілігі жоқ".

- Ал аутопсияға әдетте кімдер келіседі?

- Нақты диагнозды білгісі келетіндер немесе дәрігерлік қатенің бар-жоғына көз жеткізгісі келетіндер. Сондай-ақ күрделі кардиохирургиялық немесе нейрохирургиялық оталардан кейін, ана мен бала өлімі жағдайында, өлі туған нәрестелер мен ауруханада бір тәуліктен аз болған пациенттер міндетті түрде сойылады.

Мұндай процедураларға емдеуші дәрігерлер әрқашан жеке өздері қатысады.

"Бірақ әділдік үшін айта кету керек, көбінесе стационардағы дәрігер қойған диагноз патологоанатомның қорытындысымен толық сәйкес келеді", - деді Сергеева.

Инфекциялық қауіпсіздік: патологоанатомдар не жұқтырып алуы мүмкін?

Иринаның айтуынша, егер мәйіт патологоанатомиялық зерттеуге жіберілсе, жұмыс басталмас бұрын медиктер арнайы қорғаныс киімін киеді.

Жабдық неден тұратынын көрсетуді өтіндік. Дәрігер шкафтан бірнеше затты алып шықты.

- Біз медициналық хирургиялық халатты қолданамыз, ұстап көріңіз, - деп ұсынды дәрігер.

Мен халатты сипап көрдім. Ұстағанда тығыз, бірақ жеңіл екен. Дәрігер түсіндіре кетті:

- Ол ылғал өткізбейтін арнайы матадан жасалған. Егер оған қан тисе, сіңіп кетпейді. Содан кейін қалпақ пен қолғап киеміз. Мен жеке өзім әрқашан екі қабат киемін: алдымен қарапайым қолғап, сосын оның үстінен шынтаққа дейін жететін ұзынын киемін. Сақтанған дұрыс. Одан кейін халатпен бірдей материалдан жасалған алжапқыш пен ұзын бахила-етік киіледі.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазір Ирина Сергеева бізге мұның бәрі қалай көрінетінін ғана көрсетіп тұр, бірақ мәйітті ашу алдында дәрігерлер бетке арналған арнайы қорғаныш қалқаны бар шлем киеді. Аутопсия кезінде ең ұсақ бөлшектер жан-жаққа шашырауы мүмкін және оны тіпті сезбей де қаласың:

"Біз үшін ең басты қауіп - қан арқылы берілетін инфекциялар: В және С вирустық гепатиттері, АИТВ. Ең маңыздысы - көзді, мұрынды және ауызды сенімді қорғау. Егер зақымданбаған теріге ауру жұққан қан тисе, бұл, әдетте, қауіпті емес, бірақ, әрине, жағымсыз жағдай", - деп түсіндіреді патоморфолог.

Патологиялық-анатомиялық қызметтің барлық қызметкері үнемі қатаң медициналық бақылаудан өтеді. Олар әр алты ай сайын АИТВ мен вирустық гепатиттерге міндетті түрде сараптама тапсырады.

Егер қызметкер тексеруден уақытылы өтпесе, нәтижелері шыққанға дейін ол міндеттерін атқарудан уақытша шеттетіледі.

- Сіздерде біреудің ауру жұқтырып алған жағдайлары болды ма?

- Жоқ. Біз күн сайын адамдардың қалай және неден өлетінін көреміз, сондықтан өз қауіпсіздігімізге өте байсалды қарап, өзімізді барынша қорғауға тырысамыз. Біздің аға буын тәлімгерлеріміз кезінде обаны да, тырысқақты да ашып зерттеген. Ол үшін олар ұсақ металл сақиналардан жасалған арнайы сауыт қолғаптар киетін. Жұмыс кезінде байқаусызда қолды пышақпен кесіп алмау үшін бұл өте маңызды еді.

Ұқыпты тілік және мәйіттерге арналған макияж: мәйітті қалай сояды?

Мәйітті сою процесінің өзі барынша сақтықты талап етеді. Сұйықтықтардың шашырамауы үшін медиктер мұқият және баяу жұмыс істейді. Иринаның айтуынша, санитарлар бас сүйегін кесіп, миды шығарып алу үшін арнайы электрараларды қолданады.

Бұл егжей-тегжейлі ақпараттан еріксіз денем түршікті, ал дәрігер процедураны күнделікті істейтін шаруадай қалыпты түсіндіріп тұр:

"Дененің алдыңғы сызығы бойымен бұғанадан кіндіктің астына дейін ұқыпты тілік жасалады, содан кейін маман ішкі мүшелерді - тілден бастап тік ішек пен кіші жамбас мүшелеріне дейін біртұтас кешен ретінде шығарып алады".

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Біздің кейіпкерімізде мәйіттерден қорқу сезімі ешқашан болмаған. Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері адам анатомиясын бірінші курстан бастап егжей-тегжейлі зерттейді, ал үшінші курста патанатомиялық мәйітханаларға еркін бара бастайды.

Ирина бұл жолды бала кезіндегі "Тылсым құбылыстар" атты танымал сериалға деген құштарлығының арқасында таңдаған.

Басында ол сот сараптамасына баруды ойластырған, бірақ студенттік практикадан кейін бұл саланың өзіне тән емес екенін түсінген. Содан кейін ол патанатомияны таңдады.

Ата-анасы бұл таңдауын сабырмен қабылдады, осылайша Ирина өз отбасындағы алғашқы дәрігер болды. Оның әкесі өмір бойы ұшқыш болған, ал анасы - акробатикадан спорт шебері.

Ал қазір ол өзі студенттерге дәріс беріп, бюроның арнайы оқу класында практикалық сабақтар өткізеді. Оқытушылық қызметін жоғары оқу орны төлейді.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Оның айтуынша, жастар биопсия мен мәйіт ашу жұмыстарына қатты қызығады және олардың жартысы бірден патанатомияға бару идеясына беріледі.

Рас, студенттер арасында естен танып қалатындар да жиі кездеседі. Секциялық залға кірер алдында дәрігер әрқашан қатаң нұсқаулық жүргізеді:

"Барлығыңыз бір-біріңіздің қолыңыздан мықтап ұстап, тіреп тұрыңыздар! Кім өзін нашар сезінсе - бірден ештеңе деместен шығып кетіңіздер, қымсынбаңыздар және қорықпаңыздар. Мен далаға шығып таза ауамен тыныстауға немесе кабинетте отыра тұруға рұқсат беремін. Яғни, егер біреу физикалық тұрғыдан бұл процеске қарай алмаса, мен ешқашан күштемеймін".

Мәйітті сою тақырыбына қайта оралған патологоанатом бұл процестің қалай өтетінін айтып берді.

Мүшелерді шығарып алғаннан кейін, гистологиялық зерттеу - тіндерді микроскоппен қарау үшін әрқайсынан көлемі бір де бір сантиметр болатын кішкентай кесек алынады.

"Тіпті мәйітті ашқанда да, мүшелерге қарап қана бәрін көру мүмкін емес. Мысалы, алты сағаттан аз уақыт бұрын болған миокард инфарктісі ЭКГ мен сараптамаларда анық көрінеді, бірақ жүрек тіндерінен оны тек микроскоп қана таба алады. Жалпы, адамнан алынатын барлық тін міндетті түрде гистологиялық зерттеуден өтуі тиіс, сондықтан біз тірі адамдар үшін де өте маңыздымыз", - деді ол.

Мүшелерді зерттегеннен кейін санитарлар денені ұқыптап тігеді және бальзамдайды.

"Олар мәйітті бастапқы кейіпке келтіреді: шашын сусабынмен жуады, қырындырады, тырнағын алады, тіпті егер туыстары косметикасын алып келсе, олардың өтініші бойынша макияж да жасап бере алады".

Осы сәтте қатты қоңырау дауысы естілді. Біз еріксіз селк ете қалдық - бәрібір мәйіт союға арналған үстелдің тура қасында тұрмыз ғой.

Ирина сабырға шақырды:

"Бұл жай ғана белгі. Демек, біреуді алып келді, не биологиялық қалдықтарға келді, не жерлеу қызметінің көлігі жетті деген сөз".

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Шынында да, сол сәтте мәйітханаға тағы бір марқұмды жеткізді - оны арбамен тоңазытқыш камерасына апара жатыр.

Әңгімемізге қайта ораламыз.

Иринаның айтуынша, бұрын қайтыс болған адамды үйіне "қондыруға" алып кететін, бірақ қазір қала тұрғындары бұл дәстүрден біртіндеп алшақтап барады. Марқұмды соңғы сапарға осы жерден шығарып салады - бюрода кең ритуалдық зал жабдықталған.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Дәрігерлерге қандай ерекше "үлгілер" өткізіледі

Жоғарыда айтқанымыздай, аутопсия - патологоанатом жұмысының тек 15–20 пайызы ғана. Олардың негізгі қызметі - биопсия: тірі адамдардың тіндерін зерттеу. Күмәнді мең (невус), папиллома, бүйрек, аппендикс, терең сүйел, етке өскен тырнақ немесе ауыр жарақаттан кейін ампутацияланған аяқ болсын - бәрі міндетті түрде осында жіберіледі.

"Біз тірі адамдарға керекпіз. Қарапайым аппендицит кезінде алынған өсіндіден қатерлі ісік немесе туберкулез табылуы мүмкін, ал етке өскен тырнақтың қарапайым себебі жасырын ісік болып шығуы ғажап емес. Соңғы диагнозды тек патологоанатом микроскоп арқылы қояды, өйткені хирург патологияны тек көзбен ғана көреді", - дейді Ирина.

Емдеуші дәрігерлер отадан кейін екі күн өтпей-ақ бюроға телефон шалып: "Не болды? Гистология шықты ма?" - деп сұрайды. Себебі бұған емдеудің алдағы схемасы мен пациенттің өмірі тікелей байланысты.

Сұхбат берушіміздің айтуынша, тіндердің кішкентай кесінділерін банкалар, ал ірі органдарды бөтелке немесе арнайы матаға орап әкеледі де, бірден тоңазытқышқа салады. Содан кейін органнан қатаң белгіленген мөлшерде үлгілер алынады - бұл операциялық процедуралар стандарттарымен қатаң реттеледі. Алынған үлгіні бекіту үшін бір тәулікке он пайыздық формалині бар банкаға салады.

Сергеева бізге осындай биоматериал сақталған сөрелерді көрсетті.

- О тоба... Мынау бөтелкедегі ішек пе? - деп қалдым шыдай алмай.

- Иә, - деп жауап берді дәрігер күлімсіреп және бізді басқа да құтылар мен банкалар тұрған үстелге бастап барды. - Ал мына жерде, мысалы, өт қабының бөліктері, - деп ол бізге өз "коллекциясын" көрсетті.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Содан кейін Ирина заттық шыныны дайындау жұмысының қаншалықты нәзік әрі қажырлы екенін айтып берді.

Алдымен тін үлгілері гистологиялық тін өңдеу аппаратына салынады. Бұл ішінде әртүрлі ерітінділері бар 12 бөлімнен тұратын құрылғы. Тін әр ерітіндіде екі сағаттан болады. Бір тәулік ішінде ол сусыздандырылып, арнайы өңдеуден өтеді және парафинге сіңіріледі.

Дәрігерлер мұны "парафин блогы" немесе "парафинді кассета" деп атайды. Мұндай үлгілер 20–40 жылға дейін сақталуы мүмкін. Кейін зертхана мамандары одан өте жұқа кесінділер жасап, оларды әйнекке мұқият орналастырады. Одан кейін арнайы ерітінділермен өңдеп, парафинді толық алып тастайды.

"Егер лаборант кесіндіні қажетті мөлшерден сәл қалыңдау немесе жұқалау етіп жасаса, препараттың сапасы өзгереді, ал дәрігерге ісік жасушасын қалыпты жасушадан ажырату әлдеқайда қиын болады".

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Мәйітхана жертөлесінде не бар: қапталған денелер, бауырластар зираты және кесілген аяқ-қолдар

Содан кейін бұл дүниеде мүлдем жалғыз қалған марқұмдардың денесі сақталатын жертөлеге түсеміз. Қалалық мәйітханада екі тоңазытқыш камерасы бар. Біз бет алған камераға бір мезетте 50-ге жуық мәйіт арбасы сияды.

Егер досы да, туысы да жоқ жалғызбасты адам стационарда қайтыс болса, оны осында әкеліп, мәйітін сойып, уақытша сақтауға қалдырады. Заң бойынша дәрігерлер тура бір ай күтеді. Егер мәйітке ешкім келмесе, патологоанатомдар Орталық зиратқа мемлекет есебінен жерлеу туралы ресми өтінім жібереді.

Ішке кіреміз. Денең түршігіп кетеді: қалың қара қапқа мемлекет есебінен жерленетін мәйіт оралған, ал оң жақта, көз деңгейінде ампутацияланған аяқтар жатыр - оларды зерттеуге әкелген.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бойымызды үрей билеп, "тоңазытқыштан" тезірек шығып кеттік.

Ирина бірінші мифті жоққа шығарды - мифтер туралы әлі де сөйлесеміз.

"Қазақстанда мәйіттерге арналған ешқандай "бауырластар зираты" жоқ және болған емес. Мемлекет әр адамға жеке табыт пен арнайы көлік бөледі. Әр дене жеке тіркеу нөмірі берілетін жеке қабірге жерленеді".

Патологоанатомиялық бюроның мұрағатында барлық дерек пен марқұмның жеке куәлігінің көшірмесі сақталады, егер арада жылдар өткен соң оны іздеуші туыстары табылып жатса, осы деректер қажет болады.

Сондай-ақ мұнда барлық пациенттің биопсия шынылары екі данада сақталады. Бұл олар жоғалып кеткен немесе компьютер бұзылған жағдай үшін жасалады.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Микроскопқа үңілу және жасанды интеллектінің дәрменсіздігі

Біз Ирина Сергееваның жұмыс кабинетіне өтеміз. Оның үстелінде лаборанттар дайындап қойған, микроскоппен зерттеуге арналған ісіктің алты кесінді-үлгісі жатыр. Ал қасында "Дәрігерлерге арналған нұсқаулық" кітаптарының жиынтығы - заманауи оқулықтар мен ескі ақ-қара түсті кеңестік басылымдар үйіліп тұр.

"Біз күн сайын бұл кітаптарды жүз рет парақтаймыз. Кейбіреулер бізді микроскопқа әйнекті қоя салады, ал экранда туберкулез немесе ісік деп бәрі жазылып тұрады деп ойлайды. Бірақ олай емес, гистология - өте күрделі жұмыс. Патологияны қатесіз анықтау үшін, алдымен тіндердің қалыпты, сау құрылымын білу керек", - дейді дәрігер.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

- Неге дәл алты түрлі кесінді аласыз, олардың бәрі микроскоп астында бірдей көріне ме әлде әртүрлі ме? - деп түсіндіруін өтіндім.

- Бір қызығы, тіпті бір ісіктен алынған үлгілердің өзі бір-бірінен қатты ерекшеленуі мүмкін. Бірінші кесіндіден біз кең некроз аймағын (өлі тін), екіншісінен - жаңа қан құйылу ошағын, үшіншісінен - ісік тінінің өзін, ал төртіншісінен - мидың зақымдалмаған қалыпты затын көреміз.

- Айтыңызшы, жұмысыңызда жасанды интеллект қолданыла ма?

Ол басын шайқады:

- Енді енгізіліп жатыр, бірақ біз оны әлі белсенді қолданбаймыз. Әйнектерді суретке түсіріп, кескінді цифрландырып, үлкен экранға шығаратын арнайы сканерлер бар. Кейін бұл базаны жасанды интеллектке қосатын шығар, ол ненің белгісі екенін болжап береді. Бірақ менің ойымша, мұндай аппарат ешқашан адамның тірі көзін алмастыра алмайды.

Неге алматылықтардың өкпесі ауылдағы шылым шегетіндерге қарағанда қара

- Қазақстандықтар көбіне неден көз жұмады?

- Меніңше, бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да статистика шамамен бірдей. Бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары (ҚАЖ) - инфаркт пен инсульт тұр. Бұл барлық жерде бірінші орында деп ойлаймын. Олардың дамуына негіз болатын басты фактор - аз қозғалысты өмір салты мен дұрыс тамақтанбаудан туындайтын тамырлардың атеросклерозы.

Анықтама: атеросклероз - бұл артериялардың созылмалы ауруы, мұнда тамырлардың ішкі қабырғаларына біртіндеп май, холестерин, кальций және басқа да заттар жиналады. Бұл шөгінділерден атеросклеротикалық түйіндер түзіледі.

Екінші орында - онкология, ал үшінші орында - тыныс алу мүшелерінің аурулары. Экологияның шынымен де әсері бар деп ойлаймын, мұны тіпті мәйітті сою кезінде де көруге болады.

Сіздер шылым шегетін адамның қап-қара өкпесі туралы суреттерді көрген шығарсыздар. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Шылым шегушінің өкпесі қара түсті емес, бұл түс біз ауамен бірге жұтатын көмір пигменті мен басқа да бөлшектердің жиналуына байланысты.

Біздің ұстаздарымыз таулы аймақтар мен ауасы таза шалғай ауылдарда тұратын адамдар мен Алматы сияқты ірі қала тұрғындарының айырмашылығына назар аударатын.

Егер шалғай жерден келген адамның мәйітін сойса, оның өкпесіндегі қара көмір шаңы экологиясы нашар қалада тұратындарға қарағанда азырақ болады.

Өлімге әкеп соғатын диеталар және арықтауға арналған қытай таблеткалары

- Өз денсаулығына эксперимент жасау өлімге себеп болған жағдайлар болды ма?

- Білесіз бе, жас қыздар арықтау үшін күмәнді қытай препараттарын немесе іш жүргізетін дәрілерді өте жиі қабылдайды. Олар ағзаның қатты сусыздануына және ішектің ауыр қабынуына, тіпті ойық жаралар мен өлімге әкелетін ішектен қан кетуге соқтырады. Кейін қаза болғандардың туыстары әңгімелесу кезінде қыздардың арықтауға арналған тазартқыш шайлар мен сусындарға әуес болғанын айтып жатады.

Дәрігер бөлімшедегі әріптесі зерттеген бір жағдайды есіне алды.

Бюроға кенеттен пайда болған жедел жүрек жеткіліксіздігі белгілері бар қыздың денесі түскен. Мәйітті сою кезінде оның жүрегі босап қалғаны анықталды, сырттай ол қарт адамның мүшесіне ұқсаған. Сондай-ақ аутопсия өкпенің қатты ісінуін және жедел веноздық толыққандылықты көрсетті. Дәрігерлер туыстарымен сөйлескенше өлімнің себебін ұзақ уақыт түсіне алмады.

Пациенттің "сүт диетасына" қызығып, тек сүт қана ішкені белгілі болды.

"Оның талдауларын қарай бастағанда, жүрек жұмысына жауап беретін барлық электролит: калий, натрий, кальций деңгейі төмен екені белгілі болды. Біз зерттей келе, сүттің көп мөлшерде ағзадан калийді жуып шайып жіберетіні туралы әдебиеттер таптық. Сонда ғана оның неге қайтыс болғаны түсінікті болды. Оның жүрек бұлшықеттерінде өткізгіштік болмаған", - деп еске алады патологоанатом.

"Ол ұзақ қиналды ма?": марқұмның туыстарымен ауыр әңгімелер

- Қайтыс болғандардың туыстарымен жиі сөйлесуге тура келе ме?

- Иә. Біз туыстарын мәйітті сою нәтижелері туралы сөйлесуге жиі шақырамыз. Кейде қағазға схемалар сызып отырып, оларға өлім себептерін түсіндіресің. Адамдарды мазалайтын басты сұрақ: жақыны көз жұмар алдында ұзақ қиналды ма?

- Сіз мұны да анықтай аласыз ба? - деп таңғалдым.

- Әрине! Егер жүрек қуыстарынан сұйық қан табылса немесе қуыстар бос болса, бұл тез келген өлімді білдіреді. Ал өлімнен кейінгі ұйыған қанның болуы өлім алдындағы кезеңнің ұзақ болғанын көрсетеді.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

- Бұл психологиялық тұрғыдан қажытпай ма? Кәсіби тұрғыда көңіліңіз суып, шаршаған кездеріңіз болды ма?

- Жоқ. Керісінше, көптеген адам осындай ауыр әңгімелерден кейін үлкен алғыс сезімімен кетеді. Егер өздеріне қандай да бір дәрігер немесе денсаулыққа қатысты кеңес қажет болса деп, жеке телефон нөмірімді сұрап жатады. Мен бұл өтініштен ешқашан бас тартпаймын. Осындай қиын жағдайда адами жанашырлық таныту өте маңызды екенін түсінемін.

Бірақ ең ауыры - биопсия нәтижесі жас адамдардан онкологиялық ауруды анықтаған кезде болады. Туыстары мен пациенттердің өздері нәтиже алуға келіп, қанша уақыты қалғанын және емнің көмектесетін-көмектеспейтінін сұрайды. Мұндай сәттерде оларды жұбатып, жақсылыққа үміт артуға шақырасың.

Кенет Ирина бір нәрсе есіне түскендей жымиып қойды.

- Не ойлап кеттіңіз? - деп ақырын сұрадым.

- Осыдан бес жыл бұрын маған бір ер адам келді. Оның әйелі түнде тырысып қалып, ауруханаға түскен. Ми ісігі деген күдікпен оған ота жасалды. Біз әріптестерімізбен бірге тіндерді мұқият зерттей бастадық, онкологиялық орталықтың зертханасымен кеңесіп, шыныларды ғылыми-зерттеу институттарына жібердік. Соңында ешқандай ісік жоқ екені анықталды - бұл сирек кездесетін қантамыр патологиясы болып шықты.

Бақытқа орай, бәрі сәтті аяқталып, әйел сауығып кетті, ал оның жұбайы осы күнге дейін мені барлық мерекемен құттықтап, алғыс айтып тұрады, - дейді Сергеева көзі күлімдеп. - Ал кейде жұмыстан шыққанда да қандай да бір пациент немесе қайтыс болған адам туралы ойланып жүретін кездер болады.

- Олар түсіңізге кірмей ме?

- Жоқ, мен мәйітін ашқан адамдар ешқашан түсіме кірген емес. Бірақ биопсия қарап отырған сәттерім - болып тұрады.

Патологоанатомның әдеттегі күні қалай өтеді және ол қанша жалақы алады?

Ирина аптасына бес күн таңғы сегізден кешкі беске дейін жұмыс істейді, бірақ бөлімнің әрбір дәрігері айына бір рет сенбі күні кезекшілікке тұруға міндетті, ал жексенбі - барлығы үшін толыққанды демалыс күні.

Жұмыс күні келіп түскен биопсияларды бөлуден басталады, ал таңғы сағат 9–10-ға қарай мәйіттерді сою жұмыстары жүргізіледі.

- Қазіргі уақытта бұл мамандықта жалақы қандай екенін айта аласыз ба? Тәжірибе жинақтаған сайын табыс деңгейі өзгере ме?

- Патологоанатомдардың лауазымдық жалақысы олардың еңбек өтіліне және біліктілік санатына (екінші, бірінші және жоғары) тікелей байланысты. Жоғары санатты әр бес жыл сайын растап отыру керек. Біздің дәрігерлердің барлығы дерлік бір жарым мөлшерлемеде жұмыс істейді - бұл ресми түрде рұқсат етілген максимум (сағат 8:00-ден 17:00-ге дейінгі жұмыс плюс кезекшіліктер).

Еңбек өтілі аз жас маман шамамен 450 мың теңге алса, 15–18 жылдық тәжірибесі бар және жоғары санатты дәрігер - шамамен 600 мың теңге алады. Ауыр психоэмоциялық жүктеме үшін қосымша ақы осы жалпы табыс сомасына енгізілген - бәрі базалық лауазымдық жалақыға (БЛЖ) қосылады", - деп есептеді ол.

Ал зиян жұмыс жағдайлары үшін дәрігерлерге күн сайын сүт беріледі - күніне жарты литр немесе бес күндік жұмыс аптасына 2,5 литр. Айта кетейік, бұл тәжірибе КСРО заманынан бері сақталып келеді. Ол кезде сүт ағзаға кейбір химиялық заттар мен токсиндердің әсерін жеңілдетуге көмектеседі деп есептелген.

Стереотиптерді талдау: алкоголь, темекі және "тірілген" мәйіттер

- Патологоанатом - тек ерлерге арналған мамандық деген миф бар. Бұл рас па?

- Бұл - мүлдем қате түсінік. Біздің қызметте әйелдер ерлерден кем емес.

Және бірден айтайын: бізде ешқашан ешкім тірілген емес!

Қоғамда патологоанатомдарды - міндетті түрде ірі денелі, қабағы қатыңқы, тұйық, бір қолында темекісі бар ер адамдар деп қабылдау қалыптасқан. Қасында міндетті түрде кофесі тұрады. Бірақ, көріп отырғаныңыздай, бұл мүлдем олай емес! Сондай-ақ, барлық патологоанатом маскүнемдікке салынған деген де жаңсақ пікір.

Іс жүзінде секциялық залдарда тамақтануға қатаң тыйым салынған - ол үшін бюрода арнайы таза асүй жабдықталған.

Ирина сөзін жалғастырды:

- Осындай мифтердің көптігінен, жаңа адамдармен танысқанда кім болып жұмыс істейтінімді айтпауды жөн көремін - жай ғана терапевт немесе гинекологпын деп таныстырамын. Бұрын, жұмысты жаңа бастағанда, патологоанатом екенімді айта беретінмін. Ал қазір сұрақ азайсын деп осылай істеймін - маған солай тынышырақ.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Малахит тастардың жұмбағы және денсаулыққа деген көзқарас

Тәжірибелі дәрігерлер әлемді басқаша көреді және өздерінің тілінде сөйлеседі. Микроскоп арқылы қатерлі ісіктің атипті, деформацияланған жасушаларын қарап отырып, олар шын жүректен былай деп таңғалуы мүмкін:

"О, қандай әдемі, мына ісікті қарашы! Мына жасушаның әдемілігін қара, ал мынаусы, керісінше, қандай сұрықсыз!"

- Неге сіз әлі де өз мамандығыңызды таңдап келесіз?

- Дәл осы биопсияны үнемі зерттеу мені осы күнге дейін қызықтырып келеді. Өйткені биопсияда аурулар тоқтаусыз өзгереді, гистологиялық көрініс түрленеді. Сен үнемі үйрену үстінде боласың, - деп жауап берді кейіпкеріміз.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Ирина Сергееваны тыңдай отырып, патологоанатом болу - оның нағыз қалауы екенін анық түсінеміз. 

- Алғашқы мәйітті сою кезі есіңізде ме? Сол кезде қандай сезімде болдыңыз? - деп сұрадым.

- Жұмысқа жаңадан кіріскен кезімде, мәйітханаға бір қарт әйел түсті. Қазіргідей есімде, оның өт қабынан алтын түстес ұшқындары бар жасыл түсті көптеген тастар шашылып түсті.

Олардың әдемі болғаны сонша, тура бір бағалы малахит тастары сияқты әлі күнге дейін жадымда. Олар тегістелген сияқты көрінгенімен, шын мәнінде пішіні органның формасына, ал түсі химиялық құрамына байланысты еді.

Жалпы, бұл мамандық Иринаның өмірге деген көзқарасын айтарлықтай өзгертті.

Дәрігерге дер кезінде қаралмаған жастардың қалай көз жұматынын көре келе, өз ағзасына және жақындарының денсаулығына әлдеқайда мұқият қарайтын болған.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Енді дәрігер скрининг пен профилактикалық тексерістерді ешқашан қалт жібермейді:

- Егер бір жерім шаншып немесе басқа да мазасыздық болса, бірден барып тексеріліп, талдау тапсырамын және туыстарыма да тексерілуді міндетті түрде ескертемін. Мұның бәріне бейжай қарауға болмайды.

- Ауыр жұмыс күндерінен кейін қалай қалпыңызға келесіз? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Бос уақытымның бәрін ұлыма арнауға тырысамын. Жақында ол 12 жасқа толады. Футболмен белсенді айналысатындықтан, әр демалыс сайын матчтер мен жарыстарда боламыз. Бұл жұмыс аптасынан кейін басқа нәрсеге көңіл бөліп, стресстен арылуға жақсы көмектеседі. Сонымен қатар бірге тауға шыққанды, саяхаттауды және концерттерге баруды жақсы көреміз.

Дәрігерлердің ынтымақтастығы және естелік сыйлық

- Не армандайсыз? - деп сұрадым әңгіме соңында.

Ирина сәл ойланып тұрып, былай деді: 

- Бүгінде әлемде Қазақстанда әлі кеңінен тарала қоймаған көптеген заманауи диагностикалау әдістері бар. Уақыт өте келе біз де бұған міндетті түрде жететінімізге сенімдімін, бірақ бұл процестің тезірек жүргенін қалаймын.

Сондай-ақ бүкіл Қазақстандағы патологоанатомдардың бірлесе жұмыс істеп, бір-біріне қолдау көрсетіп, тәжірибе бөліскенін армандаймын. Кейде тіпті бір мамандықтың ішінде әріптестеріне қатысты "біреуі ісікті байқамай қалды" немесе "диагноздан қателесті" деген сынды естуге болады. Ал мен кәсіби ынтымақтастық пен әріптестік сыйластықты көбірек көргім келеді.

Және де кез келген дәрігер сияқты, адамдардың аз ауырып, айналамызда дені сау, бақытты жандардың көп болғанын қалаймын.

Кенет Ирина үстелден түрегеліп, кітап сөресіне жақындады. Бірнеше секундтан соң күлгін мұқабалы қалың жылтыр оқулықты алып шықты. Оны маған ұсынды.

- Мұны сізге естелікке сыйлағым келеді. Бұл - әріптестеріммен бірге жазған медициналық оқулық. Ішіндегі суреттердің бәрі шынайы. Бұл - өзіміз зерттеген және суретке түсірген органдар.

- Үлкен рақмет, өте қуаныштымын, - деп шынайы алғыс айттым да, шыдамай кітапты кездейсоқ бетінен ашып қалдым.

Беттерде адамның ішкі мүшелерінің ашық түсті, егжей-тегжейлі суреттері қаз-қатар тізілген. Мұндай суреттер жүйкесі жұқаларға арналмаған-ау деп ойладым ішімнен. Бірақ мен бұл кітапты жауып, үйреншікті өмірге қайта орала аламын. Ал Иринаға жұмысын жалғастыру керек. Оны микроскоптың астында кезекті ісік күтіп тұр. Сол арқылы дәрігерлер мен науқастар күтіп отырған нақты диагноз қойылады.

Авторы: Анжела Ким

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама

Жарнама
Жарнама