“Сиқырлы“ ем: Қазақстанда хиджама неге танымал және оның қаупі қандай?

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Хиджама - қан алудың ежелгі әдісі. Ол Қазақстандағы танымал дәстүрлі емес процедуралардың бірі болып қала береді. Ол дәлелді медицинамен ресми түрде танылмаған, лицензияланатын медициналық қызметтер тізбесіне кірмейді, бірақ сонымен қатар оған тыйым да салынбаған. Осыған байланысты ел бойынша теріні тілу арқылы "сауықтыруды" және түрлі аурулардан арылтуды уәде ететін жүздеген орталықтар мен салондар жұмысын жалғастырып жатыр.

Хиджама - қан алудың ежелгі әдісі. Ол Қазақстандағы танымал дәстүрлі емес процедуралардың бірі болып қала береді. Ол дәлелді медицинамен ресми түрде танылмаған, лицензияланатын медициналық қызметтер тізбесіне кірмейді, бірақ сонымен қатар оған тыйым да салынбаған. Осыған байланысты ел бойынша теріні тілу арқылы "сауықтыруды" және түрлі аурулардан арылтуды уәде ететін жүздеген орталықтар мен салондар жұмысын жалғастырып жатыр.

TengriHealth тілшілері адамдар неге мұндай ауыр процедураға келісетінін, оның шынайы пайдасы бар-жоғын, дәрігерлер қандай қауіп-қатерлерді тіркейтінін және оны жасатуға бел буғандарға не нәрсеге назар аудару керек екенін анықтап көрді.

Хиджама дегеніміз не және ол Қазақстанда қалай реттеледі?

Хиджама - қан алудың ежелгі процедурасы, мұнда дененің белгілі бір жерлеріне беткі тіліктер жасалып, содан кейін аз мөлшерде қан шығару үшін вакуум тудыратын оңқа (банка) қойылады.

Бұл емдеу әдісін жақтаушылар оны "іркілген" немесе "лас" қанды шығару және иммунитетті жандандыру есебінен ағзаны сауықтыру мен жасартудың тиімді тәсілі деп санайды.

Хиджама процедурасы. Фото © Tengrinews.kz

Дегенмен, әлемде әлі күнге дейін хиджамамен емдеудің ғылыми негізделген, дәлелденген әдістері жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті сауалымызға берген жауабында халықаралық ғылыми деректер базасында қан алу бойынша бірен-саран шолу және түпнұсқа зерттеулер бар екенін, бірақ олар негізінен аса беделді емес ғылыми журналдарда жарияланатынын хабарлады.

Мәселен, ведомство мәліметінше, Ливан мен Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер хиджаманы мына жағдайларда қолдануға арналған:

  • ревматикалық аурулар;
  • мигрень;
  • Хашимото тиреоидитінің аутоиммундық белсенділігін модуляциялау (қалқанша безіне зақым келтірмеуі үшін иммундық жүйенің "агрессиясын" азайту әрекеті);
  • ауыз қуысы мен тіс ауруларын емдеу;
  • белдегі спецификалық емес ауырсынуды жеңілдету.

"Жұмыс нәтижелері хиджама түрлі аурулар кезінде терапевтік процедура ретінде белгіленуі үшін әлі де қосымша дәлелдерді қажет ететінін көрсетті", - делінген хабарламада.

Қан алу халықтық, дәстүрлі емес медицинаға жататындықтан, Қазақстанда лицензияланатын медициналық қызметтер тізбесіне кірмейді.

Алайда комитет хиджама кезінде тері жамылғысының тұтастығын бұзатын медициналық араласу жасалатындықтан, бұл әдіс инвазивті болып саналатынын атап өтті.

"Сондықтан оны тек медицина қызметкерлері ғана орындай алады. Сонымен қатар, процедураны өткізер алдында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша пациенттің ақпараттандырылған келісімін алу қажет", - деп хабарлады бізге.

Хиджама туралы ғылыми деректер: пайдасының дәлелі бар ма?

Отбасылық дәрігер Ирина Шинкаренко да хиджама туралы зерттеулердің әлі нақты қорытынды бермейтінін айтады.

Оның айтуынша, кейбір жағдайларда процедураның тиімділігі туралы айтылатын шағын зерттеулер бар. Керісінше, қан алудың зиян екенін айтатын зерттеулер де жоқ емес. Бірақ бұл жұмыстардың сапасы төмен, ал нәтижелері жиі бір-біріне қайшы келеді, сондықтан оларға сенуге болмайды.

Маман бұл процедураның мүлдем жаңа емес екенін - қан алудың ежелгі заманнан бері қолданылып келе жатқанын айтады. Дегенмен бүгінде бұл әдіске шынымен де үлкен қызығушылық туып отыр.

"Бұрын да адамдарды қан алу арқылы емдеген. Белгілі бір дәрежеде және кейбір адамдарға бұл көмектесіп, олар жазылып кеткен. Мұны хиджамамен байланыстырған. Дегенмен ол кездері ешкім пациенттің жағдайының жақсаруы мен қан алу арасындағы байланысты растау үшін зерттеу жүргізген жоқ. Бүгінде жабайы деп санайтын әртүрлі емдеу әдістері болды. Бірақ дәл осы хиджама қазір де қолданылады", - деді сарапшы.

Ирина Шинкаренко
Отбасылық дәрігер
Сарапшы туралы: Ирина Шинкаренко - отбасылық дәрігер. Америкалық отбасылық медицина кеңесімен сертификатталған.

Ирина Шинкаренко хиджама төңірегінде ағарту жұмыстары мен сапалы ғылыми зерттеулер қажет деп санайды, бұл осы процедураның пайдасын толығымен жоққа шығаруға немесе, керісінше, растауға көмектеседі.

"Салдары белгісіз әдіс": трансфузиологтың пікірі

Әдістің қарсыластары, соның ішінде медиктер мен ғалымдар, өз позицияларын денсаулыққа төнетін ауыр қауіп-қатерлермен негіздейді. Мәселен, терапевт-дәрігер, трансфузиолог Әйгерім Сағамбаева хиджаманың қауіпсіздігіне кепілдік беру іс жүзінде мүмкін емес деп есептейді.

Оның айтуынша, бәрі процедураның қайда жүргізілетініне және маманның біліктілігіне байланысты.

"Стерильділік сақталатын медициналық орталықтарда қауіп деңгейі төменірек, бірақ ол бәрібір де бар. Негізгі мәселе - бұл процедураны көбіне медициналық білімі жоқ адамдардың үй жағдайында немесе күмәнді салондарда жасайтындығында", - дейді Сағамбаева.

Әйгерім Сағамбаева
Дәрігер-трансфузиолог

Ол бұл емдеу әдісінің басты асқынуларының бірі қанға инфекция түсуі екенін атап өтті. Өйткені процедура кезінде адам денесі тілінеді, соның салдарынан терінің тұтастығы бұзылып, тікелей инфекция жұқтыру қаупі туындайды.

Сарапшы туралы: Әйгерім Сағамбаева - Денсаулық сақтау министрлігі Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі. Дәрігер-терапевт, трансфузиолог.

"Егер скальпельдер мен оңқалар стерильді болмаса, ал бөлме антисанитарлық жағдайда болса, қанға бактериялар түсуі мүмкін. Бұл абсцесске, флегмонаға немесе тіпті сепсиске, қанның улануына әкеп соқтыруы ықтимал", - деп ескертті дәрігер.

Анықтама: Абсцесс - инфекция салдарынан ағза тіндерінде іріңнің шектеулі жиналуы. Флегмона - май жасушаларының жедел жайылған іріңді қабынуы. Абсцестен айырмашылығы, оның айқын шекарасы болмайды, соның салдарынан инфекция көршілес тіндерге, бұлшықеттер мен сіңірлерге тез таралады.

Сондай-ақ, егер құралдарда алдыңғы пациенттің қаны қалса, гемоконтактілі инфекцияларды - В және С гепатиттерін, сондай-ақ АИТВ жұқтыру қаупі өте жоғары, деп толықтырды Сағамбаева.

Оның айтуынша, осыған байланысты трансфузиология орталығында донорларды іріктеу кезінде дәрігерлер адамның хиджама жасатқан-жасатпағанына және оның қашан болғанына баса назар аударады.

Мұндай манипуляция инфекция жұқтыру қаупі жоғары процедураларға жатады, дейді сарапшы, сондықтан одан кейін де, татуировка, пирсинг, ота жасалғаннан кейінгідей, адамға 120 күнге донорлықтан медициналық шектеу қойылады.

Бұл мерзім "серонегативті терезе" деп аталатын кезең үшін қажет - бұл уақыт аралығында қандағы ықтимал инфекцияларды анықтауға болады.

"Бұл дәрігерлердің хиджаманы денсаулық үшін салдары болжап болмайтын әдіс ретінде қарастыратынын тағы бір мәрте дәлелдейді", - деді трансфузиолог.

Дәрігердің айтуынша, 99 пайыз жағдайда хиджама алдында ешкім де сараптама тапсырмайды және басқа тексерулерден өтпейді. Бұл - өте үлкен мәселе.

"Қан шығарумен айналысатын шеберлер клиенттің гепатиті немесе басқа да аурулары жоқ деген сөзіне сеніп қана қоя салады. Тілік жасамас бұрын ешкім гемоглобин деңгейін тексермейді. Бұл қанды соқыр тәуекелмен тапсырғанмен бірдей", - деді Сағамбаева.

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Хиджамадан кейінгі асқынулар: гематомалар мен тыртықтардан бастап анемия мен талуға дейін

Әйгерім Сағамбаеваның айтуынша, хиджамадан кейін адам жергілікті және жалпы асқынуларға тап болуы мүмкін.

Жергілікті асқынуларға мыналар жатады:

  • ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар;
  • тыртықтар;
  • гематомалар;
  • терінің гиперпигментациясы.

Жалпы асқынулардың ішінде:

  • бастың қатты айналуы;
  • талып қалу;
  • қан қысымының кенет төмендеуі.

Сарапшы ең қауіпті салдар ретінде анемияны атайды.

"Егер хиджаманы тым жиі жасаса, ағза қан мен темірді жоғалтады. Бұл анемияға әкелуі мүмкін, ал бұл кезде тіндерге қажетті мөлшерде оттегі жетпейді", - деп түсіндірді трансфузиолог.

Ол бұл процедураны қан жоғалту көлемі қатаң бақыланатын донорлықпен салыстырды.

"Донорлық кезінде адам 450 миллилитрден аспайтын қан тапсырады - бұл сау ағза үшін қауіпсіз көлем. Сонымен қатар, сирек және тұрақты донациялар тіпті пайдалы, олар қан түзілуін ынталандырады және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу болып саналады", - деді маман.

Гипертония кезіндегі хиджама: қан қысымына көмектесе ме әлде қауіпті ме?

Кейбіреулер бұл процедура қан қысымы көтерілгенде көмектесетінін алға тартады. Алайда Әйгерім Сағамбаева мұндай мәлімдемелерді дәлелденбеген деп санайды.

"Мұндай зерттеулердің дәлелді базасы жоқ. Қан жоғалту және ауырсыну стрессі қысымның кенеттен құбылуына - оның төмендеуіне немесе қауіпті деңгейге дейін көтерілуіне себеп болуы мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, екінші және үшінші дәрежелі гипертония және жүрек-қан тамырлары қаупі жоғары болған жағдайда, инсульт немесе инфаркт қаупіне байланысты процедураға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Қарсы көрсетілімдер мен өлім қаупі: кімдерге хиджама жасатуға болмайды?

Дәрігер шектеулер тізімі айтарлықтай кең екенін атап өтті. Процедура келесі жағдайларда мүлдем ұсынылмайды:

  • қан аурулары: қанның ұюының бұзылуы (гемофилия), анемия (гемоглобиннің төмендігі);
  • жүрек-қан тамырлары аурулары: екінші және үшінші дәрежелі гипертония, инфаркт немесе инсультті бастан өткергеннен кейінгі жағдай;
  • онкологиялық аурулар, атап айтқанда қатерлі ісіктер;
  • жүктілік және лактация кезеңі;
  • қанды сұйылтатын препараттарды (антикоагулянттар, антиагреганттар және т.б.) қабылдау.

"Мұндай диагнозы бар адам хиджама жасатуға бел буа отырып, өзін өлім қаупіне тігеді. Антисанитарлық жағдайда жасалған емшарадан кейін адамдарда сепсис дамып, соңы өлімге әкеп соқтырған жағдайлар белгілі. Басқа хиджама жасағаннан кейін бас сүйегінің ішіне қан құйылуының сирек жағдайлары да болған", - дейді дәрігер.

Қандай сақтық шараларын сақтау ұсынылады?

Әйгерім Сағамбаеваның айтуынша, егер адам тәуекелдерге қарамастан хиджама жасатуды ұйғарса, тым болмаса оның ықтимал зардаптарын азайту маңызды.

Ол келесідей кеңестер береді:

  • "мамандарға" емес, медициналық мекемелерге жүгіну;
  • бір реттік скальпельдер мен банкалардың пациенттің көзінше ашылуын қадағалау;
  • стерильділікке, теріні өңдеуге және қолғаппен жұмыс істеуге назар аудару;
  • емшара алдында гемоглобин деңгейін тексеру және анемияны болдырмау үшін тым болмаса жалпы қан анализін тапсыру.

Бұл ретте маман дәлелді медицина тұрғысынан хиджаманың қанды "тазартуға" пайдасы бар деген тұжырымның негізсіз екенін атап өтті:

"Қазіргі физиологияда "лас", "іркілген" немесе "жаман" қан деген түсінік жоқ. Қан үнемі тұйық шеңбер бойымен айналып, өкпеде, бауырда және бүйректе тазартылады. Хиджама кезінде тіліктерден шығатын нәрсе - бұл капиллярлық қан мен ұлпааралық сұйықтықтың қоспасы, оның құрамында ешқандай ерекше токсиндер болмайды".

Егер адам қанды "жаңартудың" пайдасын көргісі келсе, ғылыми дәлелденген әдіс - донорлық болып табылады, дейді сарапшы.

"Адам қан тапсырған кезде жілік майы жаңа қан жасушаларын шығару туралы белгі алады. Бұл - табиғи, қауіпсіз және денсаулыққа пайдалы жаңару процесі", - деп түсіндірді Сағамбаева.

Сондай-ақ ол донация алдында пациенттің тегін тексеруден өтетінін еске салды. Донорлар қан тобына, резус-факторға, гемоглобинге, Kell-антигенге анализ тапсырады, ал донациядан кейін В, С гепатиті, АИТВ, сифилис инфекцияларының маркерлеріне, В гепатиті вирусына қарсы антиденелерге (Anti-HBcore, Anti-HBs) тексеріледі.

Анықтама: HBcore-ге антиденелер (Anti-HBc) - организм В гепатиті вирусымен жанасқанын білдіреді. HBs-ке антиденелер (Anti-HBs) - В гепатитіне қарсы иммунитет/қорғаныс бар екенін көрсетеді (вакцинациядан кейін немесе аурудан айыққан соң).

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Неге адамдар бәрібір хиджаманы таңдайды?

Отбасылық дәрігер Ирина Шинкаренко хиджамаға деген қызығушылық адамдардың барлық ауруға ем болатын "әмбебап құрал" табуға деген ұмтылысы, сондай-ақ дәстүрлі медицинаға деген қорқыныш пен сенімсіздікпен байланысты деп санайды.

Дәрігердің пікірінше, көптеген адамды химиялық препараттарсыз және өмір салтын айтарлықтай өзгертпей-ақ денсаулықты жақсарту мүмкіндігі қызықтырады.

"Кейбіреулерге диета сақтап, спортпен шұғылданып, өмір салтын өзгерткеннен көрі, тілік жасап, қан шығару оңайырақ. Әрине, қандай да бір "сиқырлы" емшара табу әлдеқайда жеңіл. Адамдар қай заманда да сиқырлы ем іздеген. Бүгінде де солай болып жатыр", - деп есептейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта вакцинацияға қарсы шығатындар сияқты баламалы медицинаны жақтайтындар өте көп. Олар дәстүрлі емес медицина табиғи, қауіпсіз және кейбір жағдайларда тиімдірек деп есептеп, препараттармен емделуден бас тартады.

"Әдетте баламалы емдеу әдісін қолданатындар қарапайым медицина дәрменсіз болатын түрлі аурулардан толық айығуды уәде етеді", - деп түсіндіреді Шинкаренко.

Спикердің айтуынша, адамдардың бұл салаға жүгінуінің себебі де осы. Сонымен қатар, дәрігер бұл саланың әлі де зерттелмеген аймақ болып қала беретінін атап өтті.

"Бұл жерде көрсетілімдер де, қарсы көрсетілімдер де, ықтимал тәуекелдер де белгісіз. Тәуекел, әрине, бар. Қан және тері жамылғысының тұтастығын бұзуға байланысты кез келген емшарада әрқашан тәуекел болады", - деп түсіндіреді Шинкаренко.

Дәрігердің айтуынша, мұндай манипуляциялар алдында пациенттерден әдетте ықтимал салдарлар туралы хабардар екендігін растайтын ақпараттандырылған келісім алынады. Алайда хиджама жағдайында бұл саланы ешкім дерлік реттемейді және бақыламайды.

"Осыған байланысты ол жерде нақты не болып жатқаны, емшараны жүргізетін адамның біліктілігі қандай екені және жалпы кім жауапты екені мүлдем түсініксіз. Сондықтан мен хиджаманы қолдай алмаймын, себебі бұған жеткілікті деректер жоқ", - дейді сарапшы.

Ол бұл әдіске жүгінетін адамдар оны ешқандай кепілдіксіз және дәлелді базасыз, өз тәуекелдерімен жасайды деп санайды. Мұндай емдеу - ғылыми деректері, статистикасы және нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге сүйену мүмкіндігі бар дәстүрлі медицинадан айырмашылығы, көбінесе соқыр тәуекелге негізделген.

Бұл ретте маман уақыт өте келе бұл әдістің шынымен де тиімді, табиғи әрі қалыпты емдеу тәсілі екенін растайтын зерттеулер пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ал әзірге, оның айтуынша, ғылыми негізделу деңгейі бойынша бұны өткен заманның халықтық әдістері - мысалы, жараға бақажапырақ басумен салыстыруға болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжол Алтайдың "шығыс медицинасы", "қытай медицинасы" деген атаумен жұмыс істейтін орталықтарға бақылауды күшейтуді талап еткені туралы жазған болатынбыз.

Бұған азаматтардың лицензиясыз жұмыс істейтін, күмәнді препараттарды қолданатын, біліктілігі расталмаған дәрігерлерді жалдайтын және санитарлық нормаларды бұза отырып инвазивті процедуралар жүргізетін клиникаларға шағымдануы себеп болды.

Авторы: Анжела Ким 

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Tengrinews

Жарнама
Жарнама