Көптеген қазақстандық шетелде емделуді армандап жүргенде, Қазақстанға келетін медициналық туристер қатары артып келеді.
Әлемдегі ең үздік медициналық жүйесі бар елдерде тұратын адамдар неге кейде бізге келіп емделуді жөн көреді, оларды ең алдымен не қызықтырады және біз медициналық туризмді қай бағытта дамыта аламыз - бұл туралы TengriHealth материалынан оқыңыз.
Қазақстандағы медициналық туризм: цифрлар мен география
Қазақстан медицинасында мәселелер жеткілікті екені және бәрі пациенттер қалағандай мінсіз емес екені түсінікті. Бұл жерде әңгіме "Қазақстанда медицина жақсырақ" деген емес. Әр жүйенің өз әлсіз тұстары мен артықшылықтары бар.
Статистикаға сүйенсек, бізде елімізді медициналық туристер үшін тартымды ете түсетін мықты тұстар бар.
Медициналық туристер қай елдерден келеді?
Қазақстанның медициналық туризм қауымдастығы мәліметінше, емделуге көбіне мына елдерден келеді:
- Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан. Біздегі медициналық туристердің шамамен 90 пайызы - ТМД елдерінің тұрғындары.
- Қытай - кейінгі жылдары бұл елден келетін ағын артып жатыр.
- Таяу Шығыс елдері.
"Қазақстан бүгінде медициналық туризмнің қарқыны мен көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Қазір біз посткеңестік кеңістікте өсу қарқыны мен пациенттерді тарту бойынша сенімді түрде алда келеміз", - дейді қауымдастық өкілдері.
Сонымен қатар тікелей рейстер мен ілгерілету бағдарламаларының арқасында география біртіндеп кеңейіп, алыс аймақтардан келетін пациенттердің үлесі артып жатқаны айтылды.
ЭКҰ, стоматология және пластикалық хирургия: шетелдіктер арасында танымал қызметтер
Қазақстандағы медициналық туристер үшін ең танымал бағыттар - күткеніміздей, Алматы мен Астана қалалары. Елордада облыстық ауруханалар мен жекеменшік медициналық клиникалар шоғырланған.
- Астана - жоғары технологиялық қызметтер (кардиохирургия, нейрохирургия, онкология) бойынша көшбасшы. Мұнда жетекші ұлттық орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары мен көпбейінді қалалық ауруханалар орналасқан;
- Алматы - репродуктивті медицина, стоматология және эстетикалық медицина орталығы.
Тақырып бойынша көбірек ақпарат жинау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдадық. Олардың жауабында медициналық туристер арасында танымал тағы бірнеше қала аталған.
Мәселен, ведомство мәліметінше, Талдықорғанға (Жетісу облысы) адамдар көбіне тіс емдету үшін барады.
"Шымкентте қалалық диагностикалық орталық, №1 қалалық клиникалық аурухана және Жүрек орталығы танымал, - деп толықтырды министрліктегілер. - Павлодар және Қостанай облыстарының көпбейінді облыстық медициналық ұйымдары оңалту, хирургия және басқа да бейіндер бойынша медициналық қызмет көрсетеді".
Медициналық туристер арасындағы ең танымал қызметтер:
Шетелдік пациенттер арасында ерекше сұранысқа ие қызметтердің жекелеген түрлері мен саны бойынша нақтырақ статистика берілген жоқ.
Сонымен, шетелдіктерді қазақстандық медицинада не қызықтырады? Біз алған жауаптарға қарағанда, бұл бірнеше фактордың ұштасуынан туындаған.
Медициналық туристер неге Қазақстанға келеді: баға мен сапа
Шетелдіктердің Қазақстанға емделуге келуінің ең айқын себебі - қызмет көрсету құнының төмендігі (сапаның салыстырмалы түрде жоғары болуы). Әсіресе, Еуропа, АҚШ, Израиль немесе Оңтүстік Кореямен салыстырғанда айырмашылық байқалады. Бұл жерде тек табыс әкелетін ақылы медицина туралы айтып отырғанымыз түсінікті. Және аталған қызметтің барлығын шетелдіктер тек ақылы негізде алады.
Сондықтан да, елімізге табиғат сұлулығынан бөлек шетелдіктерді тағы немен тартуға болады дегенде, қазір медициналық туризмге басымдық беріліп отыр.
Жоғарыда айтылғандай, әзірге негізгі ағын - көршілес елдер, бұл қисынды да: логистиканың арзандығы, қызмет құнының қолжетімділігі және тілдік кедергінің болмауы үлкен маңызға ие.
Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің сауалымызға берген жауабында мынадай жайт атап өтілген:
"Осы салада көшбасшы саналатын елдерден келушілердің көбеюі ерекше назар аудартады. Қытайдан келетін пациенттер ағыны 24 есеге, Үндістаннан - 40 есеге, Түркиядан - үш есеге артты".
Әр түрлі елдерден келетін медициналық туристерді не қызықтыратыны туралы Медициналық туризм қауымдастығы былай дейді:
"Алматы мен Астанадағы ірі клиникалар әлемдік стандарттарға сай, онда шетелде тағылымдамадан өткен жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Бұл да шетелдіктер үшін өте маңызды, біздің елде медициналық көмек салыстырмалы түрде тез көрсетіледі. Отаны (ескерту: біз тек ақылы қызметтер туралы айтып отырмыз - ред. еск.) айлап немесе жылдап күтудің қажеті жоқ".
Қызмет көрсету құнындағы айырмашылықтарға келетін болсақ, қауымдастық бізге мынадай ақпарат ұсынды:
Емдеу құнының төмендігі - бұл мәселенің бір бөлігі ғана. Көрші елдермен жағдай түсінікті болса, қазақстандық клиникалардың пациенттері арасында қазір Еуропа мен АҚШ-та тұрып жатқан бұрынғы отандастарымыз аз емес. Олардың көбі тек үнемдеу үшін ғана келмейді, әрине, қызмет көрсету құны көп нәрсені шешетіні анық.
Олардың тәжірибесі тіпті әлемдегі ең дамыған денсаулық сақтау жүйесі бар елдердің өзі неге әрдайым емделуге ең қолайлы орын бола бермейтінін түсінуге көмектеседі.
Айырмашылықтарды тереңірек түсіну үшін үлгі тұтарлық әрі қолжетпес арман болып көрінетін үздік елдерді - АҚШ пен Швейцарияны мысалға алдық. Онда бірнеше жылдан бері тұрып жатқан қазақстандықтардан жүйенің қыр-сыры, артықшылықтары мен кемшіліктері және жеке әсерлері туралы сұрап білдік.
АҚШ-та емделу: Қазақстанмен салыстырғандағы айырмашылықтар
Айнұр Айыпханова - Қазақстанның медицина саласындағы белгілі сарапшы. Бұрын ол Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығын басқарған. Бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударып, қазір Индиана штатының денсаулық сақтау департаментінде штаттың онкологиялық регистрінің директоры болып жұмыс істейді.
Ол медициналық туристер арасындағы ең танымал қызметтердің - пластикалық хирургия, стоматология, ЭКҰ, кардиохирургияның Қазақстан мен АҚШ-тағы құнын салыстырады.
"Стоматология (профилактикалық тексеру мен тіс тазалаудан бөлек) - медициналық сақтандыру болса да ақылы. Тіске пломба салу үшін қосымша төлем - 150–300 доллар, қаптау - 800–1500, протез (имплант) - бір тіс үшін 2 000–4 500, брекеттер - 5 300–6 000 доллар", - деп спикер АҚШ-тағы бағаларды тізіп берді.
Пластикалық хирургия бағаларының мысалы:
- импланттар көмегімен омырауды үлкейту - шамамен 5000 доллар,
- меншікті майды ауыстырып салу әдісімен - 6000-ға жуық.
ЭКҰ-ның бір циклінің орташа құны дәрі-дәрмектер мен емдеуді қосқанда 25 000–35 000 долларға дейін жетуі мүмкін.
"Коронарлық шунттау құны 70 000-нан 200 000 долларға дейін өзгеруі мүмкін. Бұл ретте сақтандырылған пациенттің өзіне де төлеуге тура келеді. Егер адамның жеке сақтандыруы болса, өз шығындары 2 500–15 000 доллар, ал Medicare мемлекеттік сақтандыруы болса - 1 700-ден 10 000 долларға дейінгі сомада болады", - деп түсіндіреді сұхбаттасымыз.
Айнұр Айыпханова АҚШ-та жеке сақтандыру мен мемлекеттік бағдарламаларды ұштастыратын аралас медициналық жүйе қалыптасқанын айтады. Бұл ел денсаулық сақтау саласына әлемдегі ең көп шығын жұмсайды (2024 жылы бұл көрсеткіш жан басына шаққанда жылына 15 474 доллар болған, бұл ЖІӨ-нің 18 пайызына тең).
Соған қарамастан, семіздіктің, созылмалы аурулардың (қан айналымы жүйесі, диабет және т.б.) кең таралуы, тамақтану индустриясының ерекшеліктері мен зиян тағамдардың арзандығы салдарынан АҚШ-та денсаулық көрсеткіштері ең жоғары деңгейде емес.
АҚШ-тағы медициналық сақтандыру: ауырмаған арзанға түседі
Жоғарыда айтылғандай, АҚШ-та міндетті сақтандыру жүйесі жоқ, сондықтан америкалықтардың шамамен 8–10 пайызы онсыз өмір сүреді. Дегенмен, 50 және одан да көп адамы бар компания жұмыс берушілері қызметкерлерге қолжетімді сақтандыруды ұсынуға міндетті.
Америкалық өлшемдер бойынша "қолжетімді" деген нені білдіреді?
Айнұр Айыпханова бір адамға арналған сақтандыру қандай болуы мүмкін екенін түсіндіреді:
- мемлекеттік портал арқылы ресімделген - мемлекет субсидияларынан кейін шамамен 125–250 доллар,
- жұмыс беруші арқылы ресімделген - айына 130–200 (отбасы үшін - шамамен 300–700 доллар).
Қорытынды сома шарттарға, сақтандыру жоспарына және басқа да көптеген факторға байланысты.
Егер адам шылым шегетін болса (мұны жұмыс беруші арнайы тесттер арқылы тексереді), медициналық сақтандыру үшін ай сайынғы төлем мөлшері жарты есеге артып, 200 доллардың орнына 300 доллар төлейді.
"Мұндағы қисын мынадай: шылым шегушінің денсаулығы сөзсіз қымбатырақ болады, сондықтан бұл не темекіні тастауға жақсы мотивация (темекіден бас тартуға көмектесетін бағдарламалар ұсынылады) немесе адамды өзінің зиян таңдауы үшін қаржылай жауапты етеді".
Профилактика - денсаулықты сақтаудың негізі. Ынталандыру үшін превентивті қызметтер мен вакцинация сақтандыру болған жағдайда әдетте тегін (қосымша төлемсіз) көрсетіледі. Жұмыс беруші жеке сақтандыру бағдарламасы арқылы қызметкерлерге медициналық тексеруден өткені үшін бонус ретінде жыл сайын 500 долларға дейін төлейді.
"Мәселен, тіс тазалатқаным үшін – тағы 50, окулистке қаралып, көз тексерткенім үшін – 50, әрбір алған вакцина үшін – 25, қатерлі ісік скринингі үшін – 50 доллар және тағысын тағы. Денсаулық профилактикасы медициналық сақтандыру қоры тарапынан қолдау табады, өйткені дені сау қызметкерлер түптеп келгенде қаражатты үнемдейді (ауырмаған арзанға түседі)", - дейді кейіпкеріміз өз тәжірибесімен бөлісіп.
"Жазылып, күтіңіз": дәрігерге қаншалықты тез көрінуге болады?
Мен Айнұрдан Америкадағы медициналық қызметтердің қымбаттығына мысал келтіруін сұрадым. Ол 2023 жылы бір жасар ұлына амбулаторлық ота – тимпаностомия жасалғанын (құлақ дабылына микротүтікше орнату) айтып берді. Кейінірек ол үшін шамамен 7 000 доллардың шоты келген. Сақтандыру оның жартысын жауып, қалған 3 500 долларды отбасы өз қалтасынан бөліп төлеу арқылы өтеген.
"Бұл ота ұлыма соншалықты қажет болмаған ба деп кейін оқыдым – оны АҚШ-та өте жиі жасайды екен. Дегенмен, оған көрсетілім болды – 12 ай ішінде төрт рет іріңді отитпен ауырды, ал орнатылған түтікшелер бала кездегі жиі отиттің алдын алуға көмектеседі. Бірақ бала өседі, бір-бір жарым жылдан кейін ол түтікшелер құлақтан өздігінен түсіп қалады – ота болмағандай күй кешесің, ал сен оның шотын екі жыл бойы төлейсің", - дейді Айнұр.
АҚШ-тағы денсаулық сақтау саласы туралы тағы бір кейіпкеріміз – Чикагода екі жылға жуық тұрып жатқан астаналық Назерке де айтып берді.
Ол Америка медицинасына мезгіл-мезгіл жүгініп тұрады, өйткені оның Қазақстанда қойылған диагнозы бар және ол дәрігерлердің бақылауын қажет етеді. Клиникада әр 2–3 ай сайын тексеріліп тұрады.
"Ауруханаға жүгінсеңіз, сақтандырумен барған дұрыс. Ақылы негізде де болады, бірақ өте үлкен шоттар келеді. Дәрігерлерге алдын ала – екі-үш ай бұрын жазылу керек", - дейді Назерке.
Ауырып қалып, таңертең дәрігерге барсаң, сені қабылдамайды, жазылып, күтуіңді айтады (бұл көбіне апталарға, тіпті айларға созылады) – сосын кезекші аурухананың қабылдау бөліміне жібереді, деп жалғастырды қыз.
Ол қабылдау бөлімінде әр кабинеттің өз жабдығы – рентген, КТ, МРТ және УДЗ бар екенін айтады.
"Мұны бүкіл ауруханаға бір ғана құрылғы емес екенін айтқым келгені үшін келтіріп отырмын. Мені жағымсыз таңғалдырғаны – жаның қатты қиналмайынша немесе жағдайың мүлдем нашарламайынша, дәрігерлер ештеңе істемейді – кезекте өте ұзақ отыруың мүмкін. Және де, егер ақылы негізде емделсеңіз, оның қанша тұратынын айтпайды, шотты тек ем соңында бір-ақ шығарады. Оның қаншалықты қымбатқа түскенін тек болжауға тура келеді", - деп бөлісті ол.
Ал жағымды жағынан не таңғалдырды? Назеркенің айтуынша, клиникаларда мәзір өте бай және саған қандай да бір тағамды жеуге тыйым салмайды. Тағы бір жағымды жаңалық: дәрігерге кірген кезде талдауларды сол жерде бір-ақ алады және оларды тамақтан кейін де тапсыра беруге болады, міндетті түрде аш қарынға болу шарт емес. Сондай-ақ дәрігерлер мен медбикелердің қарым-қатынасы тамаша – олар өз жұмысын өте жақсы атқарады.
Швейцариядағы емделу: Қазақстаннан айырмашылығы неде?
Дәрігер әрі ғалым Ислам Салиханов Швейцарияда 2020 жылдан бері тұрады. Ол мұнда да Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінің басым көпшілігіндегідей – сақтандыру медицинасы екенін айтады. Бірақ оның да түрлері болады, дейді Ислам.
"Швейцарияда ай сайынғы жарналарды жинайтын ондаған жеке сақтандыру компаниясы бар. Содан кейін адамға қандай да бір ота немесе басқа да медициналық көмек қажет болғанда, клиника шотыңызды сақтандыру компаниясына жібереді, ал ол оны төлейді. Яғни, мұнда мемлекеттің рөлі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда төмен. Мұнда пациент, сақтандыру компаниясы және ауруханадан тұратын үштік жұмыс істейді – біздің елдегідей бірыңғай медициналық сақтандыру қоры жоқ".
Сақтандыру компаниялары – олардың саны өте көп – бұл бизнес, ол пайда табуы керек. Сондықтан Швейцариядағы денсаулық сақтау және медицина жүйесі әлемдегі ең қымбат жүйелердің бірі болып саналады.
"Мысалы, мен өзім үшін 450 франк және әйелім үшін де сондай мөлшерде төлеймін. Бұл – стандартты сақтандыру және ол қатаң түрде міндетті. Көбісі: "сақтандыру жеке болса, ол ерікті: қаласам – ресімдеймін, қаласам – жоқ" деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде мемлекет жеке компаниялардан полис сатып алуды міндеттейді. Сондықтан бұл 450 франк – жай ғана міндетті минимум. Теңгеге шаққанда бір адамға айына шамамен 260–270 мың теңге шығады", - дейді Ислам.
Бірақ ай сайынғы сыйақы – бұл адам төлейтін шығынның бір бөлігі ғана.
"Көбісі сақтандыру болса, дәрігерлерге төлеудің қажеті жоқ деп ойлайды. Бірақ олай емес. Ай сайынғы төлемдерден бөлек, біз франшиза төлейміз – медициналық шығындардың бір бөлігін жылына белгілі бір лимитке дейін өз қалтамыздан жабамыз. Бұл 300-ден 2 500 франкке дейінгі сомма. Мысалы, талдауларымен бірге қарапайым амбулаторлық қабылдау адамға 350–400 франкке түсті делік, бұл ақшаны сақтандыру компаниясы өтемейді, оны адам өздігінен төлейді", - деп түсіндіреді спикер.
Сондықтан Швейцария медицинасына қатысты ең жиі айтылатын шағым - сақтандыру құны, дейді спикер. Оның үстіне, Швейцарияда сақтандыру бағасы қымбаттап жатыр. Бес жыл бұрын 300 франк болса, қазір - 450 франк.
Сондай-ақ, оның байқауынша, өзге елдің медицинасына үйренген шетелдіктер әдетте амбулаториялық көмекке көңілі толмайды: біріне дәрігердің қабылдауы ұнамаса, енді бірі ұзақ күтуге мәжбүр болған.
"Иә, келісемін, мұндай жағдайлар болып тұрады. Мұнда ибупрофенді оңды-солды бере бермейді - тек қатаң түрде рецептпен ғана ала аласыз. Бірақ Швейцариядағы стационарлық және шұғыл көмекке ешқандай мін таға алмайсыз - оның сапасы өте жоғары".
"Швейцарияда емделу қымбат - тіпті мұндағы халықтың табысы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болса да. Сондықтан адамдар өз денсаулығына өте мұқият қарайды", - дейді дәрігер.
Біз Исламмен сөйлесіп тұрған сәтте қасымыздан жедел жәрдем көлігі өте берді. Ол жедел жәрдем шақыру құны 2 000 франкқа дейін жетуі мүмкін екенін бірден айтып қалды.
"Еуропа мен АҚШ-та жедел жәрдем - бұл тек өмірге қауіп төнген жағдайда: ес-түссіз қалу, инфаркт, инсульт немесе жарақат кезінде ғана шақырылатын шұғыл көмек. Егер сіз жедел жәрдем шақырсаңыз, бірақ сарапшылар ауруыңыз бен симптомдарыңызды ескере келе, ауруханаға өз бетіңізше жете алар едіңіз деп шешсе және шақыртуды негізсіз деп тапса - сақтандыру компаниясы бұл шығынды өтемейді. Шетелге көшіп жатқан қазақстандықтарға осыған үйренуге тура келеді", - дейді Салиханов.
Сонымен қатар, Швейцарияда дәрігердің қабылдауына кешігіп келгеніңіз немесе ескертусіз келмей қалғаныңыз үшін айыппұл төлеуге тура келеді. Кешіккеніңіз үшін - 50 франк, қабылдауға келмегеніңіз үшін - 200 франк.
"Сіз кешігесіз, дәрігер күтеді, уақытын шығындайды, ал сізден кейін басқа емделушілер бар - бұның бәрі сақтандыру компаниясы төлейтін ақша. Мұнда кабинетке "тек сұрап қана қояйыншы" деп бас сұғу мүмкін емес - бәрі минутпен есептелген. Қатаң әрі қымбат. Барлық бай елдегі ең қымбат дүние - жылжымайтын мүлік пен медицина. Қалғанының бәрі азды-көпті қолжетімді", - дейді Ислам.
Ол былай деп түсіндіреді: егер адам ауруханаға түсіп, стационарлық көмек ала бастаса, оған қандай да бір ота жасау қажет болса - бұл шамамен 5–20–50 мың франк тұрады. Егер емделуші жыл бойы сақтандыру жарнасын және франшиза бойынша төлемдерін уақытылы жасаса, бұл жағдайда оған ештеңе төлеудің қажеті болмайды.
"Стационарлық көмек пен технологияларға еш мін жоқ. Бәрі жоғары сапалы, топ-деңгейде жасалған. Сондықтан да Швейцарияға, АҚШ-қа немесе Германияға әлемнің түкпір-түкпірінен ауқатты адамдар емделуге келеді", - деп толықтырды дәрігер.
Сондай-ақ ол тағы бір маңызды детальды атап өтті: пациентке деген қарым-қатынас. Дәл біз сөйлескен күні Ислам шлаф-видеоэндоскопиядан өткен екен. Бұл - дәрігер пациенттің жоғарғы тыныс жолдарын тексеретін диагностикалық зерттеу, қарапайым тілмен айтқанда, мұрын арқылы жасалатын ФГДС.
"Швейцарияда тұрған алты жыл ішінде мұндай процедурадан алғаш рет өттім. Айтарым, маған өте ұқыпты қарады. Әрбір қадамын нақты әрі абайлап түсіндіріп отырды. Мұнда пациенттің денсаулығы мен өміріне деген ерекше құрмет сезіледі", - деп бөлісті Ислам.
Эмигранттар айлағы: медтуризмде тағы неге басымдық беруге болады
Дәрігер Ислам Салихановтың пікірінше, бұрынғы Одақ елдерінде тұрып, кейін АҚШ немесе Еуропаға көшкен азаматтардың шағымдары көбіне медицинаға деген менталитеттің айырмашылығына байланысты.
"Бізде себепті-себепсіз "маған КТ, МРТ жасап беріңіз" деп сұрайды. Жедел жәрдем шақырып, кез келген дәріні рецептсіз сатып ала береді. Мұнда бәрі басқаша. Сондықтан да біз "Еуропа мен АҚШ-та медицина нашар, бірінші шақыртқаннан жедел жәрдем келмеді" деген сөздерді естіп жатамыз", - дейді Салиханов.
Бәлкім, біздің медицинамыз қолжетімділігі мен арзандығының арқасында осындай елдердің тұрғындарын қызықтыратын шығар.
Айнұр Айыпханова қазір АҚШ-та тұратын ТМД елдерінен келген азаматтармен сөйлесе келе, кейбірінің Америкада жұмыс істеп, зейнетке шыққанда медицинасы қолжетімді, мәдениеті жақын отанына оралуды жоспарлайтынын білген.
"Сондықтан, медициналық туристерді тартудан бөлек, тек денсаулық сақтау саласына емес, сонымен қатар курортологияға, қарттарды күту индустриясына да назар аударуға болады - бұл АҚШ-тағы үлкен бизнес сектор. Өзімізді кезінде қоныс аударған отандастар үшін тартымды айлақ ретінде таныта аламыз", - деп есептейді Айнұр Айыпханова.
Медициналық туризм ертең-ақ Қазақстан экономикасының негізгі драйверіне айнала қоюы екіталай. Бірақ көптеген мәселеге қарамастан, біздің де өз артықшылықтарымыз бар. Егер соларға басымдық беріп, қазіргідей медициналық туризмді дамытатын болсақ, Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны арта түспек.
Авторы: Оксана Акулова
Дайындаған: Дина Шәріпхан