Жаз - аптап және ішек инфекциясы жағдайлары күрт өсетін кезең. Жыл сайын осы уақытта аурулардың өршуі тіркеледі.
Инфекционист-дәрігер Ляззат Ералиева TengriHealth тілшісіне ішек инфекциясы деген не, дерттің алғашқы белгілері қандай және дәрігерге қандай жағдайда жүгіну қажет екенін қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
Ішек инфекциясы дегеніміз не?
Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) - бұл әртүрлі патогендерден туындайтын инфекциялық аурулар тобы.
Олардың қатарына мыналар жатуы мүмкін:
- Вирустар → ротавирус, норовирус, энтеровирус.
- Бактериялар → сальмонелла, шигелла, тырысқақ (холера).
- Паразиттер → лямблиялар, амёбалар.
- Тағамдағы бактериялар мен олардың токсиндері → тағамдық токсикоинфекция.
"Ішек инфекциялары тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде ауруханаға жатқызудың ең жиі кездесетін себептерінің бірі болып қала береді. Сонымен қатар ол әсіресе даму деңгейі төмен және таза суға мәселесі бар елдерде өлім-жітімнің кең таралған себептерінің қатарына кіреді", - дейді дәрігер.
Маманның сөзінше, жаз мезгілінде инфекция жұқтыру қаупі артады.
"Жылы ауа райы патогенді бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Бұл кезеңде дәстүрлі түрде сальмонеллез, дизентерия және басқа да бактериялық ішек инфекцияларының саны артады. Сондай-ақ ротавирус пен энтеровирус сияқты вирустық инфекциялар да айналымда болады", - деп түсіндіреді Ералиева.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда жіті ішек инфекциясының 3 601 жағдайы тіркелген (бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 13,26 пайызға аз). Жағдайлардың 80 пайызға жуығында немесе 2 769 жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар ауырған.
2026 жылы ең көп таралған ішек инфекциялары ретінде ротавирустық инфекция мен сальмонеллез қалып отыр.
Жұғуы мүмкін жолдар
Ляззат Ералиеваның айтуынша, жіті ішек инфекциялары көбіне қарым-қатынас және тұрмыстық жолмен, яғни лас қол арқылы өтеді.
Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде де расталады: ішек инфекцияларының таралуының негізгі механизмі - фекальды-оральды жол.
Сондай-ақ мына жағдайларда жұқтыру мүмкін:
- нашар жуылған көкөністер мен жемістерді, әсіресе топырақпен жанасатындарын жегенде;
- бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағам өнімдерін (ет, сүт өнімдері, дайын тағамдар) жегенде;
- ашық су көздерінен лас суды немесе тазартылмаған ауыз суды ішкенде;
- су айдындарында шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзып, байқаусызда су жұтып қойғанда;
- термиялық өңдеуден жеткілікті өтпеген өнімдерді (әсіресе ет, жұмыртқа, теңіз өнімдері) тамаққа пайдаланғанда.
Сондықтан жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін дәрігерлер қолды сабынмен үнемі жууды, тек қауіпсіз ауыз суды тұтынуды, көкөністер мен жемістерді мұқият жууды, тағам өнімдерін сақтау және термиялық өңдеу талаптарын сақтауды, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерде - көлдер мен бассейндерде шомылмауды ұсынады.
ЖІИ белгілері
Сарапшы жіті ішек ауруының негізгі клиникалық белгісі - тәулігіне үш реттен көп болатын диарея (іш өту).
Дегенмен, дәрігердің нақтылауы бойынша, ЖІИ әртүрлі өтуі мүмкін. Асқазан-ішек жолдарының қай бөлігі көбірек зақымдалғанына байланысты әртүрлі белгілер бірінші кезекке шығуы мүмкін.
1. Гастриттік формада ЖІИ көбінесе асқазанды зақымдайды. Негізгі белгісі - құсу. Диарея болмауы мүмкін немесе шамалы ғана білінеді. Халық арасында ішек инфекциясының бұл түрін көбінесе "тамақтан улану" деп атайды.
2. Гастроэнтериттік формада асқазан мен жіңішке ішек зақымданады. Құсуға іш өту қосылады. Бұл форма вирустық ішек инфекциялары кезінде ең көп таралған түрлердің бірі саналады.
3. Гастроэнтероколиттік формада инфекция жуан ішекке таралады. Бұл кезеңде диарея айқын байқалады, іш ауыруы мүмкін, ал нәжісте кейде шырыш пен қан пайда болып, ол жасылдау түсте болуы мүмкін.
"Жіті ішек инфекциясының формасы мен ауырлығы адамның жасына, иммунитеті мен асқазан-ішек жолдарының жай-күйіне, қоздырғыш түріне және ағзаға түскен патогендердің мөлшеріне байланысты", - дейді инфекционист.
Тәуекел тобында ең алдымен екі жасқа дейінгі балалар бар - оларда жеке гигиена дағдылары әлі қалыптаспаған, сонымен қатар сусыздану қаупі жоғары. Бұдан бөлек, қарт адамдар, созылмалы аурулары бар және иммунитеті әлсіреген жандар жиі жұқтырады.
Үйде көрсетілетін алғашқы көмек
Дәрігер ішек инфекциялары кезінде негізгі қауіп симптомдарда емес, ағзаның сусыздану қаупінде екенін баса айтты, әсіресе балалар мен қарттар үшін бұл өте қауіпті.
"Бұл кезеңдегі емдеудің басты принципі - сұйықтық пен электролиттердің орнын толтыру. Суды диарея, құсу сияқты алғашқы белгілер пайда болғаннан бастап бірден беру керек", - дейді дәрігер.
Науқасқа сұйықтық беру үшін мыналар қолданылады:
- қайнатылған су;
- оральді регидратацияға арналған ерітінділер (мысалы, тұздар мен глюкоза негізіндегі препараттар, соның ішінде Регидрон). Олар тек судың орнын толтырып қана қоймай, құсу мен диарея кезінде ағзадан шығатын электролиттердің шығынын өтеуге көмектеседі.
Бұл ретте, Ляззат Ералиеваның айтуынша, егер белгілерден тек құсу байқалса және адам оның ескірген тағамнан болғанына сенімді болса, алдымен жасалатын іс - асқазанды көп мөлшердегі сумен шаю, содан кейін ғана жоғалған сұйықтықтың орнын толтыруға кірісу керек.
Сусызданудың қалай алдын алуға болады?
Дәрігердің ұсынысына сәйкес, ЖІИ кезінде сұйықтықты 1-2 минут аралықпен кішкене ұрттап ішу керек. Бұл сұйықтықтың ағзаға сіңіп, құсуды қоздырмауы үшін қажет.
"Сұйықтық ішуді төрт сағат бойы жалғастыру керек. Егер осы уақыт ішінде құсу қайталанбаса және жағдайы нашарламаса, адамға суды аз-аздан беруді жалғастырады. Егер бұл шараларға қарамастан құсу тоқтамаса, дәрігерге көріну қажет", - дейді инфекционист.
Ералиеваның айтуынша: егер ЖІИ баладан байқалса, оған тәулік бойы су ішкізу керек.
"Мен аналарға әрқашан айтамын: ауыр зардаптарға қарағанда, бір-екі түн ұйықысыз қараған дұрыс. Балаға да, ересектер сияқты, сұйықтықты қысқа үзілістермен аз-аздан беру керек, тіпті ол ұйықтап қалса да, мұны тоқтатпаған жөн", - дейді ол.
Бала ұйықтап жатса, суды қалай ішкізуге болады?
Дәрігер былай істеуге кеңес береді: егер оятқыңыз келмесе, ұйықтап жатқан баланы сәл көтеріп, шай қасықпен немесе шприцпен әр 1-2 минут сайын аз-аздан су құюға болады.
Көптеген ана екпе қоюды талап етеді, бірақ дәрігер су ішкізуден артық әдіс әлі жоқ екеніне сенімді.
"Бүкіл әлем екпеден су ішкізу әдісіне көшіп жатыр. Себебі екпе арқылы сұйықтық ағзаға небәрі 70 пайызға сіңсе, асқазан арқылы толық 100 пайыз сіңеді. Капельница адам ес-түссіз жатқанда немесе жағдайы өте нашар болып, су іше алмайтын кезде ғана қолданылады", - деп түсіндіреді Ляззат Ералиева.
Қандай жағдайда шұғыл дәрігерге жүгіну керек?
Инфекционист кез келген инфекциялық ауру кезінде байқалатын төрт қауіпті белгіні атап өтті. Олар пайда болған жағдайда тез арада жедел жәрдем шақыру керек:
- естен тану;
- айқын әлсіздік немесе, керісінше, қатты мазасыздық;
- су іше алмау және жұта алмау;
- құрысу.
Сондай-ақ Ералиева медициналық көмекті қажет ететін белгілерді атады:
- диареяның үш күннен артық созылуы;
- үлкен дәреттің өзгеруі - ірің, қан пайда болуы немесе оның жасыл түске өзгеруі;
- дене қызуының көтерілуі;
- сусызданудың айқын белгілері - бұл ауыздың және шырышты қабықтардың құрғауы, қатты шөлдеу, зәр шығарудың азаюы, терінің созылмалылығының төмендеуі (қысқаннан кейін терінің баяу қалпына келуі). Бір жасқа дейінгі балаларда еңбегінің ішке түсуі қатты сусызданудың белгісі болуы мүмкін.
Балалар - ерекше санат!
Дәрігер ЖІИ алдында әсіресе балалардың дәрменсіз екенін атап өтті.
- Бір жасқа дейінгі балалар. Оларда құсу немесе іш өтудің алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігер шақыру қажет.
- Бес жасқа дейінгі балалар да осал топқа жатады. Егер бала бірнеше сағат ішінде үш реттен көп құсса немесе іші өтсе, ең дұрысы - инфекциялық бөлімге барып, көмекке жүгіну.
Дәрігер ескертеді: баланың жағдайы жақсарғанын күтіп отыруға болмайды, әсіресе ол су ішуден бас тартса.
"Балаларда ішек инфекциясы кезінде сусыздану өте тез дамуы мүмкін және ауыр жағдайларда жүрек жеткіліксіздігіне, тіпті өлімге әкеп соқтыруы ықтимал. Бұл іш өту мен құсу кезінде ағза тек суды ғана емес, сонымен қатар электролиттерді - ең алдымен баланың жүрегі мен қан тамырларының қалыпты жұмысы үшін аса маңызды натрий мен калийді жоғалтатынына байланысты", - деп түсіндіреді Ляззат Ералиева.
Дәрігер мынаны қосты: егер іш өту үш күн бойы тоқтамаса - мейлі ол бала болсын, мейлі ересек адам болсын, міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Ол нәжістің бактериологиялық егіндісін, жалпы қан талдауын және копрограмма тағайындайды - бұл нәтижелер ішек инфекциясының қоздырғышы туралы толық мәлімет беріп, тиімді ем таңдауға көмектеседі.
Не істеуге болмайды?
Көбісі жіті ішек инфекциясының (ЖІИ) алғашқы белгілері байқалғанда түрлі препараттарды, атап айтқанда сорбенттерді (смекта, полисорб, белсендірілген көмір) қабылдай бастайды. Дәрігердің айтуынша, кейбір жағдайларда бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.
"Сорбенттер - екі жүзді қылыш сияқты. Бір жағынан, егер жіті ішек инфекциясы тағамнан улану салдарынан болса, олар көмектесіп, қарапайым тілмен айтқанда, токсиндерді өзіне тартып алуы мүмкін. Бірақ бәрібір асқазанды шайған дұрыс. Ал ауру басқа себептерден туындаған жағдайда, керісінше, сорбенттер токсиндерді ағзада бөгеп, ауруды созуы мүмкін", - деп ескертеді маман.
Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, ешбір жағдайда өз бетінше антибиотиктер қабылдауға болмайды.
"Біріншіден, егер ЖІИ вирустан туындаса, антибиотиктердің еш пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Екіншіден, ауруды нақты қандай бактерия қоздырғанын дәрігер анықтап, соған сәйкес ем тағайындауы тиіс", - деп түсіндірді инфекционист.
Дәрігер ішек инфекцияларын "халықтық әдістермен" емдеуден де сақтандырды.
"Кейбіреулер бір рюмка алкоголь барлық инфекцияны өлтіреді деп есептеп, осы әдісті қолданады. Бірақ бұл - қате түсінік. Алкоголь ішек инфекциясын емдемейді. Оның үстіне, құсу мен іш өту кезінде ол асқазан-ішек жолдарының тітіркенуін күшейтіп, сусыздануға ықпал етуі және жағдайды нашарлатуы мүмкін. Нәтижесінде ағзаға аурумен күресу және қалпына келу қиындай түседі".
Тамақтан бас тартуға болмайды, - деп ескертті инфекционист. Тіпті адам өзін әлі де жайсыз сезініп тұрса да, аз-аздан бөліп тамақтану қажет.
Дәрігердің айтуынша, ауру кезінде іш өту белгілерін азайтуға көмектесетін жеңіл тағамдарға артықшылық берген жөн. Оларға пісірілген күріш, кисельдер, анар және күріш қайнатпалары жатады.
Сонымен қатар сусызданудың алдын алудың негізгі жолы - сұйықтықты және регидратацияға арналған ерітінділерді жеткілікті мөлшерде тұтыну.
ЖІИ-дің салдары мен оңалту
Ляззат Ералиева үш күн ішінде басылған ішек инфекциялары, әдетте, ешқандай салдар қалдырмайтынын, ал ЖІИ-дің ауыр түрлері туралы бұлай айтуға болмайтынын атап өтті. Олардан кейін мынадай белгілер сақталуы мүмкін:
- ішек микрофлорасының бұзылуы;
- іш қату мен іш өтудің кезектесуі;
- әдеттегі тағамнан кейін жүректің айнуы;
- іштің кебуі;
- иммунитеттің төмендеуі;
- лактаза жетіспеушілігі;
- асқазан-ішек жолдарының ферментативті қызметінің бұзылуы.
Бұл салдарлар созылмалы ауруларға ұласып кетпеуі үшін дұрыс оңалту шараларын жүргізу маңызды.
"Инфекциядан кейінгі бір-екі апта ішінде бөліп тамақтану режимін сақтау маңызды. Бұл ретте негізгі рационды қайнатылған немесе буға пісірілген майсыз тағамдар құрауы тиіс", - дейді дәрігер.
Рационнан мыналарды шығару ұсынылады:
- қуырылған және майлы тағамдар;
- фастфуд;
- шикі көкөністер мен жемістер.
Оңалту кезінде дәрігер пробиотиктерді де қабылдауды ұсынады. Жағдай жақсарған сайын рационға пайдалы бактериялардың көзі болып табылатын айран, табиғи йогурт, ұйыған сүт және ашытылған қырыққабатты біртіндеп қосуға болады.
Авторы: Светлана Антонова
Дайындаған: Дина Шәріпхан