Жаздағы D дәрумені тапшылығы, симптомдары, талдау және қалай дұрыс қабылдау керек?

Фото:depositphotos.com

D дәрумені тек күн сәулесі және сүйек саулығымен байланыстырылудан қалғалы қашан, ол қазіргі уақытта ең танымал дәрумендердің біріне айналды. Бүгінде оның тапшылығы иммундық жүйедегі қатерлер, көңіл-күйдің нашарлауы және әлсіздікпен байланыстырылады.

D дәрумені тек күн сәулесі және сүйек саулығымен байланыстырылудан қалғалы қашан, ол қазіргі уақытта ең танымал дәрумендердің біріне айналды. Бүгінде оның тапшылығы иммундық жүйедегі қатерлер, көңіл-күйдің нашарлауы және әлсіздікпен байланыстырылады.

Сонымен қатар, D дәруменінің жетіспеушілігі ең көп таралған жасырын мәселелердің бірі болып қала береді. TengriHealth жасаған үлкен шолуда D дәрумені туралы ең жиі қойылатын сұрақтардың бәріне жауап бердік.

D дәрумені деген не және неге оны гормон деп атайды?

Отбасылық дәрігер Елена Хегай D дәрумені - бұл әсер ету механизмі бойынша стероидты гормон сияқты әрекет ететін майда еритін қосылыс екенін түсіндіреді.

Анықтама. Стероидты гормондар - холестериннен түзілетін және ағзадағы көптеген процестерді: зат алмасуды, иммунитетті, су-тұз теңгерімін, жыныстық жетілуді және репродуктивті функцияны реттейтін гормондар. Оларға кортизол, альдостерон, тестостерон, эстрогендер, прогестерон жатады.

Ол ағзаның барлық дерлік тіндеріндегі рецепторлармен байланысады және жүздеген гендердің белсенділігін реттейді. Сондықтан оны жиі "D гормоны" немесе "күн сәулесінің гормоны" деп атайды.

Анықтама:Елена Хегай - отбасылық дәрігер, отбасылық медицина оқытушысы, қоғамдық денсаулық сақтау маманы. Жалпы жұмыс өтілі - 17 жыл, оның ішінде клиникалық медицинада - 15 жыл. С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығында оқытушы-консультант болып жұмыс істеген. Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының, Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымының (WONCA), EURIPA (Ауылдық және шалғай жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлердің еуропалық ұйымы) Консультативтік кеңесінің мүшесі, ДДСҰ жанындағы МСАК жас көшбасшылары ұйымының мүшесі.

D2 және D3 формалары - айырмашылығы неде және қайсы жақсырақ әсер етеді?

D дәруменінің екі негізгі түрі бар:

  • D2 (эргокальциферол) - өсімдік тектес көздерден алынады;
  • D3 (холекальциферол) - күн сәулесінің әсерінен теріде түзіледі, сондай-ақ балықта, жұмыртқада және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерде болады.

Мета-талдаулар бойынша, D3 қандағы 25(OH)D деңгейін - яғни D дәруменінің деңгейін - тиімдірек көтереді және оны ұзағырақ сақтайды, сондықтан қазіргі нұсқаулықтардың көбі тапшылықтың орнын толтыру үшін дәл осы форманы ұсынады.

Анықтама:25(OH)D деңгейі - бұл қандағы 25-гидроксивитамин D (кальцидиол) концентрациясы. Дәл осы көрсеткіш ағзаның D дәруменімен қамтамасыз етілуінің негізгі маркері саналады.

D дәрумені ағзада неге жауапты: сүйектен бастап иммунитетке дейін

Елена Хегай холекальциферолдың (D3) ішекте кальций мен фосфордың сіңуін қамтамасыз ететінін түсіндіреді - онсыз сүйектердің қалыпты минералдануы мүмкін емес.

Қаңқа саулығын сақтаудан бөлек, D дәрумені иммундық жауапты реттеуге қатысады (микробқа қарсы пептидтердің түзілуін ынталандырады), инсулиннің бөлінуін бақылайды, бұлшықет күшіне және мидағы нейромедиаторлар теңгеріміне әсер етеді.

Неге жазда да D дәруменінің тапшылығы болады?

Жазғы маусымның парадоксы: тіпті шілде мен тамызда да қала тұрғындарының көпшілігі D дәруменін жеткілікті мөлшерде алмайды. Бұған бірнеше себеп бар және олар бір-бірін толықтыра түседі.

SPF, терезелерді қараңғылау, киім - дәрумен түзілуіне не кедергі болады?

Теріде D дәруменінің түзілуі оған белгілі бір диапазондағы ультракүлгін сәулелер түскенде басталады - оларды UVB деп атайды. Сонымен қатар UVA сәулелері де бар.

Анықтама:UVA және UVB - Жер бетіне жететін ультракүлгін сәулелердің екі негізгі түрі. UVB сәулелерінің толқын ұзындығы қысқарақ (шамамен 280–315 нм) - олар теріде D дәруменінің синтезін іске қосады, бірақ сонымен бірге күнге күюді (күйіктерді) тудыруы мүмкін. Олардың қарқындылығы күннің уақытына, мезгілге және географиялық орналасуға байланысты. UVA сәулелерінің толқын ұзындығы шамамен 315–400 нм, бірақ олар D дәруменінің түзілуіне қатыспайды. Олар әжімдер мен пигментті дақтардың пайда болуына әсер етеді және бұлттар мен терезе әйнегінен өте алады.
  • SPF 30 қорғаныс кремі UVB сәулесінің шамамен 97 пайызын, ал SPF 50 - шамамен 98 пайызын блоктайды.
  • Терезе әйнегі UVB сәулелерін толығымен өткізбейді, яғни терезе алдында немесе терезелері жабық көлікте отырып, сіз D дәруменін ала алмайсыз.
  • Қол мен аяқты жауып тұратын қалың киім де осындай әсер береді.

Сонымен қатар, клиникалық зерттеулерге сәйкес: адамдар кремді дұрыс, біркелкі және толық дозада сирек жағады. Сондықтан күнделікті өмірде күннен қорғайтын құралдарды пайдалану бұл дәруменнің тапшылығына сирек себеп болады.

"Дұрыс" күннің уақыты және сәуле астында неше минут тұру керек?

D синтезіне қажетті UVB сәулелері күн сәулесінде тек UV-индексі ≥ 3 (ультракүлгін сәулелену қарқындылығының көрсеткіші) болғанда ғана болады, яғни жергілікті уақыт бойынша шамамен 10:00-ден 14:00-15:00-ге дейін.

Анықтама:UV-индексі - бұл Жер бетіндегі Күннің ультракүлгін сәулелену қарқындылығының көрсеткіші. UV-индексі неғұрлым жоғары болса, ультракүлгін сәуленің теріге әсері соғұрлым күшті болады. Шартты шкала бойынша: 0–2 - ультракүлгін деңгейі төмен; 3–5 - орташа; 6–7 - жоғары; 8–10 - өте жоғары; 11 және одан жоғары - шектен тыс. 

"Алакөлдегі күннің батуы. Автордың суреті

Таңертең ерте және кешке күн негізінен UVA сәулелерін бөледі, ал олар D дәруменінің түзілуі үшін пайдасыз.

Күн астында қанша уақыт болу керек? 

Аққұба адамдарға аптасына 2-3 рет 10-15 минут бойы күн астында (қол, аяқ, іш ашық болса) болу жеткілікті; ал терісі қараторы адамдарға меланиннің қорғаныс әсеріне байланысты бұдан 3-6 есе көп уақыт қажет.

Бірақ біздің сарапшымыз бәрі соншалықты оңай емес екенін түсіндіреді.

"Күн астында қорғаныссыз тіпті 10-15 минут болудың өзі ДНҚ-ның зақымдалуына жеткілікті. Мұндай әрбір эпизод өмір бойы жинақталып, бірте-бірте тері обырының қаупін арттырады. Мәселе мынада: теріде D дәруменінің синтезін іске қосатын дәл сол UVB сәулелері бір мезгілде күнге күюді және генетикалық мутацияларды тудырады", - деп ескертеді дәрігер Елена Хегай.

Елена Хегай
Отбасылық дәрігер

Бұл ретте UVA типті ұзын толқынды күн сәулелері терінің ерте қартаюының негізгі себебі болып табылады және олар да қатерлі ісік тудыруы мүмкін.

Сарапшы 2015 жылы Science журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, UVA сәулелерінің әсерінен терінің зақымдалуы сәуле тие бастағаннан кейін бір минутқа жетпей-ақ басталатынын айтады. Сонымен қатар, пигменттік жасушалардың (меланоциттердің) бұзылуы адам күн астынан кеткеннен кейін де бірнеше сағат бойы жалғаса береді. Бұл тері обырының ең агрессивті түрі - меланомаға әкелуі мүмкін.

Алматы, Астана, Шымкент: ендік пен түтін D синтезіне қарсы

Елена Хегай Алматының солтүстік ендіктің 43,2 градусында, ал Астананың 51 градусында орналасқанын еске салады.

"Зерттеулерге сәйкес, 37-45 градус солтүстік ендіктерде қазаннан наурызға дейін D дәруменінің синтезі іс жүзінде мүмкін емес, ол айтарлықтай төмендейді. Жазда жағдай жақсырақ, бірақ қала түтіні мен атмосфераның аэрозольді ластануы UVB сәулелерін шашыратып, оның қарқындылығын азайтады", - деп түсіндіреді спикер.

Ауа сапасы үнемі мәселе тудыратын Алматыда бұл тіпті шуақты күндердің өзінде қосымша қауіп факторы болады. Алайда мұндағы басты мәселе күн сәулесінің жетіспеуінде емес, оның әсер ету ұзақтығын әдейі арттырудың қауіпті екенінде, бұл туралы жоғарыда айтып өттік.

Тіпті шілдеде кімдер қауіп тобына жатады? 

D дәрумені тапшылығының жоғары қауіп тобына мыналар жатады:

  • Күніне сыртта 30 минуттан аз уақыт өткізетін кеңсе және "қашықтан" жұмыс істейтіндер.
  • 60-65 жастан асқан адамдар - оларда терінің синтездеу қабілеті төмендейді.
  • Тері пигментациясы қара қоңыр адамдар.
  • Жүкті және бала емізетін әйелдер.
  • Семіздікке шалдыққан адамдар (D дәрумені май тінінде "бөгеліп" қалады).
  • Тағамдағы қоректік заттардың сіңуі нашар (целиакия, Крон ауруы, бариатриялық оталардан кейінгі жағдайлар) пациенттер және басқалар.

"Жазғы шаршаумен" оңай шатастыруға болады: D дәрумені жетіспеушілігінің белгілері

физикалық белгілері:

  • шаштың түсуі, сүйектің сынғыштығы, әлсіздік;
  • үнемі шаршау сезімі, бұлшықет әлсіздігі (әсіресе дене мен аяқ-қол бұлшықеттері);
  • сүйектер мен буындардағы ауырсыну;
  • жиі ЖРВИ-мен ауыру.

D дәруменінің тапшылығы сүйек тінінің минералдануын бұзады - бұл балалардағы рахит пен ересектердегі остеомаляцияның (сүйектің жұмсаруы) негізі болып табылады. Балаларда бұл респираторлық инфекциялардың жиілеуімен көрінуі мүмкін.

Сарапшы 2024 жылғы Endocrine Society нұсқаулығында балалар мен жасөспірімдер (1-18 жас) рахит пен ЖРВИ-дің алдын алу үшін D дәруменін қосымша қабылдау негізделген топ ретінде арнайы көрсетілген.

Психоэмоционалдық белгілер:

  • мазасыздық;
  • ұйқының нашарлауы;
  • зейіннің шашырауы.

"Зерттеулер 25(OH)D деңгейінің төмендігін депрессияның, мазасыздықтың жоғары қаупі және ойлау функцияларының төмендеуімен байланыстырады. Себеп-салдарлық байланыс толық дәлелденбегенімен, клиникалық тұрғыда тапшылықты түзету жиі көңіл-күй мен ұйқы сапасының жақсаруымен қатар жүреді", - дейді Хегай.

Әйелдердегі тапшылық: белгілердің ерекшеліктері және жас бойынша норма

Репродуктивті жастағы әйелдерде D дәруменінің жетіспеушілігі етеккір циклінің бұзылуы және фертильділіктің төмендеуімен көрінуі мүмкін. Перименопауза және постменопауза кезеңінде тапшылық сүйектердің минералды тығыздығының төмендеуін тездетіп, остеопороз қаупін арттырады.

D дәруменінің деңгейі төмен жүкті әйелдерде диабеттің даму және мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болады.

D дәруменіне талдау жасау: қай түрін тапсыру керек және нәтижені қалай оқу қажет

25(OH)D - бұл көрсеткіш неге маңызды

Дұрыс талдау - 25(OH)D (кальцидиол). Дәл осы форма D дәруменінің жиынтық мәртебесін көрсетеді: теріде түзілген мөлшерді де, тағам және қоспалармен түскен мөлшерді де қамтиды.

2026 жылғы ересектерге, балаларға және жүкті әйелдерге арналған нормалар

Біздің сарапшы шекті мәндер әлі де ғылыми пікірталас тақырыбы болып қала беретініне назар аудартады. Endocrine Society ұйымының 2024 жылғы нұсқаулығында дені сау адамдар үшін дәруменнің нақты мөлшеріне қатысты сенімді деректер әлі де жеткіліксіз екені атап өтілген. Соған қарамастан, клиникалық практикада келесі көрсеткіштер негізге алынады. 

Бланкідегі "төмен D дәрумені" нені білдіреді: 30-дан төмен, 20-дан төмен, 10-нан төмен

  • Клиникалық хаттамалардың көпшілігінде 30 нг/мл (75 нмоль/л) деңгейінен төмен көрсеткіш жеткіліксіз деп есептеледі.
  • 20 нг/мл (50 нмоль/л) деңгейінен төмен көрсеткіш - АҚШ Медицина институтының критерийлері бойынша тапшылық.
  • 10 нг/мл (25 нмоль/л) деңгейінен төмен көрсеткіш - дәрігердің бақылауымен емдік (қанықтырушы) дозаларды тағайындауды талап ететін айқын тапшылық.
Анықтама:D дәрумені екі өлшем бірлігімен өлшенеді: литріне наномоль (нмоль/л) - Еуропада, Қазақстанда және басқа елдерде қолданылады; миллилитріне нанограмм (нг/мл) - АҚШ-та қолданылады.

"Эндокринологтар қауымдастығы (Endocrine Society) қауіп факторлары болмаса, дені сау ересектерге D дәрумені деңгейін жоспарлы түрде тексеруді ұсынбайтынын түсіну маңызды. Талдау тек симптомдар, созылмалы аурулар немесе қауіп факторлары болған жағдайда ғана қажет", - деді отбасылық дәрігер.

Қоспаларды қабылдау кезінде талдауды қаншалықты жиі қайта тапсыру керек?

Профилактикалық қабылдау кезінде (тәулігіне 1000-2000 ХБ) бақылау талдауын қабылдау басталғаннан кейін 3-4 ай өткен соң тапсыру ұсынылады.

Емдік схемалар кезінде (жоғары дозалар) - 1-2 айдан кейін.

Мақсатты деңгейге жеткеннен кейін - жылына бір рет.

D дәруменін қалай дұрыс қабылдау керек: дозасы, түрі, қабылдау уақыты

Елена Хегай халықаралық ұсынымдардың деректеріне сүйене отырып, мынадай сандарды келтіреді:  

D дәруменін қай уақытта және қандай тамақпен ішу керек?

D дәрумені - майда еритін дәрумен, сондықтан оның сіңуі майлы тағамдармен бірге айтарлықтай жақсарады. Оны құрамында майы бар негізгі ас ішу кезінде (таңғы ас немесе түскі ас) қабылдау ұсынылады. Ең бастысы - оны жүйелі түрде қабылдау.

Тамшылар, капсулалар, ампулалар - қайсын таңдаған жөн және айырмашылығы неде?

  • Майлы ерітінді (тамшылар, капсулалар) - дәстүрлі түрі, майлы тағаммен жақсы сіңеді.
  • Сулы ерітінді - балаларға және майдың сіңуі бұзылған адамдарға арналған.
  • Шайнайтын таблеткалар мен жұмсақ капсулалар - ересектерге ыңғайлы.

Жоғары дозалы ампулалар (мысалы, 200 000 ХБ/1 мл) - бұлшықетке немесе ішке қабылдауға болады, бірақ тек дәрігердің қатаң тағайындауымен қанықтыру схемалары үшін қолданылады. Асқазан-ішек жолдары қалыпты жұмыс істесе, D3 дәруменінің майлы немесе сулы түрінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ - екеуі де тиімді.

D дәруменінің деңгейі тым төмен болса, оны қалай көтеруге болады: қанықтыру схемалары

Деңгей 20 нг/мл-ден төмен болғанда дәрігер қанықтыру схемасын тағайындай алады: мысалы, 8-12 апта бойы аптасына 1 рет 50 000 ХБ-дан, содан кейін пациенттің жасына байланысты тәулігіне 600-2000 ХБ демеуші дозаға көшеді.

"Еуропалық тағам қауіпсіздігі агенттігінің (EFSA) және АҚШ Медицина институтының деректері бойынша, 25(OH)D деңгейін бақылаусыз ұзақ уақыт бойы тәулігіне 4000 ХБ-дан жоғары дозаны өз бетінше қабылдау ұсынылмайды - бұл ең жоғары рұқсат етілген доза", - деп ескертеді Елена Хегай.

Дәрігер D дәруменінің қанықтырушы дозаларын қабылдау кезінде кальцийді көрсеткішсіз қатар ішу (бұл жиі кездеседі) гиперкальциемия қаупін арттыруы мүмкін екенін айтады. Бұл - қандағы кальцийдің артық мөлшері, ол көптеген мүшелердің жұмысын бұзады. Сондықтан дәріні өз бетінше тағайындауға болмайды.

Тағамдардағы D дәрумені: норманы тамақпен толтыру мүмкін бе?

Бұл сұраққа Елена Хегай қысқаша жауап береді:

"Жоқ, егер әңгіме ересек адамның тәуліктік қажеттілігі туралы болса. Майлы балыққа бай рацион арқылы күніне 100-400 ХБ (халықаралық бірлік) алуға болады. Бұл ретте тәуліктік қажеттілік кем дегенде 600 ХБ болады, ал 30 нг/мл деңгейіне жету үшін көптеген ересекке 1500-2000 ХБ қажет - бұл мөлшерді тамақпен толтыру іс жүзінде мүмкін емес".

Тәуліктік дозаны алу үшін қанша албырт немесе жұмыртқа жеу керек?

Дәрігер тәуліктік қажеттілік 600 ХБ екенін негізге ала отырып, мынадай мөлшерлерді келтіреді: 

  • Жабайы албырт: 100 грамм (бір кішігірім стейк) жеткілікті - бұл шамамен 600-900 ХБ.
  • Фермада өсірілген атлантикалық албырт: 100 грамға шамамен 441 ХБ - шамамен 130-140 грамм.
  • Скумбрия: шамамен 100 грамм.
  • Тауық жұмыртқасы: бір сарыуыздың құрамында шамамен 68 ХБ бар - шамамен 9 жұмыртқа жеу керек.
  • Байытылған сүт: шамамен 1,2-1,5 литр ішу керек.

"Аптасына 3-4 рет майлы балық жеу теориялық тұрғыдан ең төменгі норманы жабады, бірақ адамдардың көбі мұндай мөлшерде жемейді. Витаминнің ұсынылған деңгейіне жету үшін, әдетте, қоспалар қажет болады", - деп түйіндейді сарапшы.

Қазақстанның жергілікті өнімдері D витаминінің көзі ретінде

Қазақстандық дүкендерде мыналар қолжетімді: консервіленген скумбрия мен сардина, мұздатылған албырт, нәлім бауыры (табиғи және майдағы), жұмыртқа.

Майлы құрт пен қатықтың құрамында D витаминінің іздері ғана бар. Байытылған сүт өнімдері нарыққа біртіндеп еніп жатыр, бірақ әзірге олардың D витаминінің мөлшері бойынша стандарттары жоқ, сондықтан оларды негізгі көзі ретінде қарастыруға болмайды.

D витаминінің басқа қоспалар және дәрі-дәрмектермен үйлесімділігі

D витамині және С витамині - бірге қабылдауға бола ма?

Иә, бірге қабылдау қауіпсіз және рұқсат етілген.

"С витамині (аскорбин қышқылы) суда ериді, молекулалық деңгейде D витаминінің алмасуына әсер етпейді. Бірге қабылдау олардың биожетімділігін де, тиімділігін де төмендетпейді, басқа мәселе - көп жағдайда С витаминін қоспа түрінде қосымша қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл витаминнің тәуліктік нормасын тамақтан оңай алуға болады", - деп түсіндіреді Елена Хегай.

Омега-3 және D витамині: нәтижелі ымыра

Омега-3 май қышқылдары ішектегі майда еритін витаминдердің сіңуін шынымен күшейтеді, дейді сарапшымыз. Сонымен қатар, кейбір зерттеулер Омега-3 пен D витаминінің бірлескен қабынуға қарсы әсері болуы мүмкін екенін, яғни бұл әсерді күшейтетінін көрсетті.

Бұдан бөлек, The New England Journal of Medicine басылымында жарияланған ауқымды зерттеу Омега-3 май қышқылдарын қабылдау бұрын-соңды жүрек-қан тамырлары аурулары немесе онкологиямен ауырмаған адамдарда миокард инфарктісі қаупін шамамен 28 пайызға төмендетуі мүмкін екенін көрсетті.

"Бір назар аударарлығы, балықты сирек жейтін адамдар ең көп пайда көрген: балықты көп тұтынатын адамдарда тиімділік аз болды - сірә, олар қоспасыз-ақ рационынан жеткілікті Омега-3 алғандықтан болар", - дейді Хегай.

Сондықтан бүгіде Омега-3 май қышқылдарын күнделікті тәжірибе ретінде бірге тағайындау бойынша нақты ұсыныстар жоқ - шешім ұсынылатын дозалар мен қабылдау ұзақтығын таңдау сияқты, емдеуші дәрігермен бірге жеке негізде қабылдануы тиіс, деп түсіндіреді сарапшы.

Магний, кальций, K2 - қайсы көмектеседі, ал қайсы кедергі жасайды?

"Шыны керек: адамның К2 витаминіне деген қажеттілігі микрограмммен өлшенеді. К2 кәдімгі ірімшікте, ашытылған қырыққабатта, жасыл көкөністерде болады. Магний жаңғақтарда, қарақұмықта, бұршақ дақылдарында, қоңыр күріште кездеседі. Егер сіз дұрыс тамақтансаңыз, олардың екеуін де алып жатырсыз. Бұл заттардың тапшылығы кездеседі, бірақ теңдестірілген тамақтану кезінде өте сирек болады", - дейді отбасылық дәрігер.

Тіпті ондай жағдайда да ең бірінші ұсыныс - қоспаларды қабылдау емес, тамақтануды ретке келтіру болады.

Сарапшы кез келген тапшылық зертханалық жолмен - қан анализімен расталуы керек деп санайды. Бірнеше майда еритін витаминдер мен қоспаларды бір мезгілде бақылаусыз қабылдау - бұл денсаулыққа қамқорлық емес, бауыр мен бүйрекке салмақ салу.

Елена Хегай майда еритін витаминдердің (A, D, E, K) ағзада жиналатынын және суда еритін витаминдер сияқты зәрмен бірге шықпайтынын еске салады. Олардың ұзақ уақыт бойы артық болуы - әсіресе егде жастағы адамдарда дәрілік гепатитке, бүйректе тас пайда болуына және гиперкальциемияға (қандағы кальций мөлшерінің шамадан тыс болуы) апаратын тікелей жол.

Бұл жағдай барлық мүше мен жүйелердің жұмысына кері әсер етіп, бүйректің жедел жетіспеушілігіне, өмірге қауіпті жүрек ырғағының бұзылуына және тіпті комаға дейін апаратын неврологиялық бұзылыстарға әкелуі қауіпті.

D витаминінің артық мөлшері: жазда дозаны асырып жіберу несімен қауіпті?

Дәрігер D витаминінің жоғары дозаларын бақылаусыз қабылдау қалыпты тапшылықтан да қауіптірек екенін айтады.

"Көбінесе адамдар D витаминін зиянсыз қоспа деп санап, оны айлап тәулігіне 10 000 - 50 000 ХБ жоғары дозада қабылдайды - бұл өте қауіпті. Кейде мұндай дозаларды тіпті дәрігерлер де жазып береді. Мұндай "емдеудің" салдары қандай? Дозаны асырып жіберу салдарынан D витаминінің уыттылығы туындайды", - деп ескертеді сарапшы.

Гипервитаминоз белгілері

D дәруменінің уыттылығы 25(OH)D деңгейі тұрақты түрде 150 нг/мл (375 нмоль/л) көрсеткішінен асқанда пайда болады, бұл күн астында жүруден емес, қоспаларды жоғары мөлшерде ұзақ уақыт қабылдау салдарынан болады.

Ол заттың шамадан тыс жиналуынан туындайды, бұл гиперкальциемияға - қандағы кальций деңгейінің қауіпті жоғарылауына әкеледі. 

Гиперкальциемия белгілері:

  • жүрек айнуы,
  • құсу,
  • әлсіздік,
  • жиі кіші дәретке шығу,
  • іш қату,
  • сүйектердің ауырсынуы,
  • жүрек ырғағының бұзылуы,
  • бүйректе және жұмсақ тіндерде кальцийдің жиналуы.

Қабылдауды қашан тоқтата тұру керек?

25 (OH)D деңгейі 100 нг/мл (250 нмоль/л) жоғары болғанда клиникалық бақылау жасау және, әдетте, қоспаларды қабылдауды уақытша тоқтата тұру ұсынылады.

"Жазғы кезеңде, күн астында көп жүргенде, демеуші мөлшерді қабылдайтын адамдар үшін үзіліс жасау орынды, бірақ бұл шешімді "көз мөлшерімен" емес, қан сарысуындағы D дәруменінің мөлшеріне талдау жасағаннан кейін ғана қабылдаған жөн", - деп кеңес береді Хегай. 

Күннен D дәруменін "артық" алу мүмкін бе - ғылым не дейді?

Жоқ. Күн сәулесі D гипервитаминозын тудырмайды. Тері синтезді реттеп отырады және D3 предәруменінің артық мөлшері сол UVB сәулелерінің әсерінен ыдырайды. Жоғарыда айтқанымыздай, артық мөлшер тек қоспалар арқылы - қауіпсіз шектен (ересектер үшін тәулігіне 4000 ХБ) айтарлықтай асатын мөлшерді ұзақ уақыт қабылдағанда ғана мүмкін.

2026 жылғы цифрлық өмір салты: қашықтан жұмыс істеу мен гаджеттер D дәруменін қалай "жеп" жатыр?

Офис немесе қашықтан жұмыс істейтін қызметкер іс жүзінде күн астында қанша уақыт өткізеді? Неге терезе мен балкон D дәруменінің синтезін қамтамасыз етпейді?

"Бұл сұрақтарға жауап бергенде маңызды бір парадоксты ескеру қажет: D дәруменін синтездейтін сол UVB сәулелері сонымен бірге тері жасушаларының ДНҚ-сын зақымдайды және бұл зиян өмір бойы жинақтала береді. UVA сәулелері күн астында болғаннан кейін бір минутқа жетпей-ақ меланоциттерді бұза бастайды, бұл процесс сіз ғимаратқа кіргеннен кейін де тағы бірнеше сағатқа созылады", - деп ескертеді дәрігер. 

Елена Хегай бұл күннен қашу керек дегенді білдірмейтінін түсіндіреді - бұл күн астында болу мен D дәруменінің синтезін екі бөлек міндет ретінде "бөліп" қарастырған жөн дегенді білдіреді. Күн астында серуендеу: олар циркадтық ырғақты (ағзаның ішкі биологиялық сағаты) реттейді, серотониннің бөлінуін ынталандырады, кортизол деңгейін төмендетеді және көңіл-күй мен ұйқы сапасын айтарлықтай жақсартады.

Бұл әсерлер терінің UVB сәулелеріне шағылысуымен емес, көздің тор қабығына жарықтың түсуі және таза ауада болумен байланысты. Яғни, көлеңкеде немесе күннен қорғайтын крем жағып серуендеу ағзаға осы артықшылықтардың көп бөлігін береді. 

"Неғұрлым қауіпсіз стратегия - D дәруменін ағзада өндірілуін ынталандыру үшін күн астында көбірек болу арқылы емес, қоспалар арқылы алу. Бұл жол болжамды, қауіпсіз және теріні қорғау мәселесінде ешқандай ымыраны талап етпейді", - деп сендіреді сарапшы. 

Бұл ретте күнделікті әдеттердің өзгеруі келесідей болуы мүмкін:

  • Сағат 11:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықта түскі асқа серуендеу - спектрі кең күннен қорғайтын креммен (әсіресе балалар үшін SPF 30+ немесе 50+).
  • "Күн астындағы қоңырау": аудиоқоңырауларды сыртта, ағаш немесе ғимарат көлеңкесінде өткізу.
  • Кофе-брейкті сырттағы шатырлы террасаға ауыстыру.
  • Бас киім киіп және күннен қорғайтын крем жағып, жаяу жүріп келіссөздер жүргізу.
  • Жұмысқа велосипедпен немесе жаяу бару - сонымен қатар теріні күннен қорғауды ұмытпау.

Фото:depositphotos.com

Чек-лист: жазда да D дәруменіне талдау тапсыру керек екенін білдіретін 7 белгі

  1. Толыққанды ұйқыдан кейін де болатын тұрақты шаршаңқылық
  2. Жазда жиі суық тию және ЖРВИ
  3. Физикалық жүктемесіз бұлшықеттердің ауырсынуы немесе "сүйектің сырқырауы"
  4. Шаштың әдеттегіден көп түсуі
  5. Көңіл-күйдің болмауы, мазасыздық, ұйқының бұзылуы
  6. Серуенсіз, кеңседе немесе қашықтан жұмыс істеу
  7. Терінің қара торы болуы, жүктілік, бала емізу немесе 60 жастан асқан жас

Егер сіз екі немесе одан да көп тармақты белгілесеңіз - дәрігерге көрініп, 25(OH)D талдауын тапсырыңыз.

FAQ - негізгі сұрақтарға қысқаша жауаптар

Елена Хегай негізгі сұрақтарға былай жауап береді: 

D дәруменін терезе арқылы алуға бола ма?

Жоқ. Терезе әйнегі теріде D дәруменінің синтезіне қажетті UVB сәулелерін 100 пайыз сіңіріп алады. Күн түсіп тұрған терезе алдында, жылытылатын балкон ішінде немесе көлікте отыру - холекальциферолдың (D3 дәрумені) өндірілуіне ешқандай үлес қоспайды деген сөз.

2026 жылы Алматыда D дәруменіне талдау жасату қанша тұрады?

Алматының жеке зертханаларында 25(OH)D талдауының құны шамамен 3000-нан 10 000 теңгеге дейін ауытқиды, ол зертхана мен әдіске (иммунохимиялық немесе LC-MS/MS) байланысты.

Жаз мезгілінде жаңа туған нәрестеге D дәруменін беруге бола ма?

Иә, тіпті беру ұсынылады. ДДСҰ, Америка педиатрия академиясы және көптеген ұлттық нұсқаулықтар жаңа туған нәрестелерге (соның ішінде емшектегі балаларға) өмірінің алғашқы күндерінен бастап жыл мезгіліне қарамастан тәулігіне 400 ХБ беруді ұсынады. Себебі сәбидің терісіне күн сәулесі жеткілікті деңгейде түспейді, ал ана сүтінде D дәрумені аз болады.

"Рахиттің алдын алу үшін "нәрестені күнге шығару" туралы бұрынғы ұсыныстар бүгінде ескірген болып саналады. Жаңа туған нәрестенің терісі өте жұқа әрі сезімтал: тіпті тікелей күн сәулесінің қысқа мерзімді әсері күйікке және ДНҚ-ның зақымдануына әкелуі мүмкін, ал оның зияны алғашқы айлардан бастап жинақтала береді", - дейді Хегай.

Америка педиатрия академиясы 6 айға дейінгі балаларға күн сәулесінің тікелей түсуінен мүлдем аулақ болуды, ал 6 айдан кейін терінің ашық жерлеріне күннен қорғайтын крем қолдануды тікелей нұсқайды. Осылайша, D дәруменінің қоспалары - бұл қосымша нұсқа емес, керісінше, нәрестенің терісі мен денсаулығын негізсіз қауіп-қатерге тікпей, қажеттілікті өтеудің ұсынылатын әрі қауіпсіз тәсілі.

D дәруменін үзіліссіз қанша уақыт қабылдауға болады?

Ересектер (тәулігіне 600-2000 ХБ) мен балаларға (жасына байланысты тәулігіне 400-800 ХБ) арналған алдын алу дозаларын жыл бойы, ұзақтығына шектеусіз қабылдауға болады. Тек 6-12 айда бір рет 25(OH)D деңгейін бақылап отыру қажет.

Жоғары дозалар (тәулігіне 4000 ХБ-дан астам) кальций мен 25(OH)D деңгейін міндетті түрде бақылауды талап етеді және тек дәрігердің нұсқауымен қолданылуы тиіс.

Дисклеймер: аталған материалда берілген ақпарат тек таныстыру сипатында. Ол медициналық ұсыныс болып табылмайды және маман кеңесін алмастыра алмайды. Кез келген диагностикалау, емдеу немесе алдын алу әдістерін қолданар алдында міндетті түрде дәрігерге көрініңіз. Автор және редакция жарияланған материалдарды пайдалануға байланысты туындауы мүмкін салдарлар үшін жауапкершілік көтермейді.

Жарнама
Жарнама
Tengrinews

Жарнама
Жарнама