Астанада онкодиагнозы бар баланың анасы дәрі-дәрмек тапшылығы туралы мәлімдеді

Фото:depositphotos.com

Астана тұрғыны қан мен жілік майы қатерлі ісігін өткерген қызына аса қажетті дәрінің жетіспеушілігіне шағымданды. Оның айтуынша, емханада бес айға жуық уақыт бойы дәрі берілмеген, сондықтан олар препаратты бүкіл ел бойынша өз бетінше іздеуге мәжбүр. Оқиғаның мән-жайын TengriHealth материалынан оқыңыз.

Астана тұрғыны қан мен жілік майы қатерлі ісігін өткерген қызына аса қажетті дәрінің жетіспеушілігіне шағымданды. Оның айтуынша, емханада бес айға жуық уақыт бойы дәрі берілмеген, сондықтан олар препаратты бүкіл ел бойынша өз бетінше іздеуге мәжбүр. Оқиғаның мән-жайын TengriHealth материалынан оқыңыз.

"Балаларымыздың дені сау болғанын қалаймыз"

Жұлдыз Иманәлинова айтуынша, әлеуметтік желіде қызының жедел лимфобластты лейкоздан кейін демеуші терапиядан өтіп жатқанын, бірақ қажетті препаратты ала алмай отырғанын хабарлады.

Жарнама
Жарнама
Анықтама: Жедел лимфобластты лейкоз (ЖЛЛ) - бұл қан мен жілік майының қатерлі ісігі. Бұл дерт кезінде пісіп жетілмеген лимфоидты жасушалар бақылаусыз көбейіп, сау қан элементтерін ығыстырып шығарады. Ауру тез дамиды және дереу емдеуді қажет етеді. Көбінесе балаларда кездескенімен, ересектерде де жиі байқалады.

"Мен блогер немесе танымал тұлға емеспін, жай ғана жедел лимфобластты лейкозбен ауырған баланың анасымын. Қазір қызым демеуші терапияда, "Метотрексат" препаратын қабылдайды. Біз тіркелген емханада бұл дәрі жоқ. Жаңа жылдан бері бізге оны бермей жатыр", - деп бөлісті ол.

Анықтама: "Метотрексат" жасушалардың бөлінуін тежеп, ісіктердің өсуін баяулатады және иммундық жүйені басып, қабынуды азайтады.

Анасының айтуынша, емді үзуге болмайды - бұл кез келген сәтте аурудың қайталануына (рецидив) әкеп соғуы мүмкін. Әйел мұндай мәселеге басқа отбасылардың да тап болып отырғанын айтады:

"Бұл жағдай тек бізде ғана емес. Көптеген ата-ана бұл препаратты әртүрлі жолдармен іздеп, бір-бірімен келісіп жатады".

Өз сөзіне дәлел ретінде ол "Метотрексаттың" үш қорапшасын көрсетті. Жұлдыздың айтуынша, бұл дәрілерді оған басқа қаладан беріп жіберген. Сондай-ақ, ол тағы бір препарат - "Меркаптопуриннің" де тапшы екенін хабарлады.

Баланың анасы әлеуметтік желі арқылы билікке үндеу жасап, араласуды сұрады.

"Бізге осы препараттарды берсінші. Біз тек балаларымыздың дені сау болып, жазылып шыққанын және Қазақстанның дамуына үлес қоса алатын лайықты азамат болып өскенін қалаймыз".

"СҚ-Фармация" жауабы

"СҚ-Фармация" компаниясының баспасөз қызметі "Метотрексатты" жеткізуде қиындықтар барын мойындады. Олардың түсіндіруінше, 2026 жылға дәрі-дәрмек сатып алу кезінде кейбір рәсімдерге әсер еткен факторлар туындаған.

"Атап айтқанда, кейбір позициялар бойынша, соның ішінде "Метотрексат 2,5 мг таблеткалары" бойынша шекті бағалардың түзетілуі әлеуетті өнім берушілердің қызығушылығына әсер етті", - деді баспасөз қызметі.

Мәлімет бойынша, Біріңғай дистрибьютор бұл препарат бойынша 2026 жылға сатып алудың барлық қолжетімді тәсілдерін қолданған: қазақстандық және шетелдік өндірушілерден баға ұсыныстарын сұратып, веб-портал арқылы сатып алу жүргізген және халықаралық ұйымдарға жүгінген. Рәсімдер бірнеше рет жарияланғанымен, өнім берушілер өтінім бермегендіктен, олар өтпей қалған.

"Осыған байланысты Біріңғай дистрибьютор уәкілетті органмен бірлесіп бұл мәселені бірнеше рет пысықтады. Сондай-ақ мәселе Формулярлық комиссияның қарауына шығарылды. Нәтижесінде 2026 жылғы 27 ақпанда №96 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, "Метотрексаттың" шекті бағалары қайта қаралды", - делінген жауапта.

Компания мәліметінше, қазіргі уақытта сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Баға ұсыныстары тағы да қазақстандық және халықаралық өндірушілерден сұралып жатыр.

"Қосымша қолданыстағы құқықтық өріс шеңберінде келісімшарттар жасасу мүмкіндігіне әсер ететін реттеуші және процедуралық мәселелер пысықталып жатыр. Олар түпкілікті реттелгенге дейін сатып алу рәсімдері белгіленген тәртіппен сүйемелденіп, ықтимал шешімдер әзірленіп жатыр", - делінген хабарламада.

Кейбір облыстарда бұл медикаменттің былтырдан қалған қорлары бар. Науқастарды қамтамасыз ету үшін олар өңірлердің ішінде және өңірлер арасында қайта бөлініп жатыр.

"Біріңғай дистрибьютор сондай-ақ дистрибьюторлармен бірлесіп "Метотрексатты" өтеусіз негізде жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деп толықтырды "СҚ-Фармация" өкілдері.

Ведомство медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатқанын және туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге тырысатынын атап өтті.

"Меркаптопурин" препаратына қатысты жағдай

"Меркаптопурин, 50 мг таблеткалары" бойынша компанияның баспасөз қызметі 2026 жылға медициналық ұйымдар 196 102 таблеткаға өтінім бергенін атап өтті.

Препарат сатып алынып, 2025 жылдың желтоқсанында қоймаларға жеткізілген, қазір ол медициналық мекемелердің кестесіне сәйкес жөнелтіліп жатыр.

"Сондай-ақ жыл басында медициналық ұйымдарда 2025 жылдан қалған 33 300 таблетка көлеміндегі өтпелі тауар болған. Ол да медициналық ұйымдардың мәлімдеген кестелері мен көлемдеріне сәйкес жөнелтіліп жатыр".

Бүгінде:

  • амбулаториялық емдеу үшін 118 400 таблетка жеткізілді;
  • стационарды алмастыратын көмек үшін - 9 700 таблетка жеткізілді;

Өңірдегі медициналық ұйымдарда қазір "Меркаптопуриннің" 88 600 таблеткасы бар.

Жыл басынан бері Бірыңғай дистрибьютордың мекенжайына Қазақстанның барлық өңірінен "Метотрексат, 2,5 мг таблеткасы" бойынша алты өтініш, сондай-ақ "Меркаптопурин, 50 мг таблеткасы" бойынша үш өтініш түскен.

"Түскен барлық өтініш жедел пысықталды, пациенттер қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілді", - делінген жауапта.

Олардың мәліметінше, Бірыңғай дистрибьютордың байланыс орталығына түсетін өтініштер саны 18 пайызға азайған. Егер 2025 жылдың бірінші тоқсанында азаматтардан 13 мыңнан астам өтініш тіркелсе, 2026 жылдың сәйкес кезеңінің қорытындысы бойынша олардың саны шамамен 11 мыңды құрады.

Tengrinews

Жарнама
Жарнама