ПОДЕЛИТЬСЯ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола безгегінің өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жариялады. TengriHealth тілшісі бұл статус нені білдіретінін, оның не үшін енгізілетінін және бұдан кейін Қазақстан қалай әрекет етуі керек екенін анықтап көрді.
Індеттің өршуіне Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo (Бундибугйо) штаммы себеп болды. Қазіргі уақытта әлемде оған қарсы тіркелген вакцина да, арнайы ем де жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметі мәліметінше, халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай - бұл ДДСҰ жаһандық медициналық-санитарлық ережелерге сәйкес жариялай алатын ескертудің ең жоғары деңгейі.
"Төтенше жағдай - бұл пандемия жариялау немесе дүрбелеңге салыну сигналы емес. Бұл індеттің бір елдің шекарасынан шығып кеткені немесе оның таралу қаупі жоғары екені туралы ресми халықаралық хабарлама", - деп хабарлады орталық.
Мамандардың түсіндіруі бойынша, бұл жағдайда мәселе әлемдік қоғамдастықтың жедел үйлестірілген әрекетін талап етеді, ал ДДСҰ-ның халықаралық медициналық-санитарлық ережелеріне қатысушы елдер дайындық шараларын қабылдауы тиіс.
Сарапшылар пікірінше, індеттің өршуі дәл қазір Қазақстанға тікелей әсер етіп тұрған жоқ. Дегенмен, халықаралық әуе қатынасы мен елдер арасындағы халықтың қоныс аударуына байланысты инфекцияның келу қаупі сақталады.
"Осыған байланысты біздің мемлекет, ДДСҰ-ға мүше басқа елдер сияқты, әсіресе шекарадағы өткізу пункттерінде және инфекциялық стационарларда эпидемиологиялық бақылауды күшейтуі тиіс", - делінген хабарламада.
Орталық мәліметінше, Қазақстан халқы үшін қауіп деңгейі қазір төмен деп бағаланып отыр. Эбола, мысалы, COVID-19-ға қарағанда әлдеқайда қиын жұғады. Жұқтыру үшін ауру адамның қаны және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен байланыс болуы қажет.
Денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ДДСҰ халықаралық деңгейде әрекет ету үшін кеңейтілген өкілеттіктерге ие болады. Ұйым келесі шараларды жүзеге асыра алады:
Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге (ХМСЕ) қатысушы барлық мемлекет ДДСҰ ұсынымдарын орындауға міндетті, деп атап өтті сарапшылар.
Сонымен қатар ДДСҰ айтарлықтай қажеттілік болмаса, шекараларды толық жабуды немесе әуе қатынасын тоқтатуды ұсынбайды.
Жарияланым шыққан сәтте әлемдік БАҚ Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 100-ден асқанын, сонымен қатар 500-ден аса жұқтыру күдігі бар жағдай тіркелгенін хабарлады.
Уганда астанасы Кампалада Конгодан келген екі адамнан ауру расталды, деп атап өтті ҰҚДС Орталығының баспасөз қызметі.