ПОДЕЛИТЬСЯ
Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұған ДДСҰ Бас директорының мәлімдемесі себеп болды. Онда Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола безгегінің өршуі халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп танылды, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Індетке Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo (Бундибугйо) штамы себеп болды. Қазіргі уақытта әлемде оған қарсы тіркелген вакцина да, арнайы ем де жоқ.
"Ол алғаш рет 2007 жылы Угандада анықталды. Вирус ауа-тамшы жолымен берілмейді", — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Эбола вирусы жұқтырған адам немесе жануарлармен тығыз байланыс кезінде, олардың биологиялық сұйықтықтары арқылы беріледі.
Сапарға шықпас бұрын азаматтарға баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысуға кеңес беріледі. Сондай-ақ мынадай ұсыныстар берілді:
"Жеке гигиенаны сақтау және сапар кезінде сақтық таныту ерекше маңызға ие. Оралғаннан кейін денсаулық жағдайын мұқият бақылау қажет. Қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, сапар туралы хабарлау керек. Өз бетінше емделуге жол берілмейді", - деп ескертті министрліктегілер.