ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматыда аллергия жағдайлары көбейіп келеді. Дәрігерлер аллергия маусымы ерте басталып қана қоймай, ұзаққа созылатынын айтады. Бұл дерттің неліктен ең өзекті медициналық мәселелердің біріне айналғаны және мамандардың онымен қалай күресетіні туралы TengriHealth материалынан оқыңыздар.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аллерголог-дәрігер Арай Батырбаева 2025 жылғы мәліметтер бойынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында аллергиялық риниттің 4,7 мыңға жуық жағдайы және бронх демікпесінің үш мыңнан астам жағдайы тіркелгенін мәлімдеді.
Ересектер арасында демікпенің 11 мыңнан астам жағдайы анықталса, ринит шамамен 7,5 мың пациентте тіркелген.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда аллергиялық аурулардың көбейгенін көріп отырмыз, әсіресе бұл балалар арасында қатты байқалады. Ересектерде бронх демікпесі жиі тіркеледі, бұл уақыт өте келе аурудың асқынатынын көрсетеді", - деді Арай Батырбаева.
Сарапшы негізгі себептер қатарында, әсіресе Алматыдағы тозаңның жоғары деңгейін, сондай-ақ кеш диагностика мен өз бетінше емделуді атап өтті.
"Аллергия - бұл жай ғана маусымдық мәселе емес, ерте жастан көңіл бөлуді қажет ететін созылмалы ауру", - деп түйіндеді маман.
Алматыда аллергия қай маусымда көбейеді:
Сарапшының сөзінше, ең қиын кезеңдер - сәуір-мамыр, маусым-шілде және әсіресе тамыз-қыркүйек айлары, бұл кезде пациенттерде ауру белгілері қатты байқалады.
"Соңғы жылдары біз тозаңдану маусымының ерте басталып, ұзаққа созылатынын байқап жүрміз. Бұл климаттық өзгерістерге байланысты. Ең ауыр кезең - жаздың соңы мен күздің басы, бұл уақытта жусан мен амброзия сияқты арамшөптер гүлдейді. Дәл осы кезде пациенттердің көпшілігінде симптомдар барынша күшейеді", - деп түсіндірді дәрігер.
Ол сондай-ақ пациенттерде ауру белгілері тіпті ақпан айында - ауадағы зең аллергендері мен споралардың кесірінен пайда болатынын айтты.
"Бұл жыл сайын байқалады. Ақпан айының өзінде бізге пациенттер жүгіне бастайды. Тозаң болмаса да, ауру белгілерін тудыруы мүмкін басқа да маңызды аллергендер болуы ықтимал", - деді Батырбаева.
Оның айтуынша, заманауи әдістер аллергияның себебін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде ерекше Е иммуноглобулиндеріне қан талдауы, терілік прик-тесттер және басқалары бар.
Дәрігерлер гүлдеу маусымында аллергендермен жанасуды азайтуды ұсынады:
Батырбаева өз бетінше емделуге болмайтынын атап өтті.
"Антигистаминдік препараттар симптомдарды басады, бірақ аурудың себебін жоймайды. Белгілер қайталанған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек", - деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін аллергиялық аурулар әлемдік денсаулық сақтау саласына төнген басты қатерлер тізіміне ресми түрде енгенін жазған едік.