Қарағанды тұрғыны сот арқылы моральдық зиян өтемақысын өндіріп алды. Оның күйеуіне медициналық көмек тиісті деңгейде көрсетілмегені белгілі болды, - деп хабарлайды TengriHealth Қарағанды облысы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Не болды?
Істі Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты қарады. Моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен қала тұрғыны Т.Л. жүгінген.
Оның айтуынша, жұбайы кеудесі ауырып, ашығанына байланысты жедел жәрдем шақырған. Алайда медицина қызметкерлері жүрек-қан тамырлары ауруына қатысы жоқ алдын ала диагноз қойып, науқасты ауруханаға жатқызбаған.
Сот не анықтады?
Істі қарау барысында сот медицина қызметкерлерінің ЭКГ нәтижесін қате оқығанын, ер адамның жағдайын дұрыс бағаламағанын және көмек көрсетудің қате тактикасын таңдағанын анықтады.
Уәкілетті органның тексеруі де медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылғанын анықтады. Осыдан кейін кінәлі қызметкерлер тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, ер адам жедел миокард инфарктісінен қайтыс болған.
Сот Қазақстанның Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес, егер адам өлімі өзге тұлғалардың кінәсінен болса, марқұмның жақын туыстары мен жұбайы моральдық зиян өтемақысын алуға құқылы екенін еске салды.
Нәтижесінде сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, облыстық жедел медициналық көмек станциясынан жесір әйелдің пайдасына моральдық зиян өтемақысын өндірді.