Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация бағдарламасы кеңейтіледі. Енді 14-тен 18 жасқа дейінгі қыздар тегін екпе ала алады, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қандай жастағы қыздар АПВ-ға қарсы вакцина ала алады?
Қазіргі уақытта Қазақстанда 11 жастағы қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жоспарлы вакциналау, сондай-ақ 12–13 жас аралығындағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасып жатыр.
АПВ-мен байланысты аурулардың алдын алуды күшейту, сондай-ақ жасөспірімдерді қосымша қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер жаңа қаулыға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, енді АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі.
Қанша қыз бала вакцина алып үлгерді?
Комитет мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 11–13 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы 400 мыңға жуық екпе жасалған. Бірінші дозаны 248 мың адам, екіншісін 150 мың адам алды.
"Егілгендер арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ", - делінген хабарламада.
Комитет өкілдері вакциналау егілушінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізілетінін атап өтті.
"Қосымша вакциналау АПВ-ға қарсы вакцинаның қолда бар қорлары есебінен жүзеге асырылады", - деп хабарлады ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, елде адам папилломасы вирусының төрт түрінен қорғайтын америкалық "Гардасил" вакцинасы қолжетімді.
Дегенмен, 2025 жылдың күзінде өндірушімен келіссөз жүргізілді. Ол кезде 2026 жылдың жазында Қазақстанға тоғыз валентті вакцина әкелінуі мүмкін екені талқыланған болатын. Ол, тиісінше, вирустың тоғыз түрінен қорғайды және ең тиімдісі болып саналады.