Ресейлік БАҚ-та "адамның соңынан қалмайтын мутант кенелер" туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Олар Ресейдің оңтүстік өңірлерінде кездесе бастаған. Бұл жәндіктер Қазақстанға "жетуі" мүмкін бе және олар қаншалықты қауіпті - TengriHealth материалынан оқыңыз.
"Мутант кенелер" және олар Қазақстанда бар ма?
Талқылауға Ресей БАҚ-тарындағы Hyalomma тұқымдасына жататын кенелер туралы жарияланымдар себеп болды. Онда жәндіктер жиі кездесетін оңтүстік аймақтар жоғары қауіп аймағына айналған.
Осыған байланысты Қазақстандағы жағдай қандай деген сұрақ туындады. Мұнда ескеретін жайыт, Ресейдің оңтүстік шекараларына географиялық жақындығымыз.
Жоғары санатты дәрігер, Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының "Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы" филиалының директоры Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, Hyalomma буынаяқтылары - Қазақстан мен басқа елдер үшін тың жәндік емес.
Оның айтуынша, олар бұрыннан жергілікті фаунаның бір бөлігі саналады. Бұл кенелер жартылай шөлейтті және шөлді аймақтарда, ең алдымен елдің оңтүстігі мен батысында, олар үшін бастапқыда табиғи жағдайлар қалыптасқан жерлерде кең таралған.
Сарапшы бұл жерде әңгіме сырттан келу немесе кенеттен пайда болу туралы емес, ареалдың біртіндеп кеңеюі туралы сөз болып отырғанын баса айтты.
"Бұл кенелер біртұтас толқын болып "келмейді" және ешқайдан пайда болмайды. Олар үлкен қашықтықты өз бетінше еңсере алмайды. Көбінесе оларды жануарлар немесе құстар тасымалдайды, содан кейін олар қолайлы жағдайы бар жерлерге тұрақтап қалады", - деп түсіндіреді ол.
Неге бұл кенелер туралы жиі айтыла бастады?
Кенелердің өзі жаңа болмаса да, оларға назардың артуына бірнеше себеп бар, дейді дәрігер:
1. Олардың таралу ерекшеліктері
Hyalomma ауыл шаруашылығы жануарларын - сиыр, қой, жылқыларды, сондай-ақ жабайы жануарлар мен жыл құстарын жақсы көреді. Құстар кенелерді жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға тасымалдап, олардың жаңа жерлерге қоныстануына ықпал етеді.
2. Экожүйелер мен шаруашылық қызметінің өзгеруі
Жайылымдардың кеңеюі, ландшафттың өзгеруі және мал басының өсуі кененің бұл түрінің көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.
3. Ерте көктем
Сарапшы климаттық факторды бөлек атап өтті. Бұл кенелер жылуды жақсы көреді. Шамамен 16–17 градус жылылықта-ақ олар оянып, белсенділігін ұзақ сақтайды.
Зертханалық зерттеулер мен шектеулер: кене шаққаннан кейін не жұқтыру мүмкін
Hyalomma жәндіктерінің тағы бір ерекшелігі бар. Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, егер кене қауіпті ауру вирустарын жұқтырған болса, ол оларды ағзасында 25 айға дейін сақтай алады.
Бұл жәндіктер келесі инфекциялардың қоздырғышы болуы мүмкін:
- риккетсиоздар - дене қызуының көтерілуі, бөртпе, интоксикация байқалатын бактериялық инфекциялар тобы;
- кейбір арбовирустық инфекциялар.
Дегенмен Қазақстан үшін ең маңыздысы - Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы.
Дәрігердің айтуынша, дәл осы ауру жыл сайын эндемикалық аймақтарда - Шымкентте, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында тіркеледі.
Әрине, жұқтыру көбінесе кене шаққанда болады, бірақ басқа да жолдары бар. Мысалы, инфекция жұқтырғандар қаны немесе биологиялық сұйықтықтарымен жанасқанда. Сирек жағдайларда стерильдік ережелері бұзылған кезде медициналық құралдар арқылы жұғады, дейді Айнагүл Қуатбаева.
"Медициналық көмекке кеш жүгінген жағдайда ауру ауыр өтіп, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Бірақ кенелердің бәрі бірдей инфекция жұқтырмағанын атап өткен жөн", - деп толықтырды маман.
Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, елімізде ауру белгілері пайда болғанға дейін жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін көпдеңгейлі эпидемиологиялық қадағалау жүйесі жұмыс істейді.
Алдымен мамандар табиғи ошақтарды - ең алдымен елдің оңтүстігі мен батысындағы эндемикалық аймақтарды тексереді. Ол жерде кенелер, соның ішінде Hyalomma жиналып, вирустардың бар-жоғын тексеру үшін зертханалық зерттеулерге жіберіледі.
"Бұдан бөлек, кене шағуынан зардап шеккен адамдарды есепке алу және бақылау жүргізіледі. Мұндай пациенттер медициналық бақылауда болады, қажет болған жағдайда зертханалық тексеруден өтеді. Егер алғашқы белгілер (қызу, әлсіздік, ауырсыну) пайда болса, адам шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, мамандандырылған көмек көрсетіледі", - деп бөлісті сарапшы.
Қолайсыз аймақтарда қосымша профилактикалық шаралар жүргізіледі: жайылымдар мен елді мекендер өңделеді, ал қажет болған жағдайда шектеулер енгізіледі.
Жоғары қауіп тобына жануарлармен жұмыс істейтін адамдар: фермерлер, ветеринарлар, бақташылар кіреді.
Қазақстанда кене шаққаннан кейін адам 14 күн бойы бақылауда болады. Инфекция анықталған жағдайда пациент әрі қарай емделу үшін инфекциялық стационарға жатқызылады.
Hyalomma қарапайым кенелерден несімен ерекшеленеді
Жоғарыда айтқанымыздай, Hyalomma тұқымдасына жататын кенелердің көп талқылануына себеп болған жайт - олардың адамдардың соңынан қалмайтындығы туралы тұжырым.
Біздің спикеріміздің сөзінше, олардың басқа туыстарынан басты айырмашылығы шынымен де "стилінде" болып отыр.
"Көптеген кенелерден айырмашылығы, Hyalomma белсенді қозғалып, адамға немесе жануарға жақындай алады. Сонымен қатар, бұл түр - қан соратын кенелердің ең ірілерінің бірі, оларды денеден немесе киімнен байқау оңайырақ", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, кенелердің көпшілігі адам немесе жануар тиіп кеткенше шөпте немесе бұталарда құрбанын күтіп жатады. Ал бұл жәндіктер белсенді қозғалып, жылу көзіне бағыт ала алады, сондықтан олар адамның соңынан жүгіріп келе жатқандай әсер қалдырады.
"Бірақ ғылыми тұрғыдан алғанда, олар мақсатты түрде қуаламайды және жыртқыштар сияқты аң ауламайды. Олар тек жылықанды ағзалардан келетін сигналдарға жауап береді", - деп бөлісті Қуатбаева.
Олар адамды қоса алғанда, әртүрлі жылықандыларға шабуыл жасай алғанымен, олардың негізгі "иелері" жабайы, үй және ауыл шаруашылығы жануарлары болып қала береді.
Қорытындылай келе, Айнагүл Қуатбаева бұл жағдайда ешқандай аса қауіпті ештеңе жоқтығын, тек сақ болу керектігін баса айтты.
Зертханалық зерттеулер бойынша, зерттелген кенелердің тек 1-ден 3,5 пайызға дейінгісінде ғана қауіпті вирустар бар. Бұл басым көпшілігі қауіп төндірмейтінін, жаппай жұқтыру оқиғалары жоқтығын білдіреді.
"Осылайша, алаңдатарлық ақпараттарға қарамастан, нақты жұқтыру қаупі төмен деңгейде", - деп толықтырды дәрігер.
Сарапшы қазақстандықтардан негізгі сақтық шараларын сақтауын талап етеді: мұқият болу, репелленттерді пайдалану, табиғатқа шыққаннан кейін өзін және үй жануарларын тексеру, кене шаққан жағдайда уақтылы дәрігерге жүгіну.