Аптапта көліктің өртену қаупі артады, сондықтан жүргізушілер машинаның техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлгені жөн. Қазақстанда жыл сайын көлік құралдарына қатысты 2 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркеледі. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қаупін қалай азайту керек екенін және көлік өртенген жағдайда не істеу қажет екенін түсіндірді. Толығырақ - Tengrinews.kz материалында.
Ведомство мәліметінше, көлік өрттері елдегі жалпы өрт санының 15–20 пайызын құрайды және бірнеше жылдан бері тұрғын үй секторындағы өрттерден кейін екінші орында тұр. Өрт оқиғаларының басым бөлігі жеңіл автокөліктерде болады.
Аптапта көлікті қалай қорғау керек?
Қатты ыстық кезінде мамандар қызып кету мен басқа да ақаулардың алдын алу үшін көлікке баса назар аударуды ұсынады. Мүмкіндігінше машинаны көлеңкеге қойыңыз немесе алдыңғы терезеге күннен қорғайтын жабын қолданыңыз.
Бұған дейін автосарапшы Алексей Алексеев айтқандай, қозғалтқыштың қызып кетуі - ыстық ауа райында ең жиі кездесетін мәселелердің бірі. Бұл тіпті техникалық жағынан сау көліктерде де, мысалы, радиатордың ластануынан немесе салқындату жүйесінің ақауынан болуы мүмкін. Сарапшы қозғалтқыш температурасын қадағалап, датчиктер мен құралдардың жұмысын тексеріп тұруға кеңес береді, өйткені олар қызып кету туралы алдын ала ескертеді. Сондықтан көлік иелеріне техникалық қызмет көрсетуді дер кезінде өткізу ұсынылады.
Сондай-ақ, мамандар қозғалтқышқа артық күш түсірмеуге, мүмкіндігінше ыстық шыңына жететін сағаттарда ұзақ жолға шықпауға, шиналардағы қысымды тұрақты бақылауға және көлікте әрдайым мерзімі өтпеген, жарамды өрт сөндіргіш алып жүруге кеңес береді.
Көліктер не себепті өртенеді?
Төтенше жағдайлар министрлігі көліктердің өртенуіне себеп болатын ең жиі кездесетін факторларды атады.
Олардың қатарында - электр жабдықтарының ақауы, қысқа тұйықталу, жанар-жағармай материалдарының ағуы, отын жүйесіндегі ақаулар, қолдан жасалған газ жабдықтарын орнату, қозғалтқышты ашық отпен жылыту, әдейі өртеу және техникалық қызметтің уақтылы көрсетілмеуі бар.
Көліктің өртену қаупін қалай азайтуға болады?
Құтқарушылар көлік иелерін машина қауіпсіздігіне алдын ала қам жасауға шақырды.
ТЖМ газ баллон жабдығы (ГБЖ) бар көлік иелеріне диагностикадан уақтылы өтуді, жабдықты тек мамандандырылған сервистерде орнатуды және жүйенің герметикасын жүйелі түрде тексеріп отыру қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар, ведомство көлікте әрдайым жарамды өрт сөндіргіш алып жүруді, техникалық байқаудан уақтылы өтуді және электр сымдарының күйін қадағалауды ұсынады.
Ыстықта көлікте қандай заттарды қалдыруға болмайды?
Бұған дейін Tengri Auto жаз кезінде автокөлік салоны 60-70 градусқа дейін, ал аспаптар панелі, рөл немесе торпедо сияқты жекелеген беткейлер одан да қатты қызуы мүмкін екенін жазған болатын.
Жоғары температураға байланысты көлік ішінде мына заттарды қалдыру қауіпті:
- аэрозольді құтылар,
- газ оттықтары,
- пауэрбанктер және қосалқы литий аккумуляторлары,
- смартфондар, ноутбуктер, батареялар,
- дәрі-дәрмектер, парфюмерия, косметика және газдалған сусындар.
Жоғары температураның әсерінен мұндай заттар қасиетін жоғалтуы немесе істен шығуы мүмкін. Сонымен қатар, литий аккумуляторлары мен пауэрбанктердің қызып кетуі кейбір жағдайларда өртке әкеп соғуы ықтимал.
Машина өртенсе не істеу керек?
Төтенше жағдайлар министрлігі көлік өртенген жағдайда үрейге бой алдырмауға шақырады.
Егер газ иісі, түтін немесе өрттің алғашқы белгілері байқалса, құтқарушылар автокөлікті дереу қауіпсіз жерге тоқтатып, жолаушыларды сыртқа шығаруды, көліктен алыстап, шұғыл қызметтерді шақыруды ұсынады.
"Оқиға туралы дереу 101 немесе 112 нөмірлері бойынша өртке қарсы қызметке хабарлаңыз. Өрт сөндіргішті қолданыңыз, салоннан шығып, басқа жолаушыларға көмектесіңіз. Осыдан кейін жанып жатқан көлік құралынан қауіпсіз қашықтыққа алыстаңыз", – деп ескертті ТЖМ.
Жақын күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер жақын күндері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы қандай болатынын айтты.
Астанадағы ауа райы болжамы
- 17 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Батыстан соққан желдің жылдамдығы түнде секундтына 3-8, күндіз - 9-14 метр. Ауа температурасы түнде +17...+19 градус, күндіз +32...+34 градус жылы болады.
- 18 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 7-12 метр. Ауа температурасы түнде +18...+20 градус, күндіз +33...+35 градус ыстық болады.
- 19 шілдеде күн райы құбылмалы болады, күндіз өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді. Оңтүстік-батыстан соғатын жел бағытын солтүстік-батысқа ауыстырады, жылдамдығы секундтына 7-12 метр. Ауа температурасы түнде +21...+23 градус, күндіз +34...+36 градус аптап ыстық болады.
Алматыдағы ауа райы болжамы
- 17 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 3-8 метр. Ауа температурасы түнде +23...+25 градус, күндіз +40...+42 градус өте қатты ыстық болады.
- 18 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 3-8 метр. Ауа температурасы түнде +24...+26 градус, күндіз +40...+42 градус өте қатты ыстық болады.
- 19 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 3-8 метр. Ауа температурасы түнде +24...+26 градус, күндіз +40...+42 градус өте қатты ыстық болады.
Шымкенттегі ауа райы болжамы
- 17 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 8-13 метр. Ауа температурасы түнде +23...+25 градус, күндіз +45...+47 градус өте қатты ыстық болады.
- 18 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 8-13, күндіз екпіні 15-20 метр. Ауа температурасы түнде +25...+27 градус, күндіз +46...+48 градус өте қатты ыстық болады.
- 19 шілдеде күн райы құбылмалы болады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундтына 8-13 метр. Ауа температурасы түнде +25...+27 градус, күндіз +46...+48 градус өте қатты ыстық болады.