Көлікті ыстықтан қалай қорғауға болады? Автосарапшы кеңесі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көлікті ыстықтан қалай қорғауға болады? Автосарапшы кеңесі Фото:depositphotos.com

Санаулы апталардан кейін нағыз аптап басталады, ал оңтүстік өңірлерде қазірдің өзінде ыстық. Жоғары температура көлік үшін үлкен сынақ: аккумулятор, салқындату жүйесі, дөңгелек пен салон зардап шегеді. Tengri Auto тілшісі автосарапшыдан көлікті аптапқа қалай дайындау керек және алдын ала не нәрсеге назар аудару қажет екенін білді.


Санаулы апталардан кейін нағыз аптап басталады, ал оңтүстік өңірлерде қазірдің өзінде ыстық. Жоғары температура көлік үшін үлкен сынақ: аккумулятор, салқындату жүйесі, дөңгелек пен салон зардап шегеді. Tengri Auto тілшісі автосарапшыдан көлікті аптапқа қалай дайындау керек және алдын ала не нәрсеге назар аудару қажет екенін білді.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, аптап кезіндегі қауіп-қатер көбіне көліктің "жасына" және оның техникалық күйіне байланысты болады.

Көлік неғұрлым ескі болса, оның қызып кету, салқындату жүйесінде ақау шығу және жекелеген тораптарының істен шығу ықтималдығы соғұрлым жоғары.

Уақыт өте келе радиатор, салқындату жүйесі, термостат тозады, кондиционердің жұмысы нашарлайды, ал сұйықтықтар өз қасиетін жоғалтады - мұның бәрі аптапта тезірек әрі айқын байқалады.

"Ескі көліктерде қатты ыстық мәселе тудыруы мүмкін. Мысалы, Audi 80, Audi 100 сияқты карбюраторы мен бензин сорғысы бар машиналар. Ыстықта бензин сорғылары қызып кетіп, оларды суытуға тура келген жағдайлар болған. Мұндай жағдай Lada көліктерінде де кездесетін", - деді ол.

Сарапшы мәліметінше, жаңа көліктер, әдетте, жоғары температураға төзімді келеді, бірақ оларға да маусым алдында негізгі тексеру қажет.

Қозғалтқыштың қызуы

Қозғалтқыштың қызып кетуі - аптапта жиі кездесетін мәселелердің бірі. Бұл тек ескі көліктерде ғана емес, сонымен қатар, егер радиатор бітеліп қалса немесе салқындату жүйесінің жұмысы бұзылса, дұрыс жұмыс істеп тұрған машиналарда да болуы мүмкін.

Егер жүйе қадағаланып, радиатор уақтылы қаралса, салқындатқыш сұйықтықтың деңгейі мен күйі тексерілсе, күрделі мәселелерді болдырмауға болады.

Сарапшы қозғалтқыш температурасының көрсеткіштерін үнемі бақылап отыруға және датчиктер мен аспаптардың жарамдылығын қадағалауға кеңес береді - қызып кету туралы алғашқы белгіні дәл солар береді.

Жанармай багы

Сондай-ақ көліктің жанармай багында диффузия деп аталатын құбылыс пайда болуы мүмкін.

Аптапта бактағы бензин белсенді түрде булана бастайды. Нәтижесінде жанармай жүйесі ішінде қысымды арттыратын булар түзіледі.

Қазіргі заманғы көліктерде бұл процесс жанармай буын ұстау жүйесімен бақыланады, бірақ ақау болған жағдайда келесідей мәселелер туындауы мүмкін:

  • бензин иісі
  • қозғалтқыштың тұрақсыз жұмысы
  • оталдыру кезіндегі қиындықтар

Сирек жағдайларда, егер жүйе жүктемені көтере алмаса, жанармай беру процесі бұзылатын "бу-ауа эффектісі" болуы мүмкін.

Қарапайым тілмен айтқанда, ыстықта жанармай тезірек "қайнайды" және жүйе тығыз болмаса немесе тозған болса, бұл көліктің жұмысына әсер етуі мүмкін.

Алексеевтің айтуынша, аптапта бакты бос ұстамаған жөн, себебі аз жанармай бензин буының көбеюіне түрткі болуы мүмкін.

"Тарихта мұндай жағдайлар өте аз болған, бірақ соған қарамастан сақ болған абзал. Мен бакты бос ұстамауға тырысамын, бұл жалпы жанармай жүйесі мен жанармай сорғысы үшін зиян", - деп түсіндірді сарапшы.

Көлікке не сатып алу керек?

Сондай-ақ жазғы маусымда көлікте қандай заттарды ұстау керек екенін анықтадық - негізгі жиынтықтан бастап, аптапта көмектесетін пайдалы ұсақ-түйектерге дейін.

"Салон қызып және пластик оңып кетпеуі үшін алдыңғы әйнекке күн сәулесін шағылыстыратын перделер сатып алуға болады. Немесе алдыңғы панельге мата жапқыштар алуға болады, бірақ меніңше, бұл ыстықтан емес, шаңнан көбірек қорғайды. Сондай-ақ, мен шыны тазалағыштарға ерекше назар аударар едім - қыс бойы тозған щеткалар алдыңғы әйнекті сызып тастауы мүмкін, ал оны ауыстыру арзанға түспейді. Сондықтан шыны тазалағыштың тек резеңкесін ғана емес, өзін толық ауыстырған дұрыс. Сонымен қатар, жуғыш сұйықтық орнына жай суды құюға болмайды - арнайы сұйықтық шаң, жәндіктер мен қақ сияқты ластануларды жақсырақ тазалап, көру мүмкіндігін қамтамасыз етеді", - деді Алексеев.

Сонымен қатар сарапшы салонды қорғау туралы алдын ала ойланып, жапқыш немесе күннен қорғайтын экран сатып алуға кеңес береді. Ыстықта ұзақ тұру көлікке кері әсер етеді: қаптама оңады, бояу қабаты күңгірттенеді, бұл уақыт өте келе оның сыртқы түрін нашарлатып, қайта сату құнын төмендетеді. Сонымен қатар, жоғары температура көліктің техникалық күйіне де әсер етуі мүмкін.

Егер көлікті көлеңкеге қою мүмкіндігі болмаса, әйнектерді сәл ашып қоюға болады - тіпті бірнеше миллиметрлік саңылау ыстық ауаның сыртқа шығуына көмектеседі және салонның қызуын азайтады.

Көлікте тағы не болуы мүмкін?

Сарапшының сөзінше, кондиционер ағынын тікелей алдыңғы әйнекке бағыттамау керек, себебі сирек жағдайларда температураның күрт өзгеруінен әйнек шытынап кетуі мүмкін.

Сондай-ақ, көлікті оталдырғаннан кейін бірден кондиционерді толық қуатына қосудың қажеті жоқ. Алдымен мотордың біраз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, содан кейін салқындатуды қосқан жөн. Әйтпесе салонда температура күрт өзгеруі мүмкін, бұл адам ағзасына жағымсыз әсер етеді.

"Қорғанудың қарапайым тәсілдері ішінен мен перделер мен терезелерді қараңғылауды ерекше атап өтер едім. Меніңше, орындық қаптарының (чехол) аса пайдасы жоқ. Терезелерді қараңғылау шынымен де көмектеседі, бірақ бірінші кезекте: ол салонның қызуын азайтады және аптаптағы сапарларды жайлы етеді", - дейді ол.

Ыстық аккумулятор мен кондиционерге тікелей әсер етпейді, бірақ аптап басталмас бұрын салон сүзгісін тексеріп алған жөн.

"Қыстан кейін ол жиі кірлеп қалады, ал көпшілігі оны ұмытып кетіп жатады. Ол салонды салқындату тиімділігіне тікелей әсер етеді", - деді ол.

Сондай-ақ дөңгелектерді жазғы резинаға ауыстыру керек. Бұл ережені ұмытуға болмайды, өйткені қысқы шиналарды жазда пайдалану қауіпті ғана емес, сонымен қатар жаза қарастырылады - 1 шілдеден бастап маусымға сәйкес келмейтін шиналарды қолданғаны үшін айыппұл салына бастайды.

TengriAuto