“Кондиционер үрлеп тұр, бірақ салқындатпайды“: көліктегі фреонды қашан ауыстыру керек немесе қашан жөндеу керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Кондиционер үрлеп тұр, бірақ салқындатпайды“: көліктегі фреонды қашан ауыстыру керек немесе қашан жөндеу керек? Фото:depositphotos.com

Кондиционерді қоссаңыз да, салонға салқынның орнына әрең сезілетін салқын немесе тіпті жылы ауа келіп тұр ма? Мұндай мәселе фреонның жетіспеушілігін де, одан да күрделі ақауларды да білдіруі мүмкін.


Кондиционерді қоссаңыз да, салонға салқынның орнына әрең сезілетін салқын немесе тіпті жылы ауа келіп тұр ма? Мұндай мәселе фреонның жетіспеушілігін де, одан да күрделі ақауларды да білдіруі мүмкін.

Tengri Auto автоблогер Анатолий Русевтен кондиционердің неліктен тиімді салқындатпайтынын, қашан фреон құю жеткілікті болатынын, ал қай жағдайда жөндеу қажет екенін сұрап білді.

Кондиционер мәселені ескертеді: назардан тыс қалдыруға болмайтын алғашқы белгілер

Анатолий Русевтің айтуынша, кондиционер кенеттен істен шығуы сирек кездесетін жағдай. Әдетте жүйе мәселелер туралы алдын ала белгі береді.

Сарапшы алғашқы симптомдардың қатарында салонның баяу салқындауын, капот астынан шығатын бөгде дыбыстарды және компрессордың жиі қосылып-өшуін атап өтті.

"Егер бұрын салон бірнеше минутта салқындайтын болса, ал қазір салқын тек тасжолда келе жатқанда ғана пайда болса, бұл - диагностика жасауға себеп. Әсіресе кептелісте кондиционер жұмысын мүлдем тоқтатса, назар аудару керек", - деді ол.

Кондиционерді қосқаннан кейінги гуіл, ызың немесе сарыл да қауіпті белгі болуы мүмкін. Маманның айтуынша, мұндай дыбыстар көбіне шкив подшипнигінің тозуын немесе компрессордағы мәселелерді білдіреді.

Фреонды қашан толтыру керек?

Жүргізушілер арасында кондиционерді жыл сайын толтырып тұру керек деген пікір қалыптасқан. Алайда сарапшы бұл пікірдің дұрыс емес екенін айтады.

Тіпті толықтай дұрыс жұмыс істеп тұрған жүйенің өзі біртіндеп қосылыстар мен резеңке тығыздағыштар арқылы хладагенттің бір бөлігін жоғалтады.

"Үш жылдан асқан автомобиль үшін екі-үш жылда бір рет фреон толтыру қалыпты қызмет көрсету процедурасы болып саналады. Бірақ егер жүйе бірнеше айдың ішінде фреонды толық жоғалтса, демек, бір жерден жылыстау бар", - деп түсіндірді Русев.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда жай ғана газ толтыру мәселені шешпейді. Жылыстап жатқан жерді табу керек, әйтпесе жаңа хладагент те жүйеден тез шығып кетеді.

Кондиционердің салқындатпай қалуының төрт себебі

Радиаторлардың ластануы

Сарапшы ең көп таралған себептердің бірі ретінде кондиционер радиаторы мен қозғалтқыш радиаторының арасындағы кеңістіктің ластануын атайды.

Уақыт өте келе ол жерде терек мамығы, кір мен шаң жиналып, хладагенттің салқындауын нашарлатады.

"Газ дұрыс салқындамайды, жүйедегі қысым артады, соның салдарынан автоматика компрессорды зақымданудан қорғау үшін өшіріп тастауы мүмкін", - деп атап өтті маман.

Салон сүзгісінің бітелуі

Тағы бір жиі кездесетін себеп - салон сүзгісінің уақытылы ауыстырылмауы.

Сүзгі қатты ластанған кезде ауа ағыны азайып, кондиционер жұмысының тиімділігі айтарлықтай төмендейді.

Желдеткіштің ақауы

Егер радиаторды салқындату желдеткіші дұрыс жұмыс істемесе, кондиционер тек қозғалыс кезінде ғана қалыпты жұмыс істеуі мүмкін.

"Көлік жүріп келе жатқанда қарсы соққан ауа ағыны жүйеге көмектеседі, ал бағдаршамда тұрғанда дефлекторлардан жылы ауа келе бастайды", - деп түсіндірді сарапшы.

Кондиционер радиаторының зақымдануы

Кондиционер радиаторы автомобильдің алдыңғы жағында орналасқан және үнемі тастардың, ылғалдың және жол реагенттерінің әсеріне ұшырайды.

Уақыт өте келе оның ұяшықтары бұзылып, хладагенттің жылыстауына әкелуі мүмкін.

Дұрыс қызмет көрсету қандай болуы керек?

Анатолий Русевтің айтуынша, диагностикасыз жай ғана фреон толтыру көмектесіп қана қоймай, қосымша шығындарға әкеп соғуы мүмкін.

Көліктегі кондиционерге қалай дұрыс қызмет көрсету керек: шебер не істеуі тиіс?

  • ескі хладагентті шығару және өлшеу;
  • ауа мен ылғалды жою үшін жүйені вакуумдау;
  • герметикалығын тексеру;
  • қажетті мөлшерде компрессор майын қосу;
  • хладагенттің нақты көлемін құю.

"Жол жиегінде көз мөлшерімен толтыру - ең жақсы нұсқа емес. Заманауи жүйелер фреонның нақты мөлшерін және міндетті түрде герметикалық тексеруді талап етеді", - деп қадап айтты сарапшы.

Ақауы бар кондиционермен жүрудің қаупі неде?

Мәселені назардан тыс қалдыру ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін.

Хладагент жетіспеген кезде компрессорда май тапшылығы басталып, ол жоғары жүктемемен жұмыс істейді.

Нәтижесінде торап істен шығуы мүмкін, ал тозу өнімдері бүкіл жүйеге тарап кетеді.

"Егер компрессор іштей зақымдалса, тек бөлшекті ауыстырып қана қоймай, бүкіл жүйені жуып, бірқатар қосымша элементті ауыстыруға тура келеді. Мұндай жөндеу жұмыстары уақытылы техникалық қызмет көрсетуден бірнеше есе қымбатқа түсуі мүмкін", - деді Русев.

Сондықтан кондиционер жұмысы нашарлаған алғашқы белгілер байқалғанда, сарапшы диагностиканы кешіктірмей, мамандандырылған қызмет көрсету орталығына хабарласуға кеңес береді.

TengriAuto