Жазғы аптапта көлік салоны көпшілік ойлағаннан әлдеқайда тез қызады. Бірнеше минут ішінде ол сырттағы температурадан 10–15 градус жоғары болуы мүмкін, ал бір сағаттан кейін +50 градустан асып кетеді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Қатты қызған салон әсіресе балалар үшін аса қауіпті. Себебі балалардың ағзасы ересектерге қарағанда әлдеқайда тез қызады. "ҚазАвтоЖол" өкілдері атап өткендей, баланың жабық көлікте бірнеше минут қалуының өзі жағдайының күрт нашарлауына, дененің шамадан тыс қызуына, ыстық өтуіне немесе есінен тануына әкелуі мүмкін.
Көп жүргізуші бірнеше минутта көліктегі балаға ештеңе болмайды деп ойлайды. Алайда мамандар: ешқашан балаларды көлікте бірнеше минутқа да жалғыз қалдыруға болмайтынын ескертеді.
Қауіп жоғары температурамен шектелмейді. Қараусыз қалған бала есікті абайсызда бұғаттап, терезені жауып тастауы немесе қорқып, салоннан өздігінен шыға алмауы мүмкін. Терезені сәл ашық қалдыру немесе көлікті көлеңкеге қою мәселені шешпейді. Салон бәрібір қыза береді.
Осындай ережелерді үй жануарларын тасымалдау кезінде де сақтаған жөн. Үй жануарларын көлікте бірнеше минутқа болса да жалғыз қалдыру өте қауіпті.
Жануарлар адамдарға қарағанда әлдеқайда тез қызады. Мысалы, иттерде ыстық өткенде тыныс алуы жиілеп, дене температурасы күрт көтеріледі, жүрек-қан тамырлары жүйесіне шамадан тыс күш түседі. Таза ауа мен су болмаған жағдайда, жағдайы тез нашарлап, жануардың өліміне әкелуі мүмкін.
Сондықтан мамандар бірнеше минутқа ғана шығатын болсаңыз да, балалар мен үй жануарларын жабық көлікте ешқашан жалғыз қалдырмауға кеңес береді.
Күн өту белгілері
- Жиілеген тыныс алу.
- Бас айналу, жүрек айну.
- Қан қысымының төмендеуі.
- Естен тану.
- Құрысу.
- Қатты қызудан ішкі ағзалардың зақымдануы.
10-20 минут ішінде күн өтіп, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан баланы немесе жануарды жабық көлікте "бес минутқа" қалдырудың өзі өлімге әкелетін қауіп екенін түсіну маңызды.
Тағы оқыңыз: Тек алкоголь емес: қандай дәрілер жолда жүргізушілерге қауіп тудыруы мүмкін?
Пікірлерді оқу