Вьетнамда демалуды жоспарлап, бюджетіңізді есептей алмай жүрсіз бе? Егер бірнеше туристік тәсілді білсеңіз, Нячангтағы бағалар сізді жағымды таңғалдыруы мүмкін. Қазақстандық Ляззат 5 жұлдызды қонақүйдегі демалыс тәжірибесін бөлісті: 10 күндік толыққанды демалысқа оған 210 мың теңге қалта шығыны жеткілікті болған, бұл ретте ол ештеңеден таршылық көрмеген. Tengri Travel тілшісі мейрамханалардағы түскі ас құны қанша және қалаға қалай арзан жетуге болатынын, кәдесыйға қанша қаражат бөлу керектігін білді.
Тур құны мен қалта шығынына қанша кетті?
Қазақстандық қыз демалысқа көрікті жерлерімен және оңаша атмосферасымен танымал Хон Тре курорттық аралын таңдаған.
"Threads желісінде көптеген пікір мен жарияланымдарды көргеннен кейін дәл осы бағытты таңдадым. Бұл жерді өз көзіммен көргім келді", - дейді ол.
Тур Ляззатқа екі адамға 1 136 185 теңгеге (немесе адам басына 568 092 теңге) түскен. Бұл сомаға мына шығындар кірді:
- 5 жұлдызды қонақүйде 9 түн және 10 күн тұру;
- таңғы ас;
- трансфер;
- медициналық сақтандыру;
- екі жаққа ұшу билеті.
Қалта шығынына 210 000 теңге жұмсалған. Саяхатшының айтуынша, бұл сома еркін жүріп, негізгі рахаттан бас тартпауға жеткілікті болған.
"Вьетнамда баға расында өте қолжетімді. Жеке шығындарға шамамен 210 мың теңгемен ештеңеден таршылық көрмедім: мейрамханаларға бардым, кәдесый мен жақындарыма сыйлықтар сатып алдым", - деп атап өтті Ляззат.
Осылайша, бір адамға шаққанда сапардың жалпы бюджеті 778 092 теңге болды.
Тамақтану бағасы
Ас-су мәселесі Нячанг бюджетіндегі ең қолжетімді тармақтардың бірі. Саяхатшының айтуынша, орташа алғанда тамақтануға күніне 10-нан 15 мың теңгеге дейін жұмсалған.
"Қалаға шықпаған күндері бірнеше рет қонақүйде түстендім. Қонақүй маңында бағасы қолжетімді көптеген дәмхана мен мейрамханалары бар VinWonders орналасқан. Ол жерде бізге түрік мейрамханасы ұнады", - деді Ляззат.
Нячангта таныс тағамдарды табу қиындық тудырмаған: қалада Ляззат Domino’s пиццасы мен үй тағамын сағынғанда қазақ асханасы мейрамханаларын кезектестіріп отырған. Сондай-ақ премиум-сегментте бірнеше мерекелік кешкі ас ұйымдастырудың сәті түскен - шыны керек, қазақстандық өлшеммен алғанда, ол жердегі шоттар өте қарапайым болып шықты. Қымбат мейрамханалардағы ең жоғары шот адам басына шамамен 12 мың теңге болған.
Көлік, байланыс және ойын-сауық
Қазақстандық қыз дайын экскурсиялық пакеттерден бас тартып, курортты өз бетінше зерттеуді жөн көрген. Мұндай тәсіл ақшаны айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
"VinWonders-ке өз бетімізше бардық. Билетті қонақүйден адам басына 19 500 теңгеге сатып алдық. Меніңше, бұл өз ақшасына тұрарлық. Сонымен қатар атақты Чам мұнараларына - Po Nagar Cham Towers-ке бардық, билеті 30 000 донг (550 теңге)", - деді Ляззат.
Қонақүй аралда орналасқанына қарамастан, қалаға бару ешқандай қиындық тудырмаған. Қосымша арқылы такси шақыртқанда бір жаққа бару құны небәрі 700–1000 теңге болған.
Байланыс үшін турист екі адамға бір SIM-картаны 200 мың донгқа сатып алған. Оның айтуынша, бұл, әсіресе көптеген жерде тегін Wi-Fi барын ескергенде, жеткілікті болған.
Қазақстандықтың айтуынша, үйге сыйлықтар (вьетнамдық кофе, матча, тәттілер, балалар киімі және сөмкелер) алуға шамамен 950 мың донг (17 000 теңге) жұмсалған.
Саяхатшылар бюджеттің негізгі бөлігін доллармен апарып, жергілікті валютаға (донг) айырбастаған, алайда ірі орындарда қазақстандық банк картасымен еш қиындықсыз төлем жасаған.
Туристерге кеңес: Вьетнамда қалай артық төлемеуге болады?
Ляззат бірнеше лайфхакты бөлісті:
- валютаны әуежайда айырбастамаған жөн. Мұны жергілікті зергерлік дүкендерде немесе тікелей қонақүй ресепшенінде жасаған тиімдірек;
- қонақүйді Хон Тре аралынан таңдаңыз. Ол жер өте әдемі әрі тыныш, ал қалаға күн сайын барып тұруға болады;
- базарларда міндетті түрде саудаласу керек. Сатушылар басында туристер үшін бағаны әдейі қатты көтеріп айтады, сондықтан бағаны түсіртіңіз;
- бюджеттің бір бөлігін серуендеу мен сапар басталғанға дейін вьетнамдық донгқа айырбастап алған дұрыс;
- телефонға алдын ала онлайн-аудармашы жүктеп алыңыз. Жергілікті тұрғындар ағылшын тілін әрдайым жақсы біле бермейді.
Алматылық қыз Вьетнам жағалауына енді қысқы маусымда балаларымен бірге үлкен құрамда қайта баруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, таяуда қазақстандық Жазира Ығылман Занзибар мен Кенияға жасаған саяхаты туралы айтып берді.
Тағы оқыңыз: Канадалық блогер Қазақстанды автостоппен аралап, мұның қаншалықты қауіпсіз екенін айтты