АҚШ-та әскери ұшақ апатқа ұшырады. Осыдан кейін Калифорниядағы АҚШ Әскери-әуе күштерінің Эдвардс авиабазасы мәлімдеме жасады. Онда апатқа ұшыраған B-52 бомбалаушы ұшағының бортында сегіз адам болғаны айтылған. Олардың ешқайсысы аман қалмаған болуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға 15 маусымда Калифорниядағы Эдвардс авиабазасынан ұшып шыққаннан кейін болған.
Ресми тұлғалардың хабарлауынша, B-52 Stratofortress бомбалаушы ұшағы жоспарлы сынақ ұшуын орындаған: ол жергілікті уақыт бойынша таңғы 11:20-да қашықтағы авиабазадан көкке көтерілген.
Әскери-әуе күштері өкілдерінің айтуынша, бомбалаушы ұшақ радарларды жаңғырту бағдарламасы аясында сынақтар өткізген, деп хабарлайды CNN.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатыр, өйткені экипаж мүшелері мен жолаушылардың өлі-тірісі әлі белгісіз.
База өкілі экипаж құрамында әскери шенеуніктер, азаматтық тұлғалар және мемлекеттік мердігерлер болғанын хабарлады.
База қайта ашылды, бірақ ондағы барлық операция уақытша тоқтатылған.
Ұшақтың қазіргі B-52H нұсқасы әлі де Әскери-әуе күштері арсеналында маңызды рөл атқарады, оның құрамында осындай 76 ұшақ бар. Ол АҚШ пен Иран арасындағы қазіргі қақтығыс кезінде бомбалау миссияларында қолданылды. Сондай-ақ B-52H ядролық бомбалар мен ядролық оқтұмсықты қанатты зымырандарды тасымалдауға қауқарлы.