Израиль АҚШ-ты Трампқа қастандық дайындалып жатқаны туралы ескертті: БАҚ

Трамп Фото: instagram.com/realdonaldtrump

Израиль барлау қызметтері Тегеран Дональд Трампқа қастандық жасауды жоспарлап отырғаны туралы құпия мәліметтерді Америка Құрама Штаттарына жолдады. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасап америкалық The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кейін бұл ақпаратты CNN телеарнасы растады. АҚШ үкіметтік топтарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Израиль тарапынан ескерту осы аптада түскен, онда қастандық жоспары туралы бұрын-соңды болмаған нақты деректер қамтылған. Бұған дейін Вашингтон Иран тарапынан төнетін қауіп-қатерлер туралы тек жалпылама мәліметтер алып келген.

Дональд Трамптың өзі НАТО саммиті аясында қауіп бар екенін жанама түрде растады.

Жарнама
Жарнама

"Олар АҚШ көшбасшысының - менің көзімді жойғысы келеді… Мен барлық тізімде бармын", - деп келтіреді БАҚ америкалық саясаткердің сөзін.

Израильдің Вашингтондағы елшілігі мен Иранның БҰҰ жанындағы өкілдігі әзірге пікір білдіруден бас тартты. Дереккөздер АҚШ арнайы қызметтері алынған ақпаратты әлі де тексеріп жатқанын атап өтті. Бұл ретте үкіметтік топтарда Израиль бұл деректерді беру арқылы Трампты Иранға қарсы қатаң әскери саясат ұстануға итермелемек деген пікір айтылып жатыр.

Дональд Трампқа жасалған қастандықтар

Еске сала кетейік, өткен айда АҚШ-та Трампты өлтіруге бағытталған кезекті әрекет туралы хабарланған болатын. Қастандықтың беті ашылғаны туралы ФБР мәлімдеді. Қаскөйлер жарылғыш зат орнатылған дрондар көмегімен Ақ үй аумағында өтіп жатқан UFC 250 турнирін бұзып, адамдарды эвакуациялауға мәжбүрлеу арқылы оларды мергендер оғына бағыттамақ болған. Турнирге Дональд Трамп қатысқан, шара оның 80 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған.

2026 жылдың сәуірінде Трамп Вашингтондағы Washington Hilton қонақ үйінде тілшілермен салтанатты кешкі аста қарулы шабуылға ұшырады. Сол кезде 31 жастағы ер адам қонақ үйде оқ жаудырған. Оған президентке қастандық жасау, қару қолдану және мемлекеттік қызметкерге қарулы шабуыл жасау айыптары тағылды.

Мамырда Ақ үй маңында белгісіз біреу сөмкесінен қару шығарып, оқ жаудыра бастаған. Шабуылдаушы қарсы оқпен жараланып, жергілікті ауруханаға жеткізілгенімен, сол жерде көз жұмды. Атыс кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан адам оқ жарақатын алды. Құпия қызмет қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Атыс кезінде Трамп Ақ үй резиденциясында болған.

2024 жылдың шілдесінде Пенсильвания штатының Батлер қаласында өткен сайлауалды митингте Трампқа, ол кезде АҚШ президенттігіне кандидатқа оқ атылды. Оқ саясаткер құлағының жоғарғы бөлігін жанап өткен. Шабуылдаушыны арнайы қызмет өкілдері атып өлтірді. Ол Бетел-Парк қаласының тұрғыны Томас Мэтью Крукс болып шықты.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама