АҚШ барлау қызметінің басшысы биозертханалардың жаһандық желісі туралы мәлімдеді: бұған Қазақстанның қандай қатысы бар?

АҚШ барлау қызметінің басшысы биозертханалардың жаһандық желісі туралы мәлімдеді: бұған Қазақстанның қандай қатысы бар? Фото: depositphotos.com

АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбард Америка үкіметінің ұзақ жыл бойы әлемнің 30-дан астам еліндегі 120-дан астам биологиялық зертхананы қаржыландырғанын айғақтайтын жаңа деректер барын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбард Америка үкіметінің ұзақ жыл бойы әлемнің 30-дан астам еліндегі 120-дан астам биологиялық зертхананы қаржыландырғанын айғақтайтын жаңа деректер барын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қауіпті патогендері бар зертханалар ма?

Тиісті мәлімдеме АҚШ Ұлттық барлау директоры кеңсесінің сайтында жарияланды. Габбардтың айтуынша, барлау қоғамдастығының материалдарын бірнеше ай бойы зерделегеннен кейін америкалық салық төлеушілер есебінен қаржыландырылатын биозертханалардың жаһандық желісі туралы қосымша мәліметтер анықталған. Мәлімдемеде мұндай нысандар қатарына Украина аумағындағы зертханалар да кіретіні айтылған. Бұл ретте олардың кейбіреуі жалғасып жатқан Ресей-Украина қақтығысына байланысты қауіпке ұшырауы мүмкін делінген.

Жарнама
Жарнама

Фото dni.gov сайтынан

Сондай-ақ Габбард бұған дейін барлау қызметі АҚШ қаржыландыратын Украинадағы зертханалар бірінде қауіпті патогендердің сақталуы мүмкін екенін және соғыс қимылдары кезінде оның зақымдану немесе басып алыну қаупі туралы ескерткенін айтты.

Фото dni.gov сайтынан

АҚШ Қорғаныс министрлігі құрылымдары арқылы қаржыландыру

Жарияланған хабарламада көптеген зертхана қауіпті және жоғары жұқпалы патогендерді зерттеумен айналысқаны айтылған. Атап айтқанда, микроорганизмдер қасиеттерінің өзгеруін зерттеуді, әлеуетті қауіптерді бағалауды және қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеуді көздейтін "патогендердің функцияларын күшейту" (Gain-of-Function research) деп аталатын зерттеулер туралы сөз қозғалады.

Габбард мұндай зертханаларды қаржыландыру ауқымы туралы ақпарат бұған дейін Америка жұртшылығына толық көлемде ашылмағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар мәлімдемеде АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 25 мамырда елден тыс жерлерде патогендер функцияларын күшейту бойынша зерттеулерді федералдық қаржыландыруды тоқтату туралы жарлыққа қол қойғаны айтылған.

"Биологиялық зертханалардағы қауіпті патогендерді зерттеудің жаһандық апатты салдарға әкеп соғу ықтималдығына қарамастан, саясаткерлер, доктор Фаучи (Энтони Фаучи, АҚШ президентінің бұрынғы аға медициналық кеңесшісі – еск.) сияқты медицина қызметкерлері және Байден әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік командасындағы құрылымдар америкалықтарға АҚШ қаржыландыратын және қолдайтын биологиялық зертханалар бар екені туралы өтірік айтып, шындықты ашуға тырысқандарға қоқан-лоқы көрсетті. Ұлттық барлау директорының кеңсесі бұл зертханалардың қайда орналасқанын, оларда қандай патогендер бар екенін анықтау және америкалықтар мен барша әлем халқының денсаулығы мен амандығына қауіп төндіретін қауіпті зерттеулерді тоқтату үшін бүкіл үкіметтегі серіктестермен тығыз жұмыс істеуді жалғастырады", - деді Габбард.

АҚШ Ұлттық барлау басшысы барлау қоғамдастығына шетелдік зертханалар мен зерттеу нысандары туралы ақпарат жинауды күшейту бойынша жаңа нұсқаулар бергенін қосып өтті.

Мұның Қазақстанға қандай қатысы бар?

Габбард мәлімдемесінде зертханаларды қаржыландыру қай құрылымдар арқылы жүзеге асырылғаны нақтыланбаған және олар орналасқан барлық ел тізімі келтірілмеген.

Сонымен қатар бұған дейін ашық дереккөздерде АҚШ-тың шетелдегі биологиялық қауіпсіздік бағдарламалары Defense Threat Reduction Agency (DTRA) - АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігінің қызметімен байланыстырылған болатын.

Америкалық ведомстволардың бұрын жарияланған құжаттарына сәйкес, әр жылдары DTRA жекелеген бағдарламаларының белсенді серіктестері ретінде 35 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да болған. Дегенмен, Габбардтың мәлімдемесінде Қазақстан туралы айтылмаған.

dtra.mil сайтынан скриншот

Бұған дейін Қазақстандағы америкалық биозертханалар туралы не айтылды?

Қазақстандағы америкалық биологиялық зертханалар тақырыбы БАҚ пен әлеуметтік желілерде талай рет талқылау мен жарияланымдарға өзек болды. Кейінгі жылдары мұндай нысандар биологиялық қару жасау үшін пайдаланылады-мыс деген тұжырымдар тараған еді.

2022 жылғы қарашада АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Дэниел Розенблюм Алматыдағы зертхана төңірегіндегі қауесеттерге пікір білдіріп, бұл нысанның биологиялық қару әзірлеуге қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

2023 жылғы тамызда әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Қазақстан өз аумағында 30 америкалық биозертхананы орналастырды-мыс деген ақпарат тарады, олар бұған дейін Украинада жұмыс істеген. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама