“Бұл жақсы емес“. Трамп Иранға қатысты ұстанымы үшін Италия премьер-министрін сынға алды

“Бұл жақсы емес“. Трамп Иранға қатысты ұстанымы үшін Италия премьер-министрін сынға алды Мұрағаттық фото: whitehouse.gov

АҚШ президенті Дональд Трамп Италия мен оның премьер-министрі Джорджа Мелониді сынға алып, Римнің Иран мәселесіне қатысты ұстанымына көңілі толмайтынын білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

АҚШ президенті Дональд Трамп Италия мен оның премьер-министрі Джорджа Мелониді сынға алып, Римнің Иран мәселесіне қатысты ұстанымына көңілі толмайтынын білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Америка көшбасшысы жексенбі күні, 21 маусымда Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

"Біз НАТО-ға триллиондаған доллар жұмсасақ та, Италия мен оның премьер-министрі Иран Ислам Республикасына және оның өте қауіпті ядролық қатеріне қарсы тұру мүмкіндігін тіпті қарастырып та отырған жоқ. Біз ондаған жылдар бойы оларды (Италияны - ред. ескертпесі.) қорғап келеміз, бірақ сын сағаты туғанда, олар бізді және қалған әлемді қорғау үшін қасымыздан табылмайды. Бұл дұрыс емес!" - деп түсіндірді ол.

Жарнама
Жарнама

19 маусымда италиялық La7 телеарнасына берген сұхбатында Трамп Мелонидің Франциядағы G7 саммитінде бірге суретке түсу үшін оған "жалынғанын" айтқан болатын. Ақ үй басшысының сөзінше, ол оны аяғандықтан ғана келіскен.

Мелони бұл сөздерге дереу жауап қайтарды. Ол Instagram-дағы бейнеүндеуінде Трамптың мәлімдемесін "мүлдем ойдан шығарылған" деп атап, АҚШ президентінің "одақтастарына қатысты мұндай сөздерді қалайша айтатынына" түсінбейтінін жеткізді.

Италия Сыртқы істер министрі Антонио Таяни Америка көшбасшысының сөздері "бүкіл Италияны қорлайтынын" мәлімдеді. Наразылық ретінде ол АҚШ-қа жоспарланған сапарынан бас тартты.

Келесі күні, 20 маусымда Трамп италиялық көшбасшы өзінің рейтингін онымен достығы арқылы көтергісі келеді деп айыптап, Мелонимен текетіресті ушықтыра түсті. Премьер-министр өзінің Facebook парақшасында Трамптың соңғы жазбасына жауап беретінін және бұл тақырыпқа енді қайтып оралмайтынын жазды. Оның айтуынша, ол Батыстың бірлігіне әлі де сенімді және "бұл көрініс біздің міндеттерімізге сәйкес келмейді" деп есептейді.

"Президент Трамп, бұл үздіксіз әрі негізсіз шабуылдардың еш мәні жоқ. Менің танымалдылығыма келер болсақ, сенімен дос болу маған еш көмектескен жоқ, ол сенімен қарым-қатынасыма да байланысты емес. Менің танымалдылығым Италияның ұлттық мүдделерін қорғау қабілетіме байланысты, мен әрқашан осылай істеп келемін", - деп атап өтті Мелони.

Италия премьерінің айтуынша, ол Италиядағы америкалық әскери базаларға қатысты да дәл осылай әрекет еткен. Бұл базаларды пайдалану келісімдермен реттеледі, ал Италия бұл келісімдерді әрдайым сақтап келген. Ол өзі премьер-министр қызметінде болған кезде бұл келісімдер бұзылмайтынын мәлімдеді.

Бұл Италия мен АҚШ көшбасшылары арасындағы қарым-қатынастың жаңа шиеленісі болды. Бұған дейін көктемде Мелони мен Трамп Рим папасы Лев XIV-нің Таяу Шығыстағы бейбітшілік туралы бірнеше мәрте үндеуін АҚШ президентінің қатаң сынауына байланысты дауласып қалған еді.

Трамп бұған дейін де Италияны Иранға қарсы іс-қимылдар үшін әскери базаларын беруден бас тартқаны үшін сынаған болатын.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама