ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 23 шілде 2026 08:48
“Егер біз мұнай сатпасақ, ешкім де сатпайды“: Иран АҚШ-тың қоқан-лоқысына жауап берді
Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф егер Иранның мұнай сатуға мүмкіндігі болмаса, аймақтағы ешкімге мұнай сатуға рұқсат бермейтінін мәлімдеді. Ал Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи АҚШ тарапынан агрессия болған жағдайда батыл жауап қайтаруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Иран парламентінің спикері Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
"Біз мұнай сатпайтын аймақта ешкім де мұнай сатпайды. Егер біздің қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілмесе, бірде-бір инфрақұрылым нысаны қауіпсіз болмайды", - деп жазды Мохаммад Багер Галибаф.
Галибаф аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек АҚШ әскери күштері болмағанда ғана мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығысты шешудің негізгі шарты - осы.
"Бұл қақтығыстың теңдеуі "не бәрі, не ешкім!" деген ережеге тірелді", - деді Мохаммад Багер Галибаф.
Ислам Республикасына қарсы кез келген агрессия, соның ішінде оның инфрақұрылымына жасалған соққылар қатаң әрі қуатты соққымен жауап алады. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Дональд Трамптың сес көрсеткен мәлімдемелеріне түсініктеме бере отырып айтты.
"Біздің қорғаныс доктринамыз өте айқын: көзбе көз. Иранға қарсы кез келген агрессия, соның ішінде инфрақұрылымымызға жасалған шабуылдар, батыл, қуатты және шешуші жауапқа тап болады", - деп жазды Иран сыртқы саяси ведомствосының басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Аракчи АҚШ одақтастарына да ескерту жасады - ол Тегеран қақтығысқа қатысуы мүмкін кез келген тараптың іс-әрекетіне қатаң жауап беретінін баса айтты.
"Қандай да бір түрде осындай агрессияға қатысқан немесе оған қолдау көрсеткен кез келген тарапты біз заңды нысана ретінде қарастыратын боламыз", - деп көрсетті дипломат.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазында шабуылға ұшыраған әрбір кеме үшін ирандық көпір немесе электр станциясы жойылатынын мәлімдеген болатын. Бұған жауап ретінде Иран бүкіл аймақтағы инфрақұрылымдық және энергетикалық нысандарға соққы жасайтынын айтты.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу