Еуропалық парламент сәрсенбі күні ЕО аумағында қалуға заңды құқығы жоқ мигранттарды мәжбүрлі түрде қайтаруды жеделдетуге бағытталған заңды мақұлдады. Құжат орталықшыл оңшыл және оңшыл радикалды саяси топтардың қолдауымен қабылданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
"Қайтару туралы регламент" блоктың көші-қон саясатындағы кейінгі онжылдықтардағы ең қатаң бетбұрыс болды. Бұл құжат дау тудырып отыр, өйткені ол ЕО елдеріне одақтан тыс мемлекеттермен келісімдер негізінде "қайтару орталықтары" деп аталатын депортациялау орталықтарын құруға мүмкіндік береді.
Бұл орталықтар адамдар өз еліне қайтарылуын күтетін транзиттік бекет немесе мигранттарды ұзақ мерзімге орналастыру орны ретінде пайдаланылуы мүмкін, бұл ретте нақты мерзім белгіленбеуі немесе кейіннен жіберілетініне кепілдік берілмеуі ықтимал. Бұл шара тек ересектердің еріп жүруінсіз келген кәмелетке толмағандарға ғана қолданылмайды, ал балалы отбасылар мұндай орталықтарға ауыстырылуы мүмкін.
Заңды 418-і жақтаса, 218 қарсы дауыспен қабылданды, 30 адам қалыс қалды. Нәтижелер жарияланған соң заң жобасын қолдаушылар қол шапалақтады, ал оңшыл фракциялардың кейбір депутаттары заңсыз мигранттарды меңзеп, "оларды кері қайтарыңдар" деп ұрандатты.
Залдың қарама-қарсы жағындағы депутаттар бұған "ұяттарың қайда" деп айқайлап жауап берді. Дауыс беру нәтижесі парламентте көші-қон мәселелері бойынша орталықшыл оңшыл көпшіліктің қалыптасқанын растады.