Иран Әзербайжанға қарай дрон ұшырылғанын жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін Ираннан ұшырылған дрон Әзербайжан аумағына құлағаны хабарланды. Нахичеван қаласындағы әуежай аумағында дрон жарылған, салдарынан өрт шыққан. Кейбір БАҚ мәліметінше, терминал ғимараты зақымданған.
"Иран Ислам Республикасы барлық елдің, әсіресе, мұсылман және көрші мемлекеттердің егемендігін құрметтей отырып, Әзербайжан Республикасына Қарулы Күштер дрон ұшырғанын жоққа шығарады", - деп мәлімдеді Иран Қарулы Күштерінің Бас штабы.
Бас штаб бұған дейін де Израиль мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасқа іріткі салу үшін осындай әрекет жасағанын мәлімдеді.
"Жүргізілген тексеріс нәтижесінде мұндай әрекеттерді осы режим Иран Ислам Республикасын кінәлау мақсатында жасағаны анықталды", - деп толықтырды ведомство өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Иран Түркия бағытына баллистикалық зымыран ұшырғанын да жоққа шығарған еді.
"Ислам Республикасы Иранның Қарулы күштері көршілес әрі достас Түркия елінің егемендігін құрметтейді және оның аумағына қарай зымыран ұшырылды деген кез келген ақпаратты жоққа шығарады", - делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!