ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 15 шілде 2026 08:50
Иран бұдан былай АҚШ-пен бейбіт келісім жоқ екенін мәлімдеді
Иран мен АҚШ арасындағы "Исламабад" деп аталатын өзара түсіністік туралы меморандум бұдан былай күшінде емес. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.
Ирандық дипломаттың айтуынша, АҚШ өз міндеттемелерінің барлығын бұзып, Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды қайта бастады және "кесімді жауапқа" тап болды.
"Қазір біз АҚШ барлық міндеттемелерін бұзып, Иран Ислам Республикасына қарсы әскери және агрессивті әрекеттерді қайта бастаған жағдайда отырмыз. Сонымен қатар олар біздің айбынды қарулы күштеріміздің кесімді жауабына тап болды. Мұндай жағдайда Иран ешқандай міндеттемені сезініп отырған жоқ, өйткені, қарап тұрсаңыз, сөз қылатындай ешқандай меморандум қалған жоқ", - деді Гарибабади.
АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 18 маусымда қол қойылған болатын. Құжат барлық майдандағы әскери қимылдарды дереу әрі түпкілікті тоқтатуды және Ормуз бұғазын бұғаттаудан шығаруды қарастырған еді.
13 шілдеде The New York Times газеті АҚШ президенті Дональд Трамптың Конгреске Ирандағы соғыс қимылдарының қайта басталғаны туралы хабарлағанын жазды. 14 шілдеге қараған түні АҚШ Иранға қатарынан үшінші түн соққы жасады. CENTCOM мәліметінше, америкалық әскерилердің операциясы бес сағатқа созылып, Тегеранның Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін азайту мақсатында Иранның әскери инфрақұрылымына бағытталған.
БАӘ Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, сол түні ирандық қанатты зымырандар Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі танкерлерге шабуыл жасаған. Mombasa және Bahia кемелері Оманның аумақтық суларында зақымдалды.
14 шілде күні кешке АҚШ Қарулы күштері Иранға жаңа соққылар жасады. CENTCOM бұл соққылар Тегеранның Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін әлсірету үшін жасалып жатқанын хабарлады. Иран өз кезегінде АҚШ-тың Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы базаларына соққы жасады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу