Иран СІМ ресми өкілі Эсмаил Багаи Тегеран мен Вашингтон Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін ұйымдастыру үшін төтенше механизм құруға келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК басылымына сілтеме жасап.
Басылым өз материалында ирандық Tasnim агенттігінің ақпаратына сілтеме жасайды.
Багаидың айтуынша, келіссөздер барысында мұнай сатуға рұқсат беру және Иранның бұғатталған активтерін қайтару мәселелері де талқыланған.
Сонымен қатар ол Тегеранның АҚШ тарапының сес көрсету сипатындағы мәлімдемелеріне байланысты Швейцариядағы АҚШ-тың қатысуымен өтіп жатқан төртжақты кездесуді жалғастырудан бас тартқанын растады.
"Біз үшін өте ұзақ күн болды. Төртжақты кездесулер кезінде АҚШ тарапынан қорқыту мәлімдемелері жарияланды, соған байланысты Иран мұндай жағдайда келіссөздерді жалғастыруға дайын емес екенін білдірді", - деді сыртқы саяси ведомство өкілі.
Келіссөзшілердің жұмысы аяқталды, алайда техникалық топ 22 маусымда жұмысын жалғастырады, деп толықтырды ол. Келіссөздерден кейін 18 сағат өткен соң екі делдал - Катар мен Пәкістан - қол жеткізілген уағдаластықтардың негізгі тұстары қамтылған келісім форматындағы құжатты жариялайды.
Багаи сонымен бірге барлық майдандардағы, соның ішінде Ливандағы әскери қимылдар тоқтатылуы тиіс екенін еске салды.
Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи өз кезегінде X әлеуметтік желісінде Швейцарияның Бюргеншток қаласында өткен пікірталастар барысында Катар мен Пәкістанның арағайындығымен бірқатар мәселелер, соның ішінде мұнай экспорты мен Иран активтерін бұғаттан шығару бойынша келісімге келгенін хабарлады.
Қатар мен Пәкістанның бірлескен мәлімдемесінде де Иран мен АҚШ өзара түсіністік меморандумының ережелеріне сәйкес Ливандағы әскери қимылдардың тоқтатылуын қадағалау үшін делдалдардың қатысуымен "қақтығыстарды реттеу бөлімшесін" құруға уағдаласқаны айтылған, деп хабарлайды IRIB агенттігі.