Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Францияда өткен "Үлкен жетілік" саммиті аясында басқа көшбасшыларға осыдан бір ай бұрын темекіні тастағанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Европейская правда" басылымына сілтеме жасап.
G7 көшбасшыларының бейресми кездесуінің бейнежазбасын Euronews телеарнасы жариялады. Әңгімелесу барысында Мелони кофе ішкісі келетінін айтқан. Бұған жауап ретінде Германия канцлері Фридрих Мерц қалжыңдап, сусынмен бірге тағы бір темекі тартқысы келмей ме деп сұрады.
"Жоқ, мен тастадым", – деп жауап берді Италия премьері.
Бұған Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен "Бәрекелді!" деп дауыстап жіберді. Қатысып отырған басқа да көшбасшылар қолдау білдіріп жатты.
Италия үкіметінің басшысы темекіні бір ай бұрын тастағанын түсіндірді. Осыдан кейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштадан оның қашан темекі тастағанын сұрады.
"Мен 2005 жылы тастадым... Содан бері қайтып тартқан емеспін. 21 жыл бұрын", – деп жауап берді Кошта.
Былтыр қазан айында Газадағы бейбітшілік мәселелері жөніндегі саммитте Италия премьерінің зиянды әдеті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның қалжыңына арқау болған еді, деп еске салды басылым.
Сол жолы Мелони Түркия басшысының жағдайын сұрап, олардың ұшақтары Шарм-эль-Шейх әуежайына дерлік бір уақытта қонғанын атап өткен болатын. Бұған жауап ретінде Ердоған оның керемет көрінетінін айтып, оны темекіні тастауға "мәжбүрлеуі керек" екенін қосты. Сол сәтте Италия премьері оның пікірімен келісіп, күлген.