Камчатка жағалауында магнитудасы 7,2 болатын жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Агенттік материалда "Ресей ғылым академиясының Бірыңғай геофизикалық қызметі" федералды ғылыми-зерттеу орталығы филиалының ақпаратына сілтеме жасаған.
"Уақыты (UTC): 2025-09-18 18:58:17 (Астана уақытымен 23:58). Магнитуда: 7,2. Координаттары: 53.38, 159.92°. Тереңдігі: 123 шақырым", – делінген материалда.
Камчатка губернаторы Владимир Солодов түбектің шығыс жағалауында цунами қаупі бар екенін хабарлап, халыққа ескерту жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Барлық қызмет күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды.
АҚШ-тың Ұлттық мұхиттық және атмосфералық әкімшілігі (NOAA) де цунами қаупі туралы мәлімдеді.
"Жер сілкінісінің алдын ала параметрлеріне сәйкес... эпицентрден 1000 шақырым аумақтағы жағалауларда қауіпті цунами толқындары болуы ықтимал", – делінген цунами туралы ескерту орталығының бюллетенінде.
Еске салсақ, 30 шілдеде Камчаткада магнитудасы 8,8 болатын жер сілкінісі болған еді. АҚШ Геологиялық қызметінің ақпараты бойынша, ол аспаптық бақылау басталғаннан бергі ең қуатты жер сілкіністерінің ішінде алтыншы орында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!