Қырғызстанда атом электр станциясын (АЭС) салу қажеттілігіне қатысты референдум өтеді. Бұл туралы ел премьер-министрінің бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.
Қырғызстан билігі АЭС құрылысы бойынша "Росатом" мемлекеттік корпорациясымен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Амангелдиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде жобаны іске қосу емес, дайындық жұмыстары - қажетті инфрақұрылымды дамыту мен мамандарды оқыту мәселелері қарастырылып жатыр.
"Біз инфрақұрылым құру және кадрлар даярлау бойынша "Росатоммен" ынтымақтастықтамыз. Тек осыдан кейін ғана құрылыс мәселесін қарастыруға болады", - деді ол.
Амангелдиев түпкілікті шешім азаматтардың қатысуымен қабылданатынын баса айтты. Мәселені референдумға шығару жоспарланып отыр.
"Уақытпен бірге алға басамыз ба, жоқ па мұны халықпен ақылдаса отырып шешеміз", - деді шенеунік.
Қырғызстан үкіметі атом энергетикасын дамыту энергия тапшылығын шешудің негізгі жолдарының бірі болады деп есептейді. Амангелдиевтің сөзінше, экономикалық өсім қуат көздерін арттыруды талап етеді, ал атом энергетикасы тұрақты энергия көзі ретінде қарастырылып отыр.
Еске сала кетейік, Қазақстанда АЭС салу мәселесі референдумға шығарылып, ол 2024 жылғы 6 қазанда өткен болатын. Қорытынды нәтиже бойынша, 5 561 937 азамат, яғни сайлаушылардың 71,12 пайызы құрылысты қолдап дауыс берді.
Референдумда қазақстандықтар "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Жауаптың екі нұсқасы болды: "Иә, келісемін" және "Жоқ, келіспеймін".