Тоқмақ қаласында Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері марқұм криминалдық авторитет Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына тиесілі болуы мүмкін қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орынды тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
МҰҚК мәліметінше, жасырын орын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында анықталған. Бұл арсенал заңсыз мақсаттарда пайдалану үшін дайындалған болуы мүмкін деген болжам бар.
Жасырын орыннан не табылды?
Арнайы қызмет өкілдері жасырын орыннан түрлі қару мен оқ-дәрілерді тәркілеген. Олардың ішінде екі шолақ мылтық, екі мина, бір қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, граната, тротил, сондай-ақ бетперде, пышақтар, тұтандырғыштар мен әртүрлі калибрлі патрондар бар.
"Бұл арсеналдың аса ауыр қылмыстарды жасауға, соның ішінде республикадағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға арналған болуы әбден мүмкін. Ол үшін "оңтайлы сәттің" келуі күтілген", - делінген хабарламада.
Тәркіленген қару-жарақ сот-баллистикалық сараптамасына жіберілгені айтылды. Сонымен қатар, бұл арсеналдың бұрын болған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
Мән-жайы
Қамшы Көлбаев - 2023 жылдың 4 қазанында құқық қорғау органдарының ұстау операциясы кезінде мерт болған Қырғызстандағы танымал қылмыс әлемінің серкесі. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы және есірткі, қару-жарақ саудасы, сондай-ақ бопсалау мен рэкет сияқты түрлі қылмыстарға қатысымен белгілі болған.
Көлбаев қайтыс болғаннан кейін Қырғызстанның құқық қорғау органдары онымен байланысты қылмыстық топтардың әрекетін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.