“Моссадпен“ байланысы және үйқамақ: Махмуд Ахмадинежад NYT мақаласына жауап берді

“Моссадпен“ байланысы және үйқамақ: Махмуд Ахмадинежад NYT мақаласына жауап берді Фото: instagram.com/dolatebahar_com

Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежадтың кеңсесі The New York Times басылымындағы саясаткер үйқамақта отыр және Израиль барлау қызметімен жұмыс істеген деген ақпаратты жоққа шығарып, ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

The New York Times газеті не деп жазды?

Бұған дейін The New York Times өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Израильдің "Моссад" барлау қызметі Махмуд Ахмадинежадпен бірнеше жыл бойы құпия байланыста болғанын және Иранда билік ауысқан жағдайда оны өтпелі кезеңнің ықтимал көшбасшысы ретінде қарастырғанын хабарлады.

Жарнама
Жарнама

Басылымның мәліметінше, байланыстар 2022 жылы басталып, Иранның экс-президенті 2023 жылы Гватемалаға барғаннан кейін жанданған. Газеттің пайымдауынша, болжамды кездесулердің бірі 2024 жылы Будапештте өткен халықаралық конференция аясында ұйымдастырылған.

Сондай-ақ NYT ақпанда соғыс басталғаннан кейін Ахмадинежадты жасырын баспанаға апарып, кейін ол жерден кетіп қалғанын жазды. Газеттің хабарлауынша, Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеиді жерлеу рәсіміне келгеннен кейін бұрынғы президент үйқамаққа алынған.

Басылым ақпараты бойынша, Израильдің Иранда билікті ауыстыру жоспары ақыры іске аспаған.

Махмуд Ахмадинежад кеңсесінің мәлімдемесі

Бұған жауап ретінде Иранның экс-президентінің кеңсесі ресми мәлімдеме таратып, онда жарияланымды "мүлдем жалған" деп атады. Мәлімдемеде газеттің саяси шиеленіс пен әскери қатерлерді пайдаланып, ирандық қоғамда "іріткі салуға" тырысқаны айтылған.

Ахмадинежадтың кеңсесі бұрынғы президенттің үйқамақта отырғаны туралы ақпаратты да теріске шығарды.

"The New York Times басылымының голливудтық стильдегі тұжырымдары теріске шығаруға тұрмайды деп есептесек те, саяси жағдайларды, елдегі сезімтал ахуалды және жаулардың айла-шарғысына жол бермеу қажеттігін ескере отырып, кеңсе барлық мәлімдемені мүлдем жалған ретінде үзілді-кесілді жоққа шығарады", - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ кеңсе Ахмадинежадтың "әдеттегідей өз ісімен айналысып жатқанын және халыққа қызмет етіп жүргенін" мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Махмуд Ахмадинежад 2005-2013 жылдар аралығында Иран президенті қызметін атқарған болатын.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама