АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин бір жарым сағат телефон арқылы сөйлесті. Ресей көшбасшысы Жеңіс күніне - 9 мамырға орай бітім жариялауға дайын. Бұл туралы ресейлік БАҚ жазады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Трамп Путинге Украинадағы қақтығысты шешуге арналған мәміленің ауылы алыс емес екенін айтқан.
Ушаков Путиннің бітім жариялауға дайын екенін хабарлады.
"Трамп бұл бастаманы белсенді қолдап, бұл мереке Екінші дүниежүзілік соғыстағы нацизмді жеңген ортақ жеңісіміздің белгісі екенін атап өтті", - деді Кремль өкілі.
Ушаковтың сөзінше, президенттер еуропалықтар айтақтаған Владимир Зеленский қақтығысты созуға тырысып жатыр деген пікірге келіскен.
"(Путин - ред. ескертпесі) Киев Ресей аумағындағы тек азаматтық нысандарға шабуыл жасау арқылы ашық террорлық әдістерге жүгініп отырғанын тікелей айтты", - деп президент көмекшісінің сөзін келтіреді РИА Новости.
Сондай-ақ Путин Трампқа ресейлік әскерлер бастаманы өз қолында ұстап, Украина Қарулы күштерінің позицияларын ығыстырып жатқанын айтты. Ол арнайы әскери операцияның мақсаты қандай жағдайда да орындалатынын атап өтті. АҚШ лидері Украинадағы қақтығысты тоқтататын мәміле жақын екеніне сенеді, деп қосты Ушаков.
Путин Трампқа жасалған қастандыққа байланысты қолдау білдіріп, бұл қылмысты қатаң айыптады, деп жазады басылым.
Ресей президентімен болған әңгіме туралы Дональд Трамп Ақ үйде журналистерге айтып берді. Ол мұны "өте жақсы" деп атап, Украинадағы қақтығыс жуырда реттелетінін баса айтты.
"Ол (Владимир Путин - ред. ескертпесі) байыту мәселесіне қатысқысы келетінін айтты... Мен оған Украинамен соғысты тоқтатуға қатысқаныңызды қалайтын едім деп жауап бердім. Мен үшін бұл маңыздырақ болар еді, өйткені біз бұған қол жеткізгелі жатырмыз", - деді Трамп.
Ол сондай-ақ Путин Украинадағы соғысты аяқтайтын шешім тапқысы келетінін, бірақ оған кедергі жасалғанын мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, "Украина әскери тұрғыдан жеңіліс тапты, алайда бұл туралы "фейк БАҚ" жазбайды".
Кейінірек америкалық БАҚ Трамп Украинаның әскери жеңіліске ұшырағанын айтқанда Украинаны Иранмен шатастырып алғанын хабарлады: ол жойылған 159 кеме туралы статистика келтірген.
Бұған дейін Ресей президенті Украинамен 2026 жылдың 11 сәуірінен бастап бір жарым күнге пасхалық бітім жариялаған болатын, бірақ екі тарап та оның бұзылғанын мәлімдеді.