Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуге келісті. Бұл туралы Fox News эфирінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Рубионың айтуынша, Ресей мен Украина көшбасшыларының кездесуін АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Қазір америкалық тарап оны ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
"Егер бәрі сәтті өтсе, онда, келесі кездесу Путин, Трамп және Зеленскийдің басқосуы болады деп үміттенемін. Біз сол жерде келісімді түпкілікті бекітеміз деп ойлаймыз. Бұл бүгін талқыланды, оған қалай жету керек екені жайлы. Бірақ Путиннің: "Жақсы, мен Зеленскиймен кездесемін" дегенінің өзі үлкен іс. Мен олар ол бөлмеден ең жақсы достар болып шығады демеймін. Олар ол жерден бейбіт келісіммен шығады деп те айтпаймын. Бірақ бір-бірімен сөйлесе бастауының өзі маңызды деп ойлаймын. Бұл үш жарым жылдан бері болмаған нәрсе", – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Осы уақытта Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Зеленский мен Путиннің кездесу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіріп, оның тез арада болмайтынын аңғартты.
Лавров журналистерге: "Ресей Украина мәселесін реттеу бойынша ешқандай жұмыс формасынан – екіжақты да, үшжақты да – бас тартпайды, бірақ ең жоғарғы деңгейдегі тұлғалардың қатысуымен болатын кез келген кездесулерді аса мұқият дайындау қажет", – деді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!