ПОДЕЛИТЬСЯ
29 қараша 2021 | 16:02
Тбилисиде Саакашвилидің жақтастары мен полиция арасында қақтығыс болды
Бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің соты өтіп жатқан Тбилиси қалалық соты ғимараты маңында тәртіп сақшылары мен шерушілер арасында қақтығыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің соты өтіп жатқан Тбилиси қалалық соты ғимараты маңында тәртіп сақшылары мен шерушілер арасында қақтығыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Сот ғимараты маңындағы шиеленісті жағдай бірнеше демонстрант Саакашвили бейнеленген жалаулар мен плакаттарды желбіретіп, қоршау мен соттың күзет кабинасына көтерілгеннен кейін басталған. Полиция олардан қоршаудан түсуді өтінген, кейін қақтығыс басталған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары бірнеше рет бұрыш газ балонын қолданып, шерушілерді бірден қуып шыққан. Бұған жауап ретінде наразылыққа шыққандар тәртіп сақшыларына бөтелке лақтырған.
Кейін Саакашвилидің жақтастары сотқа іргелес даңғыл жолды жауып, нәтижесінде ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды. Полиция шерушілерді таратып, қозғалысты қалпына келтіруге тырысып жатыр.
Полицияға бағынбағаны үшін тәртіп сақшылары Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулаваны ұстаған.
Саакашвили қамауға алынғаннан бері сотқа алғаш рет қатысып отыр. Сотқа БАҚ өкілдерінің ішінде Грузияның бірінші арнасының журналистері мен операторлары ғана қатысады. Телекомпания мезгіл-мезгіл соттағы жаңалықтарды хабарлап отыр.
Судьялар Саакашвилиге су ішуге болатынын айтты, өйткені олар оның денсаулық жағдайын ескереді. Саясаткер оларға алғыс айтып, "жақсылықты бағалаймын" деп жауап берді. Сот басталар алдында қорғаушы тарап залда Грузияның әнұранын шырқап, судьялардың наразылығын тудырды.
"Прокуратура мен грузин әділетінің айыптауын мойындамаймын. Мен мұнда бұрыннан жазылған комедияның бір бөлігі болу үшін келген жоқпын", - деді саясаткер сотта.
"Әнұранды айтуға тыйым салғаны қалай? Өзім жасаған Грузияның әнұранына қазір дауласқым келмейді", - деп қосты ол.
Адвокаттар кездесуді телеарналар арқылы тікелей көрсетуді сұрады. Сонымен қатар, олар процесті Facebook-те тікелей эфирде көрсетті, судья олардан бұны тоқтатуды сұрады.
Саакашвили Грузияда 1 қазанда ұсталды. Бұған дейін Грузияда оны банкир Сандро Гиргвлианиді өлтірді, депутат Валерий Гелашвилиді ұрды деген айыптаулармен сырттай соттады. Бірінші оқиғада Саакашвили үш жылға, екінші жағдайда алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол 2007 жылғы 7 қарашадағы оппозициялық митингті тарату, "Имеди" телекомпаниясының бағдарламасы және мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсау туралы істермен айналысты деген күдікке ілінді, бұл істерді сот әлі де қарастырып жатыр.
Грузия билігі Саакашвилиді босатудан бас тартты. Премьер-министр Ираклий Гарибашвили экс-президент ұзақ уақыт түрмеде отыратынын, мерзімін өтейтінін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также